Біз адам емеспіз бе? – Атырауда санитарлар көтерілді
Біз адам емеспіз бе? – Атырауда санитарлар көтерілді
769
оқылды
Атыраудағы "Нұрсая" ықшамауданындағы жұқпалы аурулар ауруханасының 40 шақты санитар қызметкерлері үш айдан бері өздеріне тиесілі төлемдерді ала алмай жүр. Осы себепті олар аурухана ғимаратының алдына митингіге шықты. Орынжайларды тазалауға және науқастарға гигиеналық күтім жасауға қатысатын «кіші медицина қызметкерлерінің» рөлі дәрігерлер мен медбикелердің жұмысынан түспейтінін түсіну керек. Соңғы үш айда бұл әйелдерге сақтандыру және «зейнетақы жарнасы» аударылмаған, соның кесірінен олардың көпшілігі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатыса алмаған.
"Қызым І топ мүгедегі. Мен «Отбасы банкінде» баспана кезегінде тұрмын. Жақында «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша конкурс болып, зейнетақы жарнам түспегендіктен, өтпей қалдым. Ал жалақымыз небәрі 100 мың", – дейді №2 облыстық аурухана қызметкері Айжан САҒЫНДЫҚОВА. "Жұмысымыз ауыр, науқастар таңға дейін түсіп жатады. Осы мәселені қозғағанымыз үшін бізге қысым жасалды. Бізге адал еңбегімізді төлесін. Осындай жұмысты өздерің таңдадыңдар деп, бізді жазғырып, кемсітеді. Ал біз адам емеспіз бе?" – дейді санитар Қарлығаш САҚТАҒАНОВА.
Аурухана басшылығы ешқандай «қысым» болмағанын алға тартқанымен, төлемдердің кешіккенін мойындап отыр. Өйткені мекеменің әлдебір компанияға 90 миллион теңге қарызы бар екен. "Біз ешбір қызметкерімізді қудалап, қысым жасаған емеспіз. Барлық қызметкер бізде қаржылық қиындықтар бар екенін біледі. Бізге түсетін қаражат тек жалақыға ғана жетеді, өкінішке қарай  зейнетақы мен басқа да жарналарға жетпейді",  – дейді №2 облыстық аурухана директорының м.а. Надия ЕРҒАЛИЕВА митингтен кейін өткен жиында. Ал облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қайсар АБДАЛИЕВ арнайы комиссия құрылып, есеп-аудит жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мен Надя Ерғалиева бұл мәселе жыл соңына дейін шешіледі деп уәде берді. Айта кету керек, жұқпалы аурулар ауруханасына жыл сайын қазынадан 1 миллиард 100 миллион теңге бөлінеді. Бірақ бұл қаражат жеткіліксіз. Мекеме басшылығы мұндай жағдайдың алдын алу үшін бюджетті қайта қарап, оны 2 миллиард теңгеге жеткізу керегін айтады.