Індет үдей ме?
Індет үдей ме?
806
оқылды
Дүниежүзі дүрліктірген коронавируспен бірге төртінші жылға аяқ басты. Әуелде ел-жұртты алаңдатқан індетті қазір естігенде елеңдей қоятындар шамалы. Бұған қоса, ақпарат кеңістігінде коронавирус жайлы деректер сиреп, статистикалар жиі айтылмайды. Әрине, бұрынғыдай емес, осы ауруға шалдыққан жандардың саны қазір едәуір аз. Бірақ босаңсуға бола ма? Індет кезеңдері бітті ме, әрі қарай не болуы мүмкін? Құлақ үйренген қатер Біз неге кіріспеде бұл сөзді айттық? Шы­нында, дерт қарқыны бәсеңдей қойма­ғаны анық. Тек ауруға бойы үйренбесе де, халықтың құлағы үйренгендей. Әйтпесе, елемейтін тұмаудың өзі жыл сайын әлемде мыңдаған адамның өмірін жалмайтыны белгілі. Сол секілді коронавирус та ешқайда кетпеді. Қазір эпидемиологтар әлем халқы пандемияның ең ауыр кезеңдерінен өткенін айтуда. Осы тұста індетке қатысты статистика­ларды айта кетейік. Соңғы күндері 100-ге жетпесе де, ел бойынша сырқаттанып жатқандар баршылық. Мәселен, Ден­саулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 31 қаңтарда 69 адам коронавирусқа шал­дыққан. Пневмониямен 3 адам ауырғаны анықталды. Жалпы, 1 ақпандағы ақпарат бойынша, ел өңірлерінде коронавирустан 1 551 адам емделуде. Олардың ішінде 121 пациент стационарда, 1 430 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. 6 адамның жағдайы ауыр, 1 пациенттің жағдайы өте ауыр, ал 1 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Әйтеуір, жыл басында тіркеліп жатқан­дардың саны өткен жылдың соңындағы ауырғандарға қарағанда төмен. Әлем ел­дерін шулатқан вирустың «Кракен» штамы елімізден шыққан жоқ. Жағдайдың тұрақтануы осыған байланысты болса керек. Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы Жасұлан Алпысбаевқа хабарласқанымызда, соңғы апталарда сырқаттанғандардың біршама азайғанын айтты.
– Қазір елдегі барлық өңір «жасыл аймақта» тұр. Күніне 100 жағдайға дейін КВИ+, 10 жағдайға дейін КВИ- тіркелуде. Науқастардың 99 пайызы емделген. Жалпы, Қазақстанда өткен аптамен салыстырғанда соңғы бір апта ішінде ауру 1,3 есеге төмендеді. Соңғы секвенирлеу нәтижесі бойынша, елде Омикронның ВА.4, ВА.5 нұсқалары – 99,5 пайыз, BQ.1 (Цербер) 0,5 пайыз айналымда бар екенін көрсетті. Ал ХВВ нұсқасы (Кракен) тіркелген жоқ. Бұл штамм да Омикронның бір түрі ретінде саналады, клиникалық көрінісі Омикронның сәл басқа түрлеріне ұқсас болады. Бірақ халық әлі де сақ жүріп, көп адам жиналған жерлерде бетперде тағып, антисептик қолданып, науқас адамдармен байланыспағаны жөн, – дейді ол.
Желтоқсанның соңына таман Денсау­лық сақтау министрлігі COVID-19 туралы 2023 жылға болжам жасады. Вице-ми­нистрі Айжан Есмағамбетова сол баяғы екі сценарий бойынша қарастырып, песси­мис­тік және оптимистік көзқарасын айт­қан еді. Түйінінде күніне 500-1000 адам ау­руға шалдығуы мүмкін екенін айтқан. Абырой болғанда, қазіргі сандар одан бірнеше есе төмен. Желтоқсан айында қарашамен салыстырғанда Қазақстанда сырқаттанғандардың саны 2,3 есе өскені байқалған. 2 169-дан 5 127-ге дейін жетті. Сол кезде күніне шамамен 250-ден астам дертке шалдығып жатқан еді. індетпен күресу Коронавирус жайлы айтқанда вакцина жайын елеусіз қалдыра алмаймыз. Қазір халықтың 57 пайыздан астамы корона­вирусқа қарсы вакцина алған. Әзірге елде 3 түрлі вакцина салынып жатыр: «ҚазВак», Sinofarm және Pfizer. Бұл тұста елде «ҚазВактың» 98 мың дозасы қалғанын айтқан жөн. Ал Sinofarm-ның 306 мың дозасы және Pfizer-дің 71 мың дозасы қалған. Демек, жарты миллионға да жетпейтін доза бар. Көп дертке бір дерттің қосылғаны Әр елде індеттің таралу процесі әртүрлі жүруде. Бұл бір жағынан антиковид шаралары әртүрлі болғанын көрсететіндей. Егер алдағы уақытта айтарлықтай ештеңе болмаса, коронавирус бірте-бірте алдағы жылдары тұмау сияқты болып қалатыны анық. Дегенмен адамдар қайта-қайта жұқтыра берері даусыз. Мысалы, тұмаудан 300-ден 500 мыңға дейін адам қайтыс болады, одан коронавирустың қауіптілігі аз болуы екіталай. Демек, осы кезеңге дейін адам өмірін жалмап келген көп дерт тағы біреуімен толықты. Коронавирус тақырыбына келгенде қауіпті бір фактор бар, ол – Қытай. Індетке қарсы иммунитеті жоқ үлкен халық сол болып тұр. Вакциналар тиімсіз болып тұр ма, әсері білінбейді. Әлемнің басқа жерінде кездескен штамдар Қытайдан шығуда. Сондықтан жақын арада шекараларының ашылуы екіталай. Тағы бір ел – Ресей. Өйткені онда не болып жатқаны біраз уақыттан бері белгісіз, нақты статистика жоқ. Карантин ережелері әлдеқашан жойылған, адамдар ПТР-тестке бармайды, қанша адам ауырып жатқаны беймәлім. Ал оның зардабын сәл де болса азайтудың бір жолы вакцина еді. Бірақ Ресейде сыры толық ашылмаған «Спутник V»-дан басқа вакцина жоқ. Екі ел де – Қазақстанның көршісі. Дегенмен сыртқы жағдай бізге аса әсер ете қоймас. Оның үстіне, келіп-кетуді тыйып, Қытай сақтыққа әлдеқашан көшті. Мамандар өткен жылдың басында әлемнің көп бөлігі пандемиядан кейінгі кезеңге өтіп үлгергенін айтады. Созылмалы ауруы болмаса көп адамда індетке қарсы имму­нитет қалыптасуы мүмкін. Сонымен, көп­шілік биыл жағдайдың тұрақты боларына сенеді. «Жаңа толқын» ақпарға әбден үйренді, қорқынышсыз қабылдай алады. Дегенмен вирусолог Айдын Қадырманов «қауіп сейілді» деп санаудың орынсыз екенін жеткізіп отыр.
– Рас, қазір коронавирус бұрынғыдай елді аса үрейлендірмейді. Біз індеттің ауыр кезеңдерінен өттік десек те, алдағы уақытта қалай өрбитінін нақты болжай алмаймыз. Вирус түрлі өзгеріске ұшырайды, эво­люция­сы бар, адамдар да бейімделуі әбден мүмкін. Сондықтан коронавирус салдары мен қауіптілігін толық жоймайды. Вак­цинаға қатысты ізденістер әлемде әлі үз­діксіз жүріп жатқанын жақсы білеміз, препараттар табуға ұмтылыстар бір мезет те тоқтаған жоқ. Бұл – бірінші орындағы мәселе. Яғни, індет жайлы көп айтылмай кеткені одан қауіп жоқ дегенді аңғартпайды, – дейді маман.
Қорытындылай келгенде, елде корона­вирусқа қатысты ахуал аса күрделі емес. Тым көп болмаса да вакцина қорының бар еке­ніне көзіміз жетті. Әйтсе де, бұл алдағы уақытта жағдайдың тұрақты болып тұра береріне кепілдік бермейді.