Астанада үлескер отбасылардың 90%-ға жуығының проблемасы шешілді. Осылайша, жыл соңына қарай үлескерлер саны шамамен 16 мыңнан 2 мың отбасына дейін қысқарады. Мәселен, 2019 жылдың жазында құрылысы ұзаққа созылған 150 көппәтерлі тұрғын үй болатын, бүгінге дейін 120 үйдің проблемасы шешілді.Құрылысы ұзаққа созылған қалған 30 үй бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бар. Онда 2 мыңға жуық отбасы баспанасын күтіп жүр. Мұндай проблемалы үйлердің аяқталуы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында.Құрылысы ұзаққа созылған әрбір үйдің проблемасы әртүрлі болатын. Бірінде тек шұңқыры ғана қазылған, енді бірінде қаржылық аудит, жобалық-сметалық секілді құжаттамасы жоқ еді, сол сияқты бір пәтерді екі-үш отбасына сатқан жайттар да болды, тағы бірінде қаңқасы тұрғызылған үй апатты күйде болатын.Мысалы «Территория комфорта-1» тұрғын үй кешенінің құрылысы 2004 жылы басталған. Үйді техникалық тексеру барысында ғимараттың апатты жағдайда екені белгілі болды. Бұрынғы құрылыс салушы техникалық нормаларға сай келмейтін бетон маркасын қолданған, плиталар арасында сәйкестік болмаған. Құрылысшылардың айтуынша бұл үй пайдалануға берілгенде ұзаққа бармай қирап, тұрғындар үйіндінің астында қалар еді. Осыдан кейін оның блоктары бұзылып, орнына жаңа тұрғын үй кешені салынды, нәтижесінде тұрғындар көптен күткен баспанасына ие болды.