Есірткімен күрес екпінді жүргізілуде
Есірткімен күрес екпінді жүргізілуде
968
оқылды
Соңғы уақытта ақпарат ағыны есірткі саудасының түрленіп бара жат­қаны туралы жаңалықтарға толып барады. Оның салдары наша­қорлықтың күн өткен сайын жасарып, жас ұрпақтың синтетикалық есірткіге тәуелділігін тудыруда. Сондықтан құзырлы орган да қырағылық танытып, қауіпті қылмысқа қарсы күрес жүргізіп келеді. Мәселен, әр күн сайын есірткіге қатысты екі қылмыс тіркелетін елордада қулығына құрық бойламағандарың өзі құрықталып, әлеуметтік желіде син­тетиканың саудасын қыздырып жүргендер жауапкершілікке тарты­лып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында есірт­кінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың әл-ауқатына үлкен қауіп төндіретінін атап өткен болатын. «Есірткісіз қоғам құру – әрбір қазақстандықтың алдында тұрған міндет» екенін айтқан ол Үкімет алдына бірқатар міндет жүктеді. Бүгінде оған сәйкес шетелде өндірілген есірткінің әкелінуіне, олардың ел ішінде таралуы мен өндірілуіне жол бермеу, есірткіге тәуелділерді емдеу және оңалту шаралары көзделген. Сонымен қатар есірткі нарығындағы өзгерістерге жедел ден қою және заңнамалық деңгейде синтетикалық есірткінің жаңа түрлерін енгізу мақсатында бірқатар заңнамалық бастама жүзеге асы­рылуда. Атап айтсақ, аса қауіпті заттардың «қылмыстық» мөлшері 1 грамға дейін тө­мендетілді және оларды өткізу мақсаты бол­маса да заңсыз сақтағаны үшін қылмыс­тық жауапкершілік күшейтілді. Сондай-ақ прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттар­дың заңсыз айналымы үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейтін заң жобасы әзірленді. Бұл ғана емес, Мемлекет басшысының тіке­лей тапсырмасы бойынша есірткіні интернет арқылы таратқаны үшін қылмыстық жауап­кершілік те күшейтілді. Жарнамалаудың жолы кесілді Осы орайда елордада есірткіге қарсы күрес екпінді жүріп жатыр. Өйткені Пре­зидент атап өткендей, синтетикалық есірт­кілерді өндіру мен таратуға қарсы күрес жалпыұлттық сипатқа ие болуы тиіс. Астана қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының нашақорлықтың алдын алу және ведомствоаралық үйлестіру бөлімінің бастығы Сергей Ильиныхтың айтуынша, Полиция департаменті әкімдік­пен және прокуратурамен, сондай-ақ мем­лекеттік үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп нашақорлыққа қарсы іс-шаралар кешенін тұрақты негізде іске асырып келеді. – Өкінішке қарай, заңсыз есірткі ай­налымы өзектілігін жоғалтпай отыр. Есірткі сатушылардың арбау-алдауына ілініп жат­қандар көп. Соның ішінде ересектер де, жастар да есірткі саудасының көрігін қыз­дырып, өз өміріне балта шабуда. Оның үсті­не, жаһанданудың жаңашылдығы да заңсыз айналымның артуына жағдай жасап беріп жатқанын көріп отырмыз. Мысалы, цифр­лық технологиялардың дамуы есірткіні сату­дың қосымша арналарының артуына және оларды таратуда да жаңа әдістердің пайда болуына алып келуде. Сонымен қатар есірткі өндірушілер жаңа елітетін препараттарды белсенді түрде дамытуға күш жұмсай бас­тады. Заңсыз нарықтағы «дәстүрлі» апиын, кокаин және героинның өзі жолда қалды. Өйткені қазір есірткі саудасының көрігін қыздырып отырғандар зертханаларда ең заманауи технологияларды қолдана отырып жасалған белгісіз синтетиканы қолданысқа енгізіп жатыр. Сол үшін біздің қызметкерлер тоқтаусыз әрі жан-жақты жұмыс істеуде. Біздің негізгі назарымыз – есірткіні өткізу фактілерін анықтауға, оларды дайындауға, психотроптық заттарды, синтетикалық есірт­кілерді дайындау бойынша зертха­на­ларды анықтауға, тыйым салынған заттардың жарнамасын бақылау. Бұдан бөлек, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы заңсыз жарнама және есірткіні насихаттау­шылардың да жолын кесті. Алдын алу шараларына айрықша ден қойылады
Героин мен марихуана сияқты «дәстүр­лі» есірткілерді қара нарықтан шығарған са­­йын арзан әрі тез дайындалатын синте­тикалық есірткі өндірісі жанданып жатқан көрінеді. Ал есірткінің бұл түрін қолдану – жас ұрпақтың өмірі үшін орасан зор қауіп. «Себебі мұндай синтектикалық есірткіні қолданған жастарда есірткіге тәуелділік қаупі басым. Қазіргі синтетикалық заттар екінші қолданудан бастап тұрақты тәуел­ділікті тудыруы мүмкін. Оны қолданған адам­дарда психологиялық және физикалық тәуелділік бар. Физикалық тәуелділік – бір-екі аптадан кейін денені толық тазартқаннан кейін өтеді, бірақ психологиялық тәуелділік адам бойында мәңгі қалуы ықтимал. Егер есірткі тұтынудан кейін адам болмашы ғана нәрселерден де өзін бақытты сезінсе, «ғашықтықты» бастан кешіп немесе шоколад жеген соң да қуа­ныштан жүзі «балбұл жануға» себеп болады. Ал синтетиканың бір дозасы ғана өмірдің барлық қарапайым қуаныштарын «жалған бақытқа» сыйдырады. Бір сөзбен айтқанда, оны қолданған адам бәр сәтте бұл әлемнен өзін-өзі жоғалтады. Сол себепті есірткіге қарсы алдын алу ша­раларын тұрақты түрде жүргізу біз үшін ма­ңызды», – деп отыр Сергей Ильиных.
Жоспарға сәйкес, өңірлердегі крими­ногендік жағдайды тұрақтандыруға бағыт­талған мамандандырылған жедел алдын алу іс-шаралары тұрақты негізде жүргізіледі екен. Мысалы, соның бірі – «Қарасора–2022» жедел алдын алу шарасы. Биыл осы алдын алу шарасы елордада 1 маусым мен 31 қазан аралығында өткізілген болатын. Оның мақ­саты – есірткі және психотроптық заттар, синтетикалық есірткілерді өткізу мен сақтау фактілерін анықтауға, сондай-ақ есірткіні таратуға маманданған ұйымдасқан қылмыс­тық топтарды заңсыз өсіру, транзиттеу, жою фактілерінің жолын кесуге, жасырын есірткі зертханаларын анықтауға бағытталған. Бүгінде осы мақсатта ішкі істер органдары қызметкерлерінің арасынан мақсатты іс-шараларды өткізу үшін жедел топтар құ­рылды. Соның арқасында елордадағы есірткі дайындайтын бірнеше көлемді зертханалар мен есірткі заттарын аса ірі мөлшерде өткізу арналарының көзі жойылды.
– Тағы бір айта кетерім, соңғы жылдары есірткі саудасын жарнамалауға да жан-жақты жауапкершілік көзделеді. Мысалы, Қылмыстық Кодекстің 299-бабы 1-1-бөлім бойынша хабарландыруларды, мөрлерді, плакаттарды жапсырғаны, буклеттер мен парақшалар таратқаны үшін үш жылға дейін қылмыстық жауаптылық және бас бостан­дығынан айыру көзделген. Тек ағымдағы жылы есірткіні насихаттағаны үшін осындай 11 қылмыстық іс қозғалды, – дейді Сергей Сергеевич.
Сергей Жасөспірімдер де жауапкершілікке тартылады Қолданыстағы заңға сәйкес, есірткі қыл­мыстары кіретін ауыр және аса ауыр қылмыс­тар үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жас­тан басталады. Сонымен қатар бүгінде есірт­кіні, әсіресе қоғамдық орындарда қол­дану қылмыстық теріс қылық ретінде қарас­ты­рылады. Сондай-ақ ҚК-тің 296-бабы 1-бө­лімі бойынша «қоғамдық орындарда есірткі және психотроптық заттарды меди­циналық мақ­сатта қолданбау» негізінде 60 тәулікке дейін айыппұлдар мен қамауға алу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту қарас­тырылған.
Марихуана немесе героин сияқты апиын қатарындағы препараттар адам ағзасында бір айға жуық болуы мүмкін. Осылай деген Сергей Ильиных: «Егер осы кезеңде нашақор қамауға алынса және талдау оның есірткі заттарын қолданатынын көрсетсе, оны ешкім айыптай алмайды. Бірақ жергілікті жерде пайдалану фактісі тіркелген кезде, мысалы, адам тұрғын үйдің кіреберісінде инъекция жасады немесе саябақтағы дүкенде «арамшөп» шегіп, куәгерлердің немесе бейнекамералардың растауы болса, онда ол қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл әр адамның жеке ісі деп қаралмайды. Есірткімен байланысты іс-әрекет жеке адамның тәуелсіз таңдауы деп ойлау қате және жауапсыздық. Сұраныс болғанша ұсыныс болатынын түсіну маңызды. Сон­дықтан қазір өскелең ұрпақ арасында заңна­маны, сондай-ақ есірткіні қолдану мен та­ра­тудың салдарын нақты түсіндіре отырып, үлкен жұмыс жүргізілуде. Біздің бөлімше мектеп оқушыларына, олардың ата-ана­ларына үнемі семинарлар мен дәрістер өткізеді. Оқу орындарында есірткінің зияны туралы деректі және көркем фильмдер көрсетіледі, интерактивті сабақтар өткізіледі. Нашақорлықтың алдын алу жұмыстарына ҮЕҰ, еріктілер және 15-тен астам спорт ұйым­дары белсенді қатысады. Олармен бір­лесіп жыл басынан бері 200-ден астам алдын алу іс-шарасын өткіздік», – дейді. Сонымен қатар Астана қаласы ПД Есірт­кі қылмысына қарсы іс-қимыл басқар­ма­сының нашақорлықтың алдын алу және ведомствоаралық үйлестіру бөлімінің бас­тығы нашақорлыққа қарсы күреске азамат­тық қоғамның да айтарлықтай үлесі көп екенін жеткізді. Егер кез келген адам қо­ғамның жауапкершілігін сезініп, есірткіге қарсы күресті әркім өзінен бастаса, Мем­лекет басшысы артқан міндеттің орында­луына айтарлықтай септігін тигізуге болады. Сондай-ақ аптаның алты күні, тәуліктің 24 сағатында кезекшілікте кірпік қақпай қыз­мет ететін үш қызметкер ұдайы қырағылық көрсетеді. Бұл жедел іздестіру тобы, ол қыл­мыстық іздер бойынша тергеу жүргізеді. «Біздің бөлімшенің негізгі міндеті – есірткі зертханаларын, есірткі сататын ұйымдасқан топтарды анықтау. Қоңыраулар түскен кезде олар қылмыс орнына барады. Біз әрқашан адамдарды есірткі сату немесе тұтыну фактілерін анықтаған кезде «нөлдік төзім­ділікті» ұстануға шақырамыз. Біздің бөлім­шеде 716 393 сенім телефоны бар. Бұл нө­мірге немесе 102 қызметіне кез келген адам жасырын түрде қоңырау шалып, есірткі зат­тарын сату фактісі туралы хабарлай алады. Айта кету керек, егер кез келген аза­матта осындай фактілер болса, онда ол қылмыскерлерді ұстау және нақты шаралар қабылдау үшін бір минут уақытты бос жіберіп алмау үшін жоғарыда көрсетілген телефондарға дереу қоңырау шалу керек. Осы орайда қазір қала тұрғындары біздің бөлімшеге үлкен көмек көрсетуде», – дейді Сергей Ильиных.
Ұлтқа төнер қауіп
Есірткіге еліккендерді емдеу ісі де ерек­ше маңызды. Елордадағы есірткіге тәуелді жандарды емдеу орталықтарының жұмысы туралы айтқан Сергей Ильиных «Наша­қорларды емдеу мен оңалту жұмыс­тары да ұдайы назарда. Қазір қалада Психи­калық денсаулық орталығы жұмыс істейді. Ол жер­дегі емделушілерге тегін қызмет көр­сетіледі» деп отыр. Айтуынша, есірткіге тәуелді бол­ған адамдардың дені мемлекеттік медици­налық орындарға баруға қорқып, жеке кли­ника­лар­ды іздейді екен. Оның бас­ты се­бебі наша­қордың жақындары есірт­кі бо­йын­ша тіркеуге алынып, емделгені ертеңгі күні алдынан шыға ма деген қорқынышы ғана. Алайда Сергей Ильиных мемлекеттік Психикалық денсау­лық орталығында ано­нимді түрде ақылы бөлімге қаралуға болаты­нын айтады. Мем­лекеттік емдеу орталығын­дағы ақылы курс айына 250-300 мыңға шығады. Орталықта нағыз кәсіби мамандар қызмет көрсетеді. Сол үшін тәжірибелі нар­ко­логтар мен пси­хологтарға барған дұрыс. «Есіркіге тәуелді адам қалпына келіп, күн­делікті өмірге оралу үшін 3 ай керек. Орталық ЭКСПО аумағында орналасқан. Орталыққа келген емделу­шілерге емдеу курсын бастамас бұрын тәжі­рибелі психологтар мен нарко­логтар ол адам­дағы тәуелділікті анықтап алады. Яғни, есірткіге тәуелділіктің себеп-салдарын анық­тап алғаннан кейін ғана қалыпты өмір­ге бейімдейді. Себебі тәуелді адамдардың уақытылы ем алып, қалыпты жүруі үшін қандай себептерге байланысты тәуелділікке түскенін анықтап жеке жұмыс істеу маңызды. Олар есірткіге тәуелді адам қолдануы тиіс дәрі-дәрмекті жазып беріп, бағыт-бағдарды дұрыс таңдауға көмектеседі», – дейді ол.
Нарколог мамандардың айтуынша, соңғы жылдары оңалту орталықтарында ем алушылардың арасында аяқтан тұрып, қалыпты өмірге оралғандардың қарасы көп. Оған қоса, орталықта алмастыру терапиясын алып жүрген науқастар да бар. Олардың көбісі бірнеше жылдан бері бақылауда. Метадон әдісіне көшкендер арасында да күн­делікті тәртіпке бойұсынып, біразы жұ­мысқа тұрып, қалыпты өмірге араласа бас­тапты. Орталық мамандарының алдына алғаш келгенде ата-аналары есірткі қабылдау үшін үйден ақша ұрлап, есіл-дерті есірткі болғанын айтып жылайтын ата-аналар да орталық қызметіне алғыстарын ғана айтып отыр. Бүгінде емдеу курсынан кейін табыс тауып, отбасына оралғандармен қатар, та­ңертең емін қабылдап, ары қарай күнделікті жұмысын істеп жүргендердің де алдарына қойған мақсаты бар. Ең бастысы, түзелуге жоспар қойған. Бұл «нашақорлықтан емде­ліп шығу қиын» дейтін қасаң түсінікті жоққа шығарады. Керісінше, орталықта нашақор­лықтан айығып, отбасын құрып, бақытты өмір сүріп жатқандардың артқаны өзгелерге ой салса дейсің. Осы орайда бас қалада «Есірткіге жол жоқ!», «Біз баламамыз», «Есірткіге нөлдік төзімділік» атты іс-шаралар да аталып өтіп, қоғамдық орындарда да өскелең ұрпақтың өміріне балта шабатын нашақорлықтың алдын алуда бірлесе жұмыс істеу керектігі туралы түсіндірме жұмыстары тұрақты негізде жүргізіледі.