Егемендікті жариялаған күннен бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізіліп, құлқынның қамын күйттегендердің қолына кісен салынып келеді. Осы жылдарда салаға қатысты заңдар мен мемлекеттік бағдарламалар да қабылданды. Қолданыстағы құжаттардың дені қатаңдатылды. Сөйтіп, азаматтық қоғам жоғары шенді парақорларды қорқынышсыз әшкерелеуге көшті. Соның арқасында жоғары лауазымды тұлғалар да жауапкершілікке тартыла бастады. Алайда қызметтік мансабы арқылы бақ-дәулетін заңсыз көбейтуге құштарлық әлі де азайған жоқ. Керісінше, үміт артқандардың өздері көп ұзамай сыбайлас жемқорлыққа шатылып, сенімге селкеу түсіріп жатады. Әйтсе де, сыбайлас жемқорлықпен істі болғандардың арасында белгіленген жаза мерзімін толық өтемейтіні бар.Сегіз жыл төрт айдай өте шыққан
Біздің елде сыбайлас жемқорлық ауыр қылмыс санатына жатады. Дегенмен денсаулығы сыр бергені расталған кейбір парақорлар жауапкершіліктен босатылып кетіп жатады. Бұл бюджет қаржысын қалтаға басып, халықтың несібесін ауыздан жырып жатқандардың жолын кесуге кедергі емес пе деген екіұдай пікірдің айтылуына себеп болып отыр. Мәселен, жуырда ғана әлеуметтік желіде пайда болған ақпаратқа сүйенсек, 2019 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттік материалдық резервтің қаражатын ұрлау схемасын ашады. Сол кездегі Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің міндетіне бұқтырылған ет, қоюландырылған сүт, қарақұмық секілді кейінге қалдырылған қажетті тауарларды сатып алу кіреді. Сол жылы комитетті Бақытбек Иманәлиев басқарады. Тергеу мәліметтері бойынша ол қымбат тауарларды сатып алу схемасын ұйымдастырып, нәтижесінде бюджетті 6,5 миллиард теңгеге шығынға батырған. «Резерв сақтауында тұрған сиыр етінен жасалған консерві мемлекеттік стандартқа сай емес, сапасы нашар екенін және сиыр етінің орнына соя етінің салынғанын біле тұра шенеунік 2018 жылы оларды кәсіпкерлерге беріп, 600 миллион теңге шығын келтірген».
Осылайша, сот Бақытбек Иманәлиевті «ұрлық жасады және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды» деп айыптайды. Бірақ айыпталушы екі-үш күн ғана қамауға алынады. Былтыр ақпанда кінәлі деп танылып, үкім шыққан соң және үкім күшіне енгенге дейін де үй қамауында болады. Бір қызығы, бұған дейінгі жемқорлық бойынша өткен соттарда айыпталушы әдетте сот залында бірден қамауға алынады екен. Бұл ғана емес, апелляциялық қарау кезінде прокурорлар Иманалиевтің жаза мерзімін 8 жылдан 4 жылға дейінгі мерзімді екі есеге азайтуды сұрайды. Жемқорлық аса ауыр қылмысқа жатады. Соған қарамастан прокурорлар залалды өтемей, ауыр қылмыс үшін жазаны осынша азайтуды сұраған. Бірақ сот бірінші сатыдағы үкімді өзгеріссіз қалдырып, айыпталушыны 8 жылға бас бостандығынан айырады. Алайда сотталушы 8 жылдың орнына бар-жоғы 4 ай ғана отырып, бостандыққа шығады. Яғни, былтыр ақпан айында бас бостандығынан айырылған Бақытбек Иманәлиев биыл жазда жазадан босатылған. Сөйтсе, биыл маусымда Қапшағай қалалық соты қамауға алушыны ауыр сырқатына байланысты жазасын өтеуден босатуға үкім шығарған. Оның сырқаты «Хирургия институты» деп аталатын жеке клиниканың кардиология бөлімінде анықталады. Онда сотталушы 40 күндей жатқан. Сол емделген уақыты сотталушының мерзімін өтеу уақытына кіргізіледі. Осылайша, жеке клиниканың дәрігерлері берген денсаулық жағдайы түрмеде отырып жазасын өтеуге келмейтінін дәлелдейтін анықтамаға сот та келісім берген көрінеді.
Бір жылға созылған жаза мерзімі
Сыбайлас жемқорлық бойынша істі болғандардың арасында сырқатына бола жазадан босатылғанның алғашқысы Иманәлиев емес. Мәселен, жемқорлық бойынша жауапкершілікке тартылған Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Бағдат Майкеев те сырқатына байланысты еркіндікке шығарылған. Ол да «аса ірі көлемде пара алды және қару-жарақты заңсыз сақтады» деген айыппен 2014 жылдың 27 маусымында 6 жылға сотталған болатын. Бірақ бір жылдан кейін Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы Бағдат Майкеевті «онкологиялық дертке шалдыққан» деген қаулының негізінде бостандыққа шығарады.
Сөйтсе, сотталушы жазаны өтеу орнына этаппен жеткізілгеннен кейін көп ұзамай түрме ауруханасы – Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласындағы қатал режимдегі ОВ-156/15 колониясы территориясындағы «санитарлық қалашыққа» жіберіліпті. Ал артынша Бағдат Майкеев сырқатына байланысты жазаны өтеуден босату туралы сотқа өтініш түсіреді.
Ол өзінің шағымында талай жылдан бері онкологиялық дерттің емделуі қиын ауыр түрімен ауыратынын, дерті меңдеп кетпеу үшін жоғары білікті арнайы медициналық көмекке мұқтаж екенін көрсетеді. Қосымша мұндай деңгейдегі медициналық көмекті жазаны өтеу мекемесінде және ел аумағында көрсету мүмкін емес екені де жазылады. Сотталушы бұған дейін де осы өтінішін жеткізгенімен, 2014 жылдың 30 желтоқсанындағы сот шешімі сотталушының шағымын қанағаттандырудан бас тартқан. Алайда Шығыс Қазақстан облысы апелляциялық соты 2015 жылдың 4 ақпанында жазасын өтеушінің шағымын қанағаттандыру туралы қаулы шығарған.
Адами фактор әсер етпесіне кепілдік бар ма?
Біздің елде тұтқынды түрмеден босатуға негіз болатын ауру тізімі бар. Сотталғандар жазасын өтеуден босатылатын аурулар тізбесіне туберкулез, қатерлі ісік, қант диабеті, психикалық бұзылулар (шизофрения, невроз, биполярлық бұзылыс және т.б.), зағип жандар, қан тамырлары аурулары, бауыр циррозы секілді бірнеше созылмалы ауру жатады. Алайда ауруға шалдығуына байланысты жазаны одан әрі өтеуден босату, жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыру туралы нормативтік қаулысы тұтқындардың барлығына бірдей беріле ме? Мәселе осында. Өйткені осы уақытқа дейін адам құқығын қорғаушы сарапшы мамандардың өздері ауыр дертке шалдыққан тұтқындарды түрмеден босатпай қоятын жағдайлар да жиі кездесетінін айтып жүр. Кейбір кездері санитарлық қалашыққа жете алмай көз жұматын да оқиғалар болады екен. Әйткенмен, қаулының шарапатын көріп, сот шешімін өзгертуге септігі тиген сыбайлас жемқорлық бойынша істі болғандардың бары рас. Ал бостандыққа шығаруға негіз болатын ауру тарихына адами фактор әсер етпесіне тағы кепілдік бар ма?
Қолданыстағы заңдарымызда жалған мәлімет бергені үшін де жауапкершілік қарастырылады. Сондықтан адвокат Ерлан Мәкенов «ауру тарихы қолдан жасалса, жауапкершілік жалған анықтаманы берген дәрігердің мойнында» деп отыр.
Бұл жерде анықтаманың ақ-қарасын тексеретін прокурор екенін жеткізген заңгер Әлімжан Жұбатқанов Қылмыстық кодекстің 75-бабына сәйкес, өміріне қауіп төндіретін сырқаты бар сотталушыны қылмыстық атқару жүйесінде ұстауға мүмкіндік бермейтін жағдайлар барын жеткізді. Ол бойынша жазасын өтеушінің денсаулығы толық тексеріліп, комиссияның қорытындысымен сотқа жолданады. Сотталушыны жазадан босатуды прокуратура қорытындысы шешеді. «Ауру тарихына адами фактор әсер етпесіне тағы кепілдік жоқ. Прокуратура органдары медицина мамандарының шығарған қорытындысымен келіспегеннің өзінде шетел дәрігерлерінің тексеруіне жіберуі мүмкін. Бірақ ол кезде де шетелге жіберуді туысқандарының өздері атқаруы мүмкін. Сондықтан бұл жерде құжаттың жалған не жалған емесіне көз жеткізу қиын. Сол үшін клиникалардың қорытындыларын бірнеше комиссия қарағаны дұрыс», – дейді заңгер.
Қоғам тарапынан айтылып жүргендей, мекемеге медицина мамандарын алдырып, сотталушылардың сырқатын тұрақты қадағаласа, жазаны толық өтетуді қарастыруға болар еді. Бірақ дәл қазір бұл тетікті түрме ішінде қолдануға біздегі медицинаның мүмкіндігі жібермейді.
Жазадан босатуға негіз болатын құжаттың ақиқатын анықтау қиын. Десе де, сот отырысының жариялылығы мен ашықтығына қол жеткізу арқылы күдікті сейілтуге болады. Заңгер Нұрлан Ниетуллаевтың сөзінше, көптің қалауынан шықпаған қаулы не заңдарды өзгерте беруден аулақ болған дұрыс. Ақиқатты анықтауда адами фактор әсер етпеу үшін бұл саладағы тергеушілердің және салалық мамандардың біліктілігін ұдайы арттырып отыру керек. Әйтпегенде, жемқорлықты жүгендеу үшін жасалған тәжірибе мен заңдардағы кемшіліктің басым бөлігі мәселенің байыбына бармай заңдарды оңды-солды өзгерте бергеннен де болып отырған көрінеді.
Заңгерлердің айтуынан қорытынды шығарсақ, ауыр және аса ауыр қылмыстардың қатарына жататын сыбайлас жемқорлық бойынша істі болғандарға заң қатал. Президенттің өзі бұл бап бойынша істі болғандарды шартты бостандыққа шығаруды күшсіз қалдырды. Яғни, жемқорлықпен сотталғандарға кешірім жоқ. Алайда әлдекімдер бұл саладағы заңды өз ыңғайына қарай қабылдап, жазадан құтылудың амалын тапса, парақорлыққа қарсы күрестің пәрменін ойдағыдай атқаруға кепілдік беру қиын секілді.