«AMANAT» партиясы отбасы мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Оған партия жанынан отбасы мәселелері және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі қоғамдық кеңестің құрылып, өзекті мәселелерге алаң ұсынып жүргені дәлел. Қоғамдық кеңес бүгінде Әлеуметтік кодекске ұсыныс-пікірлер беріп, ел игілігі үшін елеулі шешімдер қабылдауға септігін тигізуде.
Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында отбасы мәселесіне ерекше тоқталып өтті. Қалай болғанда да отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды. «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Отбасы мәселелері және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңестің төрайымы Жадыра Таңатарова мемлекетіміздің мықты болуы – әр отбасының берекелі, әрі берік болуымен сипатталатынын айтады. «Әр жанұя – қоғамның негізгі тірегі. Партия филиалы жанындағы аталмыш қоғамдық кеңестің төрайымы ретінде «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек» партиялық жобаларын іске асыруда белсенділік танытып келеміз. Атап айтар болсақ, «Бақытты отбасы» жобасы аясында отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша тиісті басқармалармен бірлесе отырып, ауқымды кешенді жоспар бекітілді. Өмірлік қиын жағдайдағы жанұялармен жұмыс жасауда Полиция департаментінің инспекторлары жедел әрекет ету топтарын құрып, партия филиалымен бірлесе қызмет атқаратын арнайы чаттар ашылды. Қаладағы өмірлік қиын жағдайдағы жанұяларды анықтап, өмірге қайта бейімдеу үшін арнайы мамандармен жұмыстар жүргізілуде», – дейді кеңес төрайымы Жадыра Нағашыбайқызы.
Қоғамдық кеңестің көмегімен жыл басынан бері Шымкент қаласы бойынша 30 мыңға жуық аз қамтамасыз етілген және көпбалалы ананы тіркеуге алып, түрлі деңгейдегі қызмет көрсетілген. Олардың қатарында ақпараттық қолдау, психологиялық, құқықтық кеңес беру, атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру, тұрғын үй кезегіне тұру, «Электрондық Үкімет» порталынан қызметтерін алу мәселелері бойынша көмектер бар. Алдағы күндері қоғамдық кеңес тарапынан қалаға қарасты төрт ауданда көмекті қажет ететін отбасылармен жүйелі байланыс орнату, зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін оңалту орталықтары ашылмақ. «Ал «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында аймақтық қоғамдық кеңестің қатысуымен қаңтар-қараша аралығында 300-ден астам іс-шара өткізіліп, оған 4000-нан астам адам қатысты. «Кедергісіз келешек» жобасы бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған қолжетімді ортаның сақталуы аясында Шымкент қаласы аумағында орналасқан 262 нысанға мониторинг жүргізілді», – дейді кеңес төрайымы.
Қоғамдық кеңеске тұрғындар әртүрлі жеке мәселелері бойынша хабарласып жатады. Мәселен, қала тұрғыны Г.Расулметова есімді көпбалалы ана жұбайының мүмкіндігі шектеулі екенін айтып, мүгедектігіне байланысты әлеуметтік төлемді алуға көмек беруін сұраған. Қоғамдық кеңестің бастамасымен оның мәселесі шешімін тапты. Ал З.Ергешова 35 жастағы қызының азаматтық ала алмай жүргенін және осы күнге дейін жеке куәлігінің жоқ екенін айтып, қоғамдық кеңеске жүгінеді. Кеңес отырысында қалалық көші-қон қызметімен бірлесе жұмыс істеудің нәтижесінде өтініш иесінің құжаттары рәсімделген.