Солқылдақ аударма сорымызға айналды
Қазақ тілінде сөйлеуді әркім өзінен бастау керектігін бәрі біледі. Бірақ өз тіліңді білгенің құқықтық тұрғыда өз-өзіңді қорғауға келгенде қауқарлы ма? Мәселе осында болып тұр. Өйткені заң мәтіндерінің қазақ тіліндегі шалажансар аудармасы қазақтілділердің құқығын шектеп отыр. Бізде орысша білетіндер орысша білмейтін адамдарға қарағанда белгілі бір басымдыққа ие болатыны осыдан.
Қарапайым азаматтар емес, елдегі заңгерлердің өзі алдымен орысша жазылып, артынша аудармадан өткен заңдар мен нормативтік актілердің мағынасын түсінбей жатады. Себебі қазақ тіліндегі нұсқаның сөйлем құрылымы ауыр. Сорақысы, тікелей аударманың салдарынан заңның мағынасы да өзгеріп кетеді. Сол үшін қазақтілді заңгерлер заңдық құжаттарды мемлекеттік тілде емес, орысша оқуға мәжбүр. Өкінішке қарай, өз бетінше тәржімалаған күннің өзінде бұл заңға қайшы болғандықтан, сот шешіміне қандай да бір ықпалын тигізе алмауы мүмкін.
Мәселен, белгілі адвокат Абзал Құспан мемлекеттік тілде өтетін сот ісі заңдардың орыс тіліндегі нұсқасымен дайындалады екен. Өйткені мемлекеттік тілде жазылған заңның баптарын түсіну қиын көрінеді. Күнделікті жұмысы заңмен тығыз байланысты маманның өзі қазақ тіліндегі заңдарды түсінуге қиналып тұрғанда қарапайым адам үшін қаншалықты қиынға соғары түсінікті де. Адвокаттың бұған дейін берген бір сұхбатында: «Қазақстанда, әсіресе ірі қалалардағы сот процесі көбіне орыс тілінде өтеді. Өйткені заңның орысша нұсқасы түсінікті болғандықтан, арызданушы да сол тілде шағымданады, судья мен прокурорға да солай ыңғайлы. Тіпті, кейбір қылмыстық істе сотқа дейінгі тергеу кезінде қазақша сөйлейтін тергеуші таппай қиналғанына куә болдым» деуі сондықтан болса керек. Оның айтуынша, осыдан бірер жыл бұрын атышулы қылмыстық істердің бірі тергелгенде сотталушы мен адвокаттың істі қазақ тілінде жүргізу туралы талабы әрең орындалыпты. Қызығы сол, сотқа шағымданудың арқасында істі қазақша жүргізуге қол жеткізгенде Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі қазақ тілінде сөйлейтін тергеушіге зәру болған көрінеді. Себебі қазақ тіліндегі заң сөйлемдерінің күрделілігі құқық қорғау органдары қызметкерлерін де орыс тіліне қарай итермелеуге себеп. Ол ол ма, еліміздің басты құжаты саналатын Конституцияның өзі техникалық және мағыналық қателерден көз аша алмай келеді.
Басы бар да аяғы жоқ
Ата Заңымыздың мазмұндық қатесіне талдау жасаған құқықтанушы Айбар Мәлікұлы 2010 жылы Президенттің атына Конституциямыздағы грамматикалық, техникалық және мағына тұрғысындағы қателіктерді жіпке тізіп хат жазады. Құқықтанушының уәжі ескеріліп, кейбір ұсыныстары қолдау тапқаны көңілге медет болып отыр. Айбар Мәлікұлының сөзінше, 2017 жылы Конституцияға өзгерістер енгізу кезінде өзі ұсынған түзетулердің екеуі заңды орнын тапқанымен, қалған ұсыныстар одан кейінгі түзетулерді енгізу кезінде де енбей қалыпты. Өкінішке қарай, сол қателер әлі де еліміздің басты заңында менмұндалап тұрғаны жанға батады.
– Конституцияның 7-бабының 1-тармағы толықтыру енгізуді қажет етеді. Бұл – заңдағы осалдықты ғана емес, Қазақстан азаматтарының мемлекеттік тілді жаппай игеруі үшін қажетті фактор. Құжатта «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген сөйлем аяқталмай қалған. Оның қисынды жалғасы: «оны оқып-үйрену – әрбір азаматтың парызы және міндеті» деген толықтыру сөз. Қандай да бір мақсатты көздеп жазылатын сөйлемде міндетті түрде жазылуы тиісті негізгі ой аяғына дейін жеткізілмесе, толық күшіне ене алмайды. Конституцияның 7-бабының 1-тармағында айтылғалы тұрған ой – басы бар да аяғы жоқ, – дейді құқықтанушы. Мысалы, Конституцияның 35-бабының түпкілікті көздеген мақсаты – мемлекеттік бюджетті қалыптастыру. Ал бұл мақсатты орындауды барша халыққа «салықтарды төлеу – азаматтардың міндеті» деген бір ғана жазумен міндеттеп тұр. Бір қызығы, 7-баптағы міндетті түрде жазылуы тиісті болған осындай ой астарлы сөйлеммен берілген. Бірақ тіл үйренгісі келмейтін адамдар оны түсінсе де, түсінбегендей кейіп танытуы сондықтан. Әсілінде, Конституцияға астарлы немесе екіұшты, түсініксіз сөйлемдер жазуға болмайды. Себебі заң – басты кейіпкерді оқырманнан жасырып қоятын әдеби немесе детективті жанрдағы құжат емес, ол нормативтік құқықтық акт. Осындай олқылықтың соңы «Тіл туралы» заңдағы норманы іс жүзінде қолдануға да кедергі жасайды екен.
