Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев ТМД-ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық ассамблеясы байқаушылар миссиясының өкілдерімен кездесті.
Кездесуді ашқан Мәулен Әшімбаев парламентшілерге Қазақстан Президентінің сайлауын бақылауға қатысқаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ палата Спикері еліміз халықаралық байқаушылардың сайлауға қатысуына үлкен мән беретінін және объективті мониторинг үшін барлық қажетті жағдай жасалғанын атап өтті.
Сенат Төрағасы сайлауды толығымен ұлттық заңнамаға және осы саладағы халықаралық стандарттарға сәйкес өткізу үшін қажетті шаралар қабылданғанын да тілге тиек етті. Барлық кандидат үшін сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге тең жағдай жасалғаны да назардан тыс қалған жоқ.
Сонымен қатар Сенат Спикері Парламенттің елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бағытындағы жұмысына тоқталды. Адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайтуға, билік тармақтары мен орталық пен аймақтар арасындағы өкілеттіктер мен жауапкершіліктің тепе-теңдігін қамтамасыз етуге арналған жақында қабылданған конституциялық заңдар туралы да сөз болды.
«Қабылданған конституциялық заңдар азаматтарымыздың сұраныстары мен мүдделеріне сай келетін жаңа саяси модель қалыптастыруға септігін тигізеді деп сенеміз. Жаңа нормалар азаматтардың мемлекеттік және саяси институттарға деген сенімін нығайтуға да ықпал етеді. Алдағы Президент сайлауы қазақстандықтарды демократиялық трансформация мен реформалар идеясы төңірегінде біріктіре түседі деп үміттенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Өз кезегінде ТМД ПАА байқаушылар миссиясының координаторы Дилрабо Мансури сайлау процесінің жалпыға бірдей қабылданған демократиялық стандарттарға сәйкес жоғары деңгейін атап өтті. ТМД ПАА парламентшілері сенаторларға көп жылғы өзара іс-қимыл үшін алғысын білдіріп, парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін де жеткізді.