Индердегі тұзды көлде емдеу-сауықтыру туризмін дамытуға мүмкіндік мол – Президент
Индердегі тұзды көлде емдеу-сауықтыру туризмін дамытуға мүмкіндік мол – Президент
Фото: akorda.kz
541
оқылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына жұмыс сапары кезінде аймақтағы туризмді дамыту мәселесіне айрықша тоқталды.  Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. «Облыстағы туризмді дамыту – маңызды міндеттің бірі. Әрине, Атырау мұнайымен әйгілі. Бірақ мұнда туристердің қызығушылығын туғызатын басқа да рухани құндылықтар бар. Оны бүкіл Қазақстанның брендіне айналдыруға болады. Алдымен өлкенің тарихи-мәдени мұраларына айрықша мән беру қажет. Сарайшықты ел ішінде және шет мемлекеттерде дәріптеуімізге болады. «Орта ғасырлық Сарайшық» жобасын соңына дейін жеткізу керек. Сондай-ақ  арнайы визит-орталықты уақытылы іске қосу маңызды. Көне қаланың орнын туристік нысан ретінде дамытуға және оның танымалдығын арттыруға арналған тұжырымдама әзірлеу қажет. Бұл – бүкіл Қазақстанның туризм саласы үшін маңызды», – деді Президент. Сонымен қатар туризм саласын цифрландыру да өте маңызды. «Мәдени туризм саласын цифрландыруға баса мән берген жөн. Біз туристік нысандарымызды әлемдік стандартқа жақындата беруіміз керек. Бұл жақта экологиялық және танымдық туризмді дамытуға мол мүмкіндік бар. Қиғаш өзенінің бойында лотос гүлдері өсетінін, өкінішке қарай көбі біле бермейді. Бұл жер – лотостың ең қиыр солтүстіктегі мекені. Өзіміздің қызғалдақ сияқты лотос алқабын да танымал ету үшін нақты шаралар қабылдаған жөн. Осындай таңғажайып дүниелер туралы фильмдер түсіру қажет, оларды шетелде белсенді түрде дәріптеуіміз керек. Индердегі тұзды көлде емдеу-сауықтыру туризмін дамытуға мүмкіндік мол. Ол үшін тиісті мемлекеттік органдар көлдің мәртебесін айқындауға тиіс. Жалпы, Атырау мұнай мен газға ғана үміт артпай, туризм секілді болашағы зор салаларды дамытуы қажет. Ең бастысы, бастамаларды батыл қолға алу керек. Өңірдің туристік әлеуетін арттыру үшін Үкімет пен әкімдік жолдарды жөндеп, туристік нысандардың инженерлік коммуникациясын ретке келтіруге тиіс. Атырау облысын дамыту туралы менің пайымдарым – осындай. Бірқатар нақты тапсырма берілді. Оның бәрін мұқият ойластырып, уақытылы және сапалы орындау қажет. Жұмыс барысы менің тікелей бақылауымда болады, себебі бұл – облыс халқына өте қажет жұмыс. Оны соңына дейін атқарып шығуымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұған дейін Президент Жайық және Қиғаш өзендерінің тартылуы күрделі мәселе болып отырғанын айтқан болатын.