– Кез келген заңнамалық акті ешбірі аспаннан алынбаған. Оның барлығы Конституцияға негізделген және содан ғана бастау алады. Ал азаматтарға Конституцияда бекітілмеген міндеттер мен борыштарды және парыздарды жүктеу – құқыққа қайшы. Адамға «азамат» мәртебесіндегі құқықтар мен міндеттер тек басты құжат арқылы жүктеледі. «Тілдер туралы» заңға сәйкес, мемлекеттік тілді үйрену – әрбір азаматтың парызы. Конституцияның мәртебесі заңға қарағанда әлдеқайда жоғары. Бұл дегеніңіз – заңдағы «мемлекеттік тілді үйрену парызының» мәртебесі, Конституция бекітіп берген салық төлеу мен Отанды қорғау борышына қарағанда теория жүзінде де, іс жүзінде де төмен. Өйткені салық төлеуден немесе Отанды қорғау парызынан жалтарғандар әкімшілік және қылмыстық жауапкершікке тартылады. Ал мемлекеттік тілді үйрену парызын орындамағандығы үшін ешқандай жауапкершілік көзделмеген. Енді мына қызықты қараңыз, заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Азаматты тегі, жынысы, нәсілі, ұлты, тілі, дініне, т.б ешкімді ешқандай кемсітуге жол бермейміз. Мемлекеттік тілді үйрену парызын міндет етсең, өзге ұлт өкілі ретінде өз тілінде сөйлеуіне мүмкіндік береміз. Бұл Конституцияның 14-бабының 2-тармағы өрескел бұзылады. Неге десеңіз, бұл нақты біреулерді ұлтына, нәсіліне, тіліне қарау кемсітудің бір формасы, – дейді Айбар Мәлікұлы.
[caption id="attachment_239380" align="aligncenter" width="1394"] © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption]
Құқықтанушының айтуынша, қазақ тіліндегі Конституцияның 52-бабының 4-тармағында да өрескел қателік кеткен. Себебі сөйлемнің аяғына жеткенде бұл сөйлемнің басы аздап ұмытылып, мағынасын жоғалтады. Ал орыс тілді мәтінінде бұл норманың сөйлемі бір оқығаннан түсінікті жазылған. Сондай-ақ қазақша мәтіндегі 28-баптың 1-тармағында да сауатсыз аударманың салдарынан ең төменгі жалақы мен зейнетақының мөлшері әлеуметтік төлемдердің ставкасы құралын атқарып тұр.
Бас заңдағы қателік «балалай» береді
Бұл пікірмен филолог, тіл жанашыры Назгүл Қожабек те келіседі. Оның айтуынша, заң, нормативтік актінің мәтіні орысшадан аударылғанда, ешқашан дұрыс болмайды. Оның үстіне, әр жаңа заң, жаңа акт алдыңғы бір құжатқа сүйенеді, оның баптарын қайталайды, соның талаптарын орындайтын нормативтерді ұстанады. Сондықтан бәрібір сол қате аударылған заң мәтініндегі терминдер мен сөздер қайталанады. Былайша айтқанда, бір қате аударылған заң мәтіні «балалай» береді. Қазір заң тілін жөндеп шығу үшін әр заңды қайта жазып шығу керек, ал бұл деген – бітпейтін жұмыс. Өйткені әр заңға 1045 заң актісі келеді. Оның бәріне адамның ғұмыры жетпейді. «Заң мәтінін аударатын аудармашылар тілдің өз заңдылығын ұстануға қорқады. Жауапкершілік үлкен, сондықтан орысшадағыдай үтір-нүкте, қосымшаның бәрін сақтауға тырысады. Содан барып «құрметтемеушілік» деген сияқты нәрсе шығады. Тіпті, орыс тілінің септіктерін де қазақша дұрыс баламасымен емес, сол септіктің сыңарымен береді. Қазақ тіліндегі заң мәтіндері адамға түсінікті болу жағынан да, тілдің өз заңдылықтарына сәйкестігі жағынан да ештеңеге жарамайды», – дейді Назгүл Қожабек.
Заң мәтіндеріндегі солқылдақ аударма туралы жиі мәселе көтеріп жүрген запастағы полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов пен запастағы полиция полковнигі Елеужан Серімов те Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің қазақ тіліндегі түсіндірме мәтіні ақсап тұрғанын алға тартады. «Түсіндірме мәтінде 816 рет «қылмыстың» деген термин жеке баптарды түсіