Шахтадағы жарылыс: алпауыт үшін адамның құны жоқ па?
Шахтадағы жарылыс: алпауыт үшін адамның құны жоқ па?
© коллаж: Әсел Балтақызы
754
оқылды
Былтыр қарашада Абай шахтасындағы апаттан алты әулет қара жамылған еді. Өткен бейсенбінің түнінде тағы бес шахтердің шаңырағы қайғылы жағдайға тап болды. Шахтинскінің іргесіндегі Ленин атындағы шахтада метан жарылды. Көз жұмған бесеуден бөлек, төрт адам ауруханада жатыр. Жалпы, аталған шахта іске қосылған 1964 жылдан бері 69 кенші қаза тапқан. Шамамен 800 метр тереңдікте газды дренажды ұңғымаларды бұрғылау кезінде кенет метан жайылып, жарылыс болды. Бұл уақытта жер астында 106 кенші жұмыс істеп жүріпті. Дабыл қағылған сәттен 101 адам шахтадан шығып үлгерген. Бесеуі оқиға ор­нын­да жан тапсырып, төртеуі жара­қат алды. Газды дренаждау скважи­насын бұрғылау кезінде ауаға метан газы тараған. Қайғылы оқиға елді аяғынан тік тұрғызды. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев қай­ғыға душар болған отбасыларға көңіл айту жеделхатын жолдады. Тиісінше, Үкімет басшысы Әлихан Сма­йылов Төтенше жағдайлар ми­нистрі Юрий Ильин жетекшілік ететін Үкіметтік комиссияны құруға пәрмен берді. Компанияның жеті шахтасы бір тәулікке тоқтатылды. Бүгінде марқұм болғандардың есімі белгілі. Жастары – отыз-қы­рықтың маңындағы жігіттер. Зардап шеккен төрт адам Қара­ғандыдағы Х.Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Газбен уланған бұлардың екеуі ба­сынан да жарақат алған. Аурухананың медициналық бөлімі директорының орынбасары Талғат Жүкен олардың жағдайлары ауыр екенін жеткізді. Сол күні кешке Төтенше жағдай­лар министрі Юрий Ильин мен об­лыс әкімі Жеңіс Қасымбек баспасөз мәслихатын өткізді. Осы жерде ай­мақ басшысы әкімдік тарапынан қажетті көмек жасалатынына уәде берді.
– Мақажанов ауруханасында жатқан зардап шеккендерге барлық медициналық көмек көрсетіледі. Қаза болғандардың отбасыларын да елеусіз қалдырмаймыз. Сонымен қатар компания Еңбек кодексі мен ұжымдық шарттың барлық талабын орындауға міндетті. Балаларының оқу ақысы, несие қарыздарынан бөлек, әр шахтердің отбасына он жыл­дық жалақы мөлшерінде мате­риалдық өтемақы төлеуі тиіс, – деді Жеңіс Қасымбек.
Юрий Ильин жарылыстан кейін өрт болғанын мәлімдеді.
– Қазір метан газы жайылып, салдарынан концентрациясы ша­мамен 5 пайызды құрайтын жарылыс болып, өрт шыққанын айта аламыз. Нақты қорытындыны комиссия береді, – деді министр.
Арнайы құрылған комиссия құ­рамына мемлекеттік органдармен қатар, тәуелсіз сарапшылар да жұ­мыл­дырылмақ. Сондай-ақ министр Ленин шах­тасында осы уақытқа дейін 69 адам көз жұмғанын айтты. 1978 жылғы алғашқы апатта – төрт, 1985 жылы – төрт, 1995 жылы – он үш, 1998 жылы – бір, 1999 жылы үш адам құр­бан болды. Ал ең көп кісі өлімі 2006 жылы тіркелді. 41 шахтер бақилыққа аттанды. Соңғы апат былтыр 13 қаң­тарда тіркелді. Метан жайылып, бір адам жантәсілім етіп, екі адам жа­рақат алды. Әйтсе де, министр өндірісті мүл­де тоқтату да мүмкін емесін тілге тиек етті.
«2006 жылы бұл шахтада 41 кенші көз жұмды. Шынымен, шахталарда көп адам қайтыс болғанын мойындау керек. Өйткені шахтер – өте қауіпті мамандық. Дегенмен көптеген адам нанынан айырылатындықтан, шах­таны мүлде тоқтату туралы мәселе көтеру қажеттігі жоқ», – деді ведом­ство басшысы.
Экология, геология және та­биғи ресурстар министрі Серікқали Бре­кешев компания басшылығы эко­логиялық талаптарды орын­дамаған жағдайда «Арселор Мит­тал Темір­тауға» қатысты қол­данылатынын хабарлады.
«Арселор Миттал Теміртау» ке­лесі жылға әлі рұқсат алған жоқ. Егер олар біздің талаптарымызбен ке­ліс­песе, олар келесі жылға эко­логиялық рұқсат ала алмайды. Ком­панияның өзі экология мәселелеріне көп көңіл бөледі. Біз оларға келесі жылға эко­логиялық рұқсат алу үшін белгілі бір талаптар қоямыз. Бұл талаптардың ең маңыздысы – шы­ғарындыларды азайту», – деді Се­рікқали Брекешев елорда тұрғын­дарымен кездесуде.
Экологиялық реттеу және ба­қылау комитетінің төрағасы Зуль­фихар Жолдасов аталған компанияға соңғы үш жылда экологиялық талап­тарды сақтамағаны үшін 3 млрд теңгеден астам айыппұл салынғанын хабарлады. Төтенше жағдайға байланысты «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Кө­мір департаментінің барлық сегіз шах­тасының жұмысы уақытша тоқ­татылды. Айтар болсақ, Қарағанды өңіріндегі көмір шахталарындағы апаттар көбіне метан газының ауа­мен араласуынан болады. Оның зардабы әдетте өте ауыр. Сонымен бірге кө­мір тозаңдарының да жары­лу қаупі бар. Әдетте қауіпсіздік техни­касы инженерлері көмір қа­баттарында жинала бастаған ме­танды арнайы құралдармен зерттеп, қажет кезінде сорғызып алу, жел­деткіш құралдар арқылы сыртқа шығарып жіберу тәрізді істер атқа­рылатынын айтады. Онсыз шахта­ның қауіпсіздігіне кепілдік беруге болмайды. Бірақ метанның қай қуысқа жиналғанын анықтау оңай болмаса керек. Сол себепті апатты бірден техногенді сипаттағы оқиға деп бағалауға бол­майды. Шахталар­да, жер қыртысын­да метанның жи­налуы табиғи құ­былыс саналады. Дегенмен селден, жер сілкінісі мен су тасқынынан, қар көшкінінен қор­ғану секілді тиісті шаралар шахтада да ұйымдастырылуы тиіс. Шахталардағы апаттарға, бірінші кезекте «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жауапты болары сөзсіз.
Білген адамға метан газы – пай­даның көзі. Қазақстанда көмір қыр­тыстарынан метан өндіру бойынша кешенді жоба әзірленген болатын. Бұл туралы бес жыл бұрын Энер­ге­тика министрі Қанат Бозымбаев жар салған еді. Білдей басқармалар да құ­рылды. Бірақ ақша шашу болға­ны­мен, пайдасы болар емес. Тек ме­тан­ның зардабын шегіп келеміз. Сол уа­қытта «Метанды электр энер­гия­сын өндіру үшін, тұрмыстық мақ­сат­тарда, автокөліктер үшін отын ре­тін­де, металлургия өнеркәсібінде және химия салаларында пайда­ла­нуға бо­лады. Көмір өндіру бары­сын­дағы жұ­мыстардың қауіпсіздігі бір­шама артып, қоршаған ортаға метан шыға­рындыларының кемуі есебінен эко­логиялық жағдай жақсарады», – деді. Жоқ, олай болмады. Жабулы қазан әлі жабулы тұр.

Қарағанды облысы