«AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Қалалық мәслихат депутаты Ерболат Қасымов төрағалық еткен қоғамдық кеңес отырысына партияның қалалық филиалы атқарушы хатшысы Мейіржан Отыншиев пен кеңес мүшелері қатысты. Басқосу Алматы қаласы әкімдігінің Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қызметін зерделеуге арналды. Аталған басқармадағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды зерделеу бойынша арнайы жұмыс тобы құрылған еді. Отырыста жұмыс тобының мүшесі Гүлмира Әбдікәрімова атқарылған жұмыстардың қорытындысына қатысты баяндама жасады. Баяндамашының айтуынша, қаланың денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру жыл сайын артып келеді. Алайда саланың тексеріс нәтижелері көңіл қуантпайды. Қалада ана мен бала өлімі жылдар бойы төмендемеген. Бүгінге дейін жүргізілген әлеуметтік зерттеулер кезінде, қала тұрғындарының 53,9 пайызы көрсетілетін медициналық қызметтің сапасына және медициналық көмектің қолжетімділігіне көңілі толмайтыны белгілі болған. Арнайы құрылған жұмыс тобының мүшесі өз баяндамасында аталған басқармаға қатысты басқа да бірқатар кемшілікті тізіп шықты. Мәселен, 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Алматы қаласы әкімінің 2022 жылғы 16 маусымдағы № 48ө өкімімен бекітілген штаттық кестеге сәйкес, басқармадағы мемлекеттік әкімшілік қызметкерлердің штат саны 34 деп бекітілген. Алайда бүгінгі таңда басқармадағы кадрлармен қамтамасыз етілуі деңгейі бар болғаны 18 бірлікті құрайды.
«Тексеру кезінде Алматы қаласы әкімдігінің интернет-сайтында 2022 жылы жарияланған денсаулық сақтау басқармасының бос лауазымдары туралы хабарландыруларға талдау жасадық. Нәтижесінде, 16 орынға қызметкер жетіспейді. Басқарма бос орындарға өтпеген конкурстарға талдау жүргізбеген», – дейді Г.Әбдікәрімова.Спикердің айтуынша, басқармадағы шешілмеген кадр мәселесін ведомстволық бағынысты ұйымдардың іссапарға жіберілген қызметкерлері жүзеге асырып келген. Бұл «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның, Еңбек кодексінің талаптарына қайшы. Мониторинг жүргізу кезінде 1 қыркүйектегі жағдай бойынша басқарманың ведомстволық бағынысты ұйымдарынан мемлекеттік органға мемлекеттік қызметкер емес 13 адам іссапарға жіберілгені анықталған. Гүлмира Чапайқызы келтірген деректеріне қарасақ, Алматыда медициналық ұйымдардың бірінші басшыларын ротациялау тәжірибесі біржола тоқтатылған. Соның нәтижесінде, мегаполистегі кейбір бас дәрігерлер бір мекемеде 8 жылдан 13 жылға дейін үздіксіз қызмет атқарып келген. Бір тұлғаның бір лауазымда ұзақ уақыт болуы – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алғышарты. Онсызда соңғы жылдары қаланың денсаулық сақтау жүйесінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқықбұзушылық саны өскен. Нормативтік құқықтық актілерде басқарманың ведомстволық бағынысты ұйымдарының бас дәрігерлерін ротациялау бойынша талаптар жоқ. Тексеру кезінде медициналық ұйымның 5 басшысы зейнеткерлік жасқа жетсе де тапжылмай еңбек етіп отырғаны белгілі болған. Қаланың денсаулығына тікелей жауапты басқармаға бағынышты бірнеше ұйымдардың веб-ресурстарындағы ақпараттарға шолу барысында келесі кемшіліктер анықталған. Бақылау кеңесінің құрамы мен қызметі туралы ақпарат жаңартылмайды немесе тіптен деректер жоқ. Кейбір жағдайларда медициналық ұйымның Ұйымдастыру құрылымында Байқау кеңесі көрсетілмеген. Жекелеген медициналық ұйымдардың веб-сайттарында күші жойылған нормативтік құқықтық актілерді орналастырылған. Мемлекеттік тілдегі ақпараттың толықтығы мен сауаттылығы жағынан орыс тілінде орналастырылған ақпараттан айтарлықтай төмен деңгейі анықталды. Сонымен қатар тексеріс кезінде тұрғындардың медицина ұйымдарына қатысты өтініш-тілектеріне тиісті назар аударылмағандығы да анықталған.
«Басқарманың бірыңғай электрондық құжат айналымы жүйесінде қаңтар-қыркүйек аралығында 8 айда барлығы 1908 кіріс хат тіркелген, оның ішінде 1785 бірыңғай базада жабылмаған. Бұл құжаттардың орындалуын бақылау жоқтығын көрсетеді. Және Үкіметтің «Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардағы басқару жүйелері құжаттамалық ресімдеу, құжаттаманы басқару және электрондық құжатты пайдалану қағидаларын бекіту туралы» қаулысының талаптарын сақталмағанын айғақтайды. Қазір уәкілетті органның өтініштерге жауап беру сапасы тұрғындардың көңілінен шықпайды. Көбінесе, мәселелер әлеуметтік желілерде жарияланғаннан кейін ғана шешіле бастайды», – деп атап өтті жұмыс тобының мүшесі Г.Әбдікәрімова.Мұнан соң Алматы қалалық қоғамдық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметеков өзі басқаратын мекеме жұмысына айтылған айтылған сын-пікірлерге жауап берді. Негізгі баяндамадан соң кеңес мүшелері қаланың денсаулығына жауапты мекеменің басшысына қала түрғындарының денсаулығы мен оларға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасына қатысты сұрақтарын қойды. Барлық қойылған сұрақтарға басқарма басшысы тарапынан жауап берілді. Отырысты қорытындылаған «AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестің төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Ерболат Қасымов Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісіне бүгінгі жиында айтылған кемшіліктерді уақыт созбай түзетуді тапсырды. Өз кезегінде басқарма басшысы барлық айтылған сын ескертпелер назарға алынғанын айтып, оларды тез арада қалпына келтіретіндігін жеткізді.
Алматы қаласы