– Д.Қонаев ауылы аудан орталығына алыс емес. Сондықтан негізгі жұмысымыз орталықпен тікелей байланысты. Ауыл маңындағы теміржолмен минут сайын жолаушылар және жүк пойыздары қатынайды. Содан олардың өтіп кеткенін күтіп тұрып қаламыз. Нәтижесінде, сағаттап уақыт жоғалтып, жұмысқа кешігетін кезіміз көп, – дейді ауыл тұрғыны Сәрсенбек Бақтияров.Бұл мәселені шешуге жергілікті биліктің пәрмені жетпейтіні анық. Сондықтан түйткілдің түйінін тарқатуды республика деңгейінде қарау қажет. «AMANAT» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары осыны тұрғынға жіті түсіндірді.
– «AMANAT» партиясы қазір үлкен жұмыс атқарып жатыр. Ауыл-аймақтарға барып тұрғындардың мәселелеріне құлақ салып, оларды жергілікті билікпен шешу жолдарын қарастыруда. Осыған дейін түзілген сараптамаға сүйенсек, қоғамдық қабылдауға келген қала тұрғындары жеке мәселелерді ғана көтерген. Ал ауыл тұрғындары жүйелі, шешілуі тиіс түйткілдерді ортаға салады. Осыны ескерген республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі ауылдарда мобильді қоғамдық қабылдаулар өткізуде. Мәселен, Шу ауданындағы Д.Қонаев ауылында теміржол өткелі республика деңгейінде шешілуі тиіс. Оны біз алдағы уақытта тиісті органдарға жеткізетін боламыз. Ал қалған мәселелер облыс, аудан көлемінде шешімін табады, – деді Азамат Біржанов.Мобильді қоғамдық қабылдау келесі кезекте облыс орталығынан шалғай орналасқан Мойынқұм ауданының Жамбыл ауылына ат басын бұрды. Қоғамдық қабылдау барысында Азамат Біржанов пен облыс әкімдігі басқармалардың басшылары түрлі өтінішпен хабарласқан халыққа тұшымды кеңестер берді. Оның ішінде тұрақты жұмысқа орналасу, портал арқылы ем қабылдау бойынша нақты жауаптар алды. Сонымен қатар қоғамдық жұмыс уақытын 6 айдан 1 жылға дейін ұзарту бойынша ұсыныс та қолдау тапты.
– Жасыратыны жоқ, жас келген соң аурушаң болып қалады екенсің. Бас ауырып, балтыр сыздаған сәтте ауруханаға жатып ем алғың келеді. Әрине, бір зейнетақыға қарап отырған соң портал арқылы тегін ем-дом қабылдау тиімді. Алайда медициналық көмекке облыс орталығы түгілі аудан орталығына бару оңайға соқпайды. Қоғамдық қабылдау барысында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшылығынан керекті кеңестер алдым. Бұдан өзге, ауыл маңындағы каналдың да жайын әкімдікке жеткізуге мүмкіндік туды, – дейді Жамбыл ауылының тұрғыны Медетбай Бағдатов.Талап-тілектің 55 пайызын қанағаттандырды Жалпы, партияның қоғамдық қабылдауының ең басты мақсаты – өтініштерімен келген барлық азаматпен тікелей кездесіп, сұхбаттасып, олардың мұң-мұқтажы мен толғандыратын әлеуметтік мәселелерін зерделеу. Сонымен қатар партия филиалдары азаматтардан өтініш түскеннен бастап, түпкілікті шешімін тапқанға дейін жіті бақылайтын болады. Мәселен, биыл партияның Жамбыл облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 3 524 өтініш түсіп, оның 55 пайызы оң шешімін тапқан. Қалған 1 579 өтініш бойынша түсініктеме беріліп, 5 өтініш бақылауда тұр екен. Жалпы, келіп түскен арыз-өтініштің 1 868-і әлеуметтік көмекке қатысты болса, 388-і тұрғын үй-коммуналдық мәселелер төңірегінде. 211 азамат баспана мен жер сұрай келсе, 141 тұрғын жұмысқа орналасу, заңсыз жұмыстан шығару және еңбекақы өндіру мәселесімен қайырылған. 247 адам денсаулық сақтау саласына қатысты арыз-өтінішін жолдаса, қалған 669 өтініш әртүрлі мәселе бойынша түскен. Биыл кестеге сәйкес 41 ауылдық округте мобильді қоғамдық қабылдау жүргізілді. Көшпелі қабылдауларда 99 елді мекеннің тұрғыны көкейінде жүрген өзекті мәселелерді көтеруге мүмкіндік алды. Қабылдауға 607 адам келіп, оның 211-нің өтініші қанағаттандырылған. Арыз-өтініштердің басым бөлігін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік, тұрғын үймен қамту, жер телімдерін беру және кәсіпкерлік саласына қатысты мәселелер құраған. Облыстық мобильді топ мүшелерінен бөлек аудандық мобильді топ мүшелері де 80 округтің 193 елді мекенінде қабылдаулар өткізген. Қабылдау кезінде 3 413 адам келіп, 1 548 өтініш түскен. Олардың басым бөлігі оң шешілген. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, ауыл тұрғындарының өтінішінің орындалуы бойынша да нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылдың 10 айында 1 161 қабылдау өткізіліп, онда 3 164 адам қабылданған. Оның ішінде Парламент Мәжілісінің депутаттары, партия аймақтық және аумақтық филиал төрағалары, әкімдер мен олардың орынбасарлары, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, жергілікті мемлекеттік орган басшылары, партия филиалдарының бірінші орынбасарлары, құқық қорғау органдары мен заңгерлер, медиаторлар, нотариустар жүргізген қоғамдық қабылдаулардың оң септігі тиген. Бұдан бөлек, мемлекеттік орган өкілдері 93 тақырыптық және көшпелі қабылдау өткізіп, онда 549 адамның өтініші тыңдалған. 3 524 өтініштің 22 пайызы онлайн үлгіде түскен. Негізінен, партияның WhatsАpp және Telegram, Call-орталығы, филиалдардың жедел және әлеуметтік желілері, партияның сайты, электронды поштасы мен eGov порталы үздіксіз қызмет көрсетуде. Міне, осындай жүйелі жұмыстардың арқасында халықтың партияға деген сенімі артқан. Мәселен, партия облыстық филиалы Қошқарата ауылдық округінде көшпелі қоғамдық қабылдау өткізіп, Ақтасты ауылының тұрғындары ауылдарында орналасқан бастауыш мектептің тозығы жеткенін, жылыту жүйесі нашар болғандықтан, бөлмелер көмір арқылы жылытылатынын жеткізген. Аталған мәселені назарға алған партия атынан сайланған халық қалаулылары Ақтасты ауылының балалары жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастауына күш салған. Қазір оқушылар заманауи әрі жылы оқу орнында білім алуда. Бұдан бөлек, Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Қоңыртөбе, Тасбастау, Кәріқорған елді мекендерінде тәуелсіздік алған жылдардан бері ауызсу мәселесі шешімін таппай келген. Осы мәселені қоғамдық қабылдауда көтерген тұрғандардың өтініші қанағаттандырылып, қазір халық орталықтандырылған сапалы ауызсу тұтынып отыр. Ал Тасбастау мен Кәріқорған ауылдарының тұрғындары сапалы мобильді интернетке қол жеткізе алмай келсе, қазір Beeline мобильді операторының 4G интернет желісі тартылып, бұқара қуанышқа кенелуде. Қошқарата ауылдық округінің тұрғындары елді мекенде жел тұрып, жауын жауса жиі жарық сөнетінін, жарық бағаналарының ұзақ жылдан бері ауыспағанын және әбден тозығы жеткенін қоғамдық қабылдауға өзекті етіп көтерген. Қазір округте 110 жарық бағанасын ауыстыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Міне, бұл аудандарда шешімін тапқан мәселелер. Бұдан бөлек, қоғамдық қабылдауларға жеке мәселесімен қайырылғандардың да түйткілдерінің түйіні тарқатылып келеді. Мәселен, Хамзат Тоқсанбаева есімді Жуалы ауданының тұрғыны анасына І топтағы мүгедектікті ала алмай жүргенін айтса, партия пәрменімен бұл мәселе шешімін тауып, кейуанаға І топтағы мүгедектік тағайындалған. Айнұр Садыбаева есімді Байзақ ауданының тумасы болса, Мырзатай ауылындағы медициналық амбулаторияға жұмысқа тұру үшін қақпаған есігі, бармаған жері қалмағаннан кейін партиядан көмек сұрап келген. Өтініш иесінің мәселесіне зер салған партия мүшелері Айнұрды медициналық амбулаторияға медбике болып тұрақты жұмысқа тұруына ықпал еткен. Құралай Серікқызы есімді тұрғын қоғамдық қабылдауға жергілікті мекенжайлары бойынша қоғам көлік тоқтайтын аялдама жоғын айта келсе, зерделеуден кейін «Қайнар» иіні бойынша бірнеше жаңа аялдама қойылған. Сая Бердібек анасы қайтыс болғаннан кейін соңынан ерген қызын қамқорлыққа алу бойынша құжаттарды рәсімдеуде түрлі қиындыққа тап болып келген. Құзырлы органдардың дұрыс бағыт-бағдар бермеуінің салдарынан өтініш иесі табанынан таусылған. Аталған жағдай партияның тікелей араласуымен оң шешімін тауып, қазір Саяның сіңлісі әпкесінің заңды қамқорлығында. Партия осы сияқты әлеуметтік мәселелерді көтеріп, тұрақты жұмыс сұрай келген тұрғындардың бетін қақпаған. Керісінше, қолдан келген демеуін аямай, оң шешім табуына ықпал еткен. Осының арқасында бүгінде халықтың партияға деген сенімі еселеп артуда. Бұл еліміздің жетекші партиясының әрдайым бұқарамен бірге екенін айғақтап тұрғаны анық.
Жамбыл облысы