Ескерткіш қоя бергеннен гөрі, спорт пен медицина ғимаратын салу қажет – Тоқаев
Ескерткіш қоя бергеннен гөрі, спорт пен медицина ғимаратын салу қажет – Тоқаев
Фото: bort_01
830
оқылды
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына жұмыс сапарымен барды. Аймақтағы аяқсыз қалған мәселелерді көтерді. Жергілікті атқарушы мекемелерге тапсырма берді. Әсіресе, білім мен медицинаға көңіл бөлу керектігін атап өтті. «Осы орайда спорт инфрақұрылымын дамытып, оны барынша қолжетімді ету – маңызды міндеттің бірі. Өңірдегі көптеген спорт нысанына жөндеу жүргізу қажет. Сонымен бірге республикалық және халықаралық жарыстар өткізетін жаңа спорт кешендерін салу керек. Жалпы, көп шығынды талап етпейтін спорт түрлерін дамытқан жөн. Мысалы, шахмат, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, садақ ату, қазақша күрес, тағы басқа. Бұл қадам, ең алдымен, балаларымызды теріс әдеттен алыстатады және спорт залдарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді. Әкімдікке осы шаруаларды пысықтауды тапсырамын. Тағы бір айтайын дегенім, ескерткіштер қоя бергеннен гөрі, спорт және медицина нысандарын салуға баса назар аудару қажет. Бұл Атырау облысына ғана емес, бүкіл елімізге қатысты мәселе», – деді Президент. Бұған дейін Ақсақалдар кеңесінің жұмысын жандандыру мәселесін айтқан еді.