Халық үніне құлақ асып келеді
Халық үніне құлақ асып келеді
642
оқылды
Қоғамдық қабылдау қызметі «AМANAT» партиясы жұмысының бас­ты әрі жауапты бағыттарының бі­ріне жатады. Қазір партияның бар­лық филиалында қоғамдық қа­был­дау бөлмелерінің жұмысы жолға қойы­лып, ол билік пен бұқара ара­сында толығымен берік бай­ла­ныс­тың алаңына айналды. Шалғай аудан тұрғындарымен кездесті Осы орайда «AMANAT» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөл­месі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржанов Жамбыл облысында жұмыс сапармен болып, Шу мен Мойынқұм ау­дан­дарында мобильді қоғамдық қабыл­даулар өткізді. Партия өкілі ең әуелі Шу ауданындағы Д.Қонаев ауылына ат басын бұрып, бұқараның өтініш-тілегіне құлақ түрді. Егін шаруашылығымен айналысатын тұрғындар Азамат Біржановтан ағын су мәселесін шешіп беруге ықпал етуін өтінді. Сондай-ақ бұл ауылға теміржол көпірі де қажет. Бұл мәселені тұрғындардың көтеріп келе жатқанына талай жылдың жүзі бол­ған. Сонда да болса оның шешілер түрі кө­рін­бейді. Сондықтан олар аудан орталы­ғына барарда болат жол бойындағы өткелде жолаушылар немесе жүк пойыздарының өтуін тосып тұруға мәжбүр.
– Д.Қонаев ауылы аудан орталығына алыс емес. Сондықтан негізгі жұмысымыз ор­талықпен тікелей байланысты. Ауыл маңын­дағы теміржолмен минут сайын жо­лау­шылар және жүк пойыздары қатынайды. Содан олардың өтіп кеткенін күтіп тұрып қа­ламыз. Нәтижесінде, сағаттап уақыт жо­ғалтып, жұмысқа кешігетін кезіміз көп, – дейді ауыл тұрғыны Сәрсенбек Бақтияров.
Бұл мәселені шешуге жергілікті билік­тің пәрмені жетпейтіні анық. Сондықтан түйткілдің түйінін тарқатуды республика деңгейінде қарау қажет. «AMANAT» пар­тиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары осыны тұрғынға жіті түсіндірді.
– «AMANAT» партиясы қазір үлкен жұмыс атқарып жатыр. Ауыл-аймақтарға барып тұрғындардың мәселелеріне құлақ салып, оларды жергілікті билікпен шешу жолдарын қарастыруда. Осыған дейін тү­зілген сараптамаға сүйенсек, қоғамдық қа­былдауға келген қала тұрғындары жеке мә­селелерді ғана көтерген. Ал ауыл тұр­ғын­дары жүйелі, шешілуі тиіс түйткілдерді ор­таға салады. Осыны ескерген респуб­ли­калық қоғамдық қабылдау бөлмесі ауыл­дарда мобильді қоғамдық қабылдаулар өт­кізуде. Мәселен, Шу ауданындағы Д.Қонаев ауылында теміржол өткелі рес­публика деңгейінде шешілуі тиіс. Оны біз алдағы уақытта тиісті органдарға жеткізетін боламыз. Ал қалған мәселелер облыс, аудан көлемінде шешімін табады, – деді Азамат Біржанов.
Мобильді қоғамдық қабылдау келесі кезекте облыс орталығынан шалғай ор­наласқан Мойынқұм ауданының Жамбыл ауылына ат басын бұрды. Қоғамдық қа­былдау барысында Азамат Біржанов пен облыс әкімдігі басқармалардың басшы­лары түрлі өтінішпен хабарласқан халыққа тұшымды кеңестер берді. Оның ішінде тұрақты жұмысқа орналасу, портал арқылы ем қабылдау бойынша нақты жауаптар алды. Сонымен қатар қоғамдық жұмыс уақытын 6 айдан 1 жылға дейін ұзарту бо­йынша ұсыныс та қолдау тапты.
 – Жасыратыны жоқ, жас келген соң аурушаң болып қалады екенсің. Бас ауы­рып, балтыр сыздаған сәтте ауруханаға жа­тып ем алғың келеді. Әрине, бір зей­нетақыға қарап отырған соң портал ар­қылы тегін ем-дом қабылдау тиімді. Алай­да медициналық көмекке облыс орталығы түгілі аудан орталығына бару оңайға соқ­пайды. Қоғамдық қабылдау барысында об­лыстық Денсаулық сақтау басқарма­сының басшылығынан керекті кеңестер алдым. Бұдан өзге, ауыл маңындағы ка­нал­дың да жайын әкімдікке жеткізуге мүм­кіндік туды, – дейді Жамбыл ауылы­ның тұрғыны Медетбай Бағдатов.
Талап-тілектің 55 пайызын қанағаттандырды Жалпы, партияның қоғамдық қабыл­дауының ең басты мақсаты – өтініштерімен келген барлық азаматпен тікелей кездесіп, сұхбаттасып, олардың мұң-мұқтажы мен толғандыратын әлеуметтік мәселелерін зерделеу. Сонымен қатар партия филиал­дары азаматтардан өтініш түскеннен бас­тап, түпкілікті шешімін тапқанға дейін жіті бақылайтын болады. Мәселен, биыл партияның Жамбыл об­лыстық филиалының қоғамдық қабыл­дау бөлмелеріне 3 524 өтініш түсіп, оның 55 пайызы оң шешімін тапқан. Қалған 1 579 өтініш бойынша түсініктеме беріліп, 5 өтініш бақылауда тұр екен. Жалпы, келіп түскен арыз-өтініштің 1 868-і әлеуметтік көмекке қатысты болса, 388-і тұрғын үй-коммуналдық мәселелер төңірегінде. 211 азамат баспана мен жер сұрай келсе, 141 тұрғын жұмысқа орналасу, заңсыз жұмыстан шығару және еңбекақы өндіру мәселесімен қайырылған. 247 адам денсаулық сақтау саласына қатысты арыз-өтінішін жолдаса, қалған 669 өтініш әр­түрлі мәселе бойынша түскен. Биыл кестеге сәйкес 41 ауылдық округ­те мобильді қоғамдық қабылдау жүргізілді. Көшпелі қабылдауларда 99 елді мекеннің тұрғыны көкейінде жүрген өзекті мәселе­лерді көтеруге мүмкіндік алды. Қабылдауға 607 адам келіп, оның 211-нің өтініші қана­ғаттандырылған. Арыз-өтініштердің басым бөлігін тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеу­меттік, тұрғын үймен қамту, жер телімдерін беру және кәсіпкерлік саласына қатысты мәселелер құраған. Облыстық мобильді топ мүшелерінен бөлек аудандық мобильді топ мүшелері де 80 округтің 193 елді мекенінде қабылдаулар өткізген. Қабылдау кезінде 3 413 адам келіп, 1 548 өтініш түскен. Олардың басым бөлігі оң шешілген. Жергілікті атқарушы органдармен бір­лесе отырып, ауыл тұрғындарының өті­нішінің орындалуы бойынша да нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылдың 10 айында 1 161 қабылдау өткізіліп, онда 3 164 адам қабылданған. Оның ішінде Парламент Мәжілісінің депутаттары, партия аймақтық және аумақтық филиал төрағалары, әкім­дер мен олардың орынбасарлары, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, жер­гі­лікті мемлекеттік орган басшылары, пар­тия филиалдарының бірінші орынбасар­лары, құқық қорғау органдары мен заң­гер­лер, медиаторлар, нотариустар жүргізген қоғамдық қабылдаулардың оң септігі тиген. Бұдан бөлек, мемлекеттік орган өкіл­дері 93 тақырыптық және көшпелі қа­былдау өткізіп, онда 549 адамның өтініші тыңдалған. 3 524 өтініштің 22 пайызы онлайн үлгіде түскен. Негізінен, партияның WhatsАpp және Telegram, Call-орталығы, филиалдардың жедел және әлеуметтік желілері, партияның сайты, электронды поштасы мен eGov порталы үздіксіз қыз­мет көрсетуде. Міне, осындай жүйелі жұмыстардың арқасында халықтың партияға деген сенімі артқан. Мәселен, партия облыстық фи­лиалы Қошқарата ауылдық округінде көш­пелі қоғамдық қабылдау өткізіп, Ақтасты ауылының тұрғындары ауылдарында орна­ласқан бастауыш мектептің тозығы жет­кенін, жылыту жүйесі нашар болғандықтан, бөлмелер көмір арқылы жылытылатынын жеткізген. Аталған мәселені назарға алған пар­тия атынан сайланған халық қалаулы­лары Ақтасты ауылының балалары жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастауына күш салған. Қазір оқушылар заманауи әрі жылы оқу орнында білім алуда. Бұдан бөлек, Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Қоңыртөбе, Тасбастау, Кәріқорған елді мекендерінде тәуелсіздік алған жылдардан бері ауызсу мәселесі шешімін таппай келген. Осы мәселені қо­ғамдық қабылдауда көтерген тұрғандардың өтініші қанағаттандырылып, қазір халық орталықтандырылған сапалы ауызсу тұтынып отыр. Ал Тасбастау мен Кәріқорған ауыл­дарының тұрғындары сапалы мобильді интер­нетке қол жеткізе алмай келсе, қазір Beeline мобильді операторының 4G ин­тернет желісі тартылып, бұқара қуанышқа кенелуде. Қошқарата ауылдық округінің тұрғын­дары елді мекенде жел тұрып, жауын жауса жиі жарық сөнетінін, жарық бағанала­рының ұзақ жылдан бері ауыспағанын және әбден тозығы жеткенін қоғамдық қабылдауға өзекті етіп көтерген. Қазір округте 110 жарық бағанасын ауыстыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Міне, бұл аудандарда шешімін тапқан мәселелер. Бұдан бөлек, қоғамдық қабыл­дауларға жеке мәселесімен қайырыл­ған­дардың да түйткілдерінің түйіні тарқатылып келеді. Мәселен, Хамзат Тоқсанбаева есімді Жуалы ауданының тұрғыны анасына І топтағы мүгедектікті ала алмай жүргенін айтса, партия пәрменімен бұл мәселе ше­шімін тауып, кейуанаға І топтағы мүге­дектік тағайындалған. Айнұр Садыбаева есімді Байзақ ауда­нының тумасы болса, Мырзатай ауы­лындағы медициналық амбулаторияға жұ­мыс­қа тұру үшін қақпаған есігі, бар­маған жері қалмағаннан кейін партиядан көмек сұрап келген. Өтініш иесінің мәселесіне зер салған партия мүшелері Айнұрды меди­циналық амбулаторияға медбике болып тұрақты жұмысқа тұруына ықпал еткен. Құралай Серікқызы есімді тұрғын қо­ғамдық қабылдауға жергілікті мекен­жайлары бойынша қоғам көлік тоқтайтын аялдама жоғын айта келсе, зерделеуден кейін «Қайнар» иіні бойынша бірнеше жаңа аялдама қойылған. Сая Бердібек анасы қайтыс болғаннан кейін соңынан ерген қызын қамқорлыққа алу бойынша құжаттарды рәсімдеуде түрлі қиындыққа тап болып келген. Құзырлы ор­гандардың дұрыс бағыт-бағдар бер­меуінің салдарынан өтініш иесі табанынан таусылған. Аталған жағдай партияның тікелей араласуымен оң шешімін тауып, қазір Саяның сіңлісі әпкесінің заңды қамқорлығында. Партия осы сияқты әлеуметтік мәсе­ле­лерді көтеріп, тұрақты жұмыс сұрай кел­ген тұрғындардың бетін қақпаған. Керісінше, қолдан келген демеуін аямай, оң шешім табуына ықпал еткен. Осының арқасында бүгінде халықтың партияға деген сенімі еселеп артуда. Бұл еліміздің жетекші партиясының әрдайым бұқарамен бірге екенін айғақтап тұрғаны анық.

Жамбыл облысы