Алматылық дәрігер инсульт алмаудың жолдарын айтты
Алматылық дәрігер инсульт алмаудың жолдарын айтты
1,006
оқылды
Инсульт - халық арасында өлім-жітім мен мүгедектікке әкелетін негізгі себептердің бірі. Бұл туралы Алматы қалалық №11 емхананың кардиолог-дәрігері Пархат Тұрсынов  айтты. Дәрігердің айтуынша, инсульт - қан тамырларының бітелуі немесе жарылуынан туындайтын мидағы қан айналымының бұзылуы. Оның екі түрі болады: тамырдың тромбпен бітелуінен болатын бас-ми инфаркті және қан қысымының жоғарылауы немесе мидың туа біткен (не жүре пайда болған) аномалиялары салдарынан тамырдың жарылуынан қан кету.
«Ишемиялық инсульт, яғни церебральды (бас-ми) инфаркт кезінде симптомдар бірте-бірте дамиды. Яғни, науқастың аяқ, қолы  жансыздануы, бетінің бұрмалануын сезінеді, сөйлеуі қиындайды. Сондықтан осы симптомдар басталған сәттен бастап, яғни алғашқы 4,5 сағатта науқасқа тромболитикалық терапия жүргізіледі. Оның  арқасында тромб жойылып, науқастың толық қалпына келу мүмкіндігі жоғары болады. Егер осы уақытта ем жасалмаса, онда бір күннен соң мида өзгерістер болып, мүгедектікке әкеледі», - деді Пархат Тұрсынов.
Ол алғашқы және қайталама профилактика, халыққа түсіндіру жұмыстары - инсультпен күресудің тиімді медициналық әдісі екенін айтты.
«Инсульттің басты себептері -  артериялық гипертензия, ми тамырларының атеросклерозы, жүрек ырғағының бұзылуы, қант диабеті. Сондықтан емханада қан қысымы, глюкоза, холестерин өлшенетін скринингтік тексеруден, инсультке әкелуі мүмкін артериялық стенозды анықтау үшін  брахиоцефалиялық ультрадыбыстық зерттеуден өтіп тұру керек», - деді дәрігер.
Инсультті болдырмау үшін дәрігер салауатты  өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, жаман әдеттен арылуға және дәрігердің барлық ұсыныстарын орындауға кеңес берді.
«Инсульт қан айналымы жүйесінің аурулары санатына кіреді. Ол бақылануы тиіс, яғни  науқаста артериялық гипертензия болса, онда ол өмір бойы дәрі қабылдап, скринингтен өтіп отыруы қажет. Науқас өз денсаулығына өте мұқият қарау керек, күнделікті қан қысымын өлшеген жөн. Бізде осындай ауруларға шалдыққан, дәрігердің барлық нұсқауын орындап, 80 жастан асып бірінші рет инсульт алған науқастар бар. Сондай-ақ артериялық гипертониямен ауыратын, дәрі қабылдамайтын, салауатты өмір салтын ұстанбайтын, дене салмағы жоғары, стресс алған жастар бар. Бұл өз кезегінде инсультке әкелуі мүмкін», - деді дәрігер.
Пархат Тұрсынов емханада дәрігерлер тұрақты түрде инсульт алған, қауіп тобындағы науқастармен, олардың туыстарымен әңгімелесетінін атап өтті. Онда арнайы дайындалған медицина қызметкерлері адамның өмір сүру сапасы төмендеп кетпеуі үшін қалай өмір сүріп, дәріні қалай қабылдау керек екенін түсіндіреді.