Учаскелік дәрігерлер мен медбикелерде ұлы той
Учаскелік дәрігерлер мен медбикелерде ұлы той
975
оқылды
Бүгінде учаскелік терапевттер мен медбикелерде ұлан-асыр той. Енді олар жаяу жүрмейтін болды. Себебі елордалық емханаларға 50 жаңа көлік табыс етілді. Бұдан былай дәрігерлерді науқастардың үйіне арнайы көліктермен жеткізетін болды. Мұндай көмекті үйінде ауырып қалған кез келген науқас шақырта алады. Дәрігерлердің қуанышты жаңалығымен бөлісуге қалалық мәслихаттың хатшысы Ерлан Қаналимов келді. Оның айтуынша, медицина саласын дамытудың кешенді жоспары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. «Бұл күн – қаланың денсаулық сақтау саласындағы тарихи кезең. Себебі, осы мәселені біздің депутаттар көптен бері көтеріп келеді. Сондағы мақсат – емханалардың материалдық базасын нығайту, жұмыс істеуге қолайлы жағдай туғызу, сапалы медициналық көмек көрсету үшін дәрігерлерді барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету. Соның ішінде дәрігерлер мен медбикелердің шақыртудағы жұмысын оңтайландыру үшін  жеңіл көліктер бөлінді», – дейді қалалық мәслихаттың хатшысы Ерлан Қаналимов. медбике Негізі учаскелік дәрігерлер күніге 15, тіпті одан да көп науқастардан шақырту алады. Әсіресе, пандемия кезеңі мұндай көліктерге қажеттілігі қатты байқалды. Нәтижесінде, жылжымалы бригадаларды тасымалдауға жеңіл көліктер алынды. Осының бәрі дәрігерлердің кәсіби міндеттерін тиісті деңгейде және уақтылы орындау мақсатында жасалып жатқан дүние. – Медицина қазір мобильді болуы тиіс. Әуелі халық үшін барлық жағдай жасалып және жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызылған. Біздің емханалар қазір жедел жәрдем шақыртуларының төртінші санатын орындауда. Ең алдымен, тұрғындарға және медицина қызметкерлеріне ыңғайлы болу үшін әкімдік пен мәслихаттың қолдауының арқасында осындай керемет жоба жүзеге асырылды, – деді Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов. Әкімдік тарапынан қолдау тауып, осындай игілікті істің ұласатынына Астана қаласы мәслихатының депутаты Алтыншаш Табулдина сенім білдірді. медбике – Бұл – бүкіл ел үшін қуанышты жаңалық. Себебі, қазір дәрігерлерге ғана емес, медбикелер мен әлеуметтік қызметкерлерге сапалы жұмыс істеуіне барынша жағдай жасалып жатыр. Енді олар халыққа, яғни жергілікті тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсете алады. Байқасаңыздар, соңғы кездері елордада медициналық көмектің сапасы айтарлықтай артты. Тек соңғы үш жылда Астананың емдеу мекемелеріне үш мың арнайы техника берілді, – дейді №5 емхананың бас дәрігері, Астана қаласы мәслихатының депутаты Алтыншаш Табулдина. Міне, осыдан-ақ жергілікті әкімдіктің сөзі мен ісі бір жерден шықты деуге болады. Өйткені әкімдіктің басты мақсаты – медициналық көмектің сапасын арттыру. «Дәрігер үйіңізге келді» (Доктор у дома) деген мекеменің соңғы бірнеше жылда 40-қа жуығы ашылды. Оның жетеуі жер үйлердің арасында орналасқан. Бірқатар медициналық мекемелер күрделі жөндеуден өтсе, қосымша тағы 4 денсаулық мекемесі салынып жатыр. Расымен, елордалық емханалардың жағдайы қазір жақсара түскен. Қайсысына барсаңыз да іші кең, жөндеуден өткен, жабдықтары жаңарғанын байқауға болады. Бұл тек бастамасы ғана.  Ел қамы үшін жасалған игілікті істің ерте кеші жоқ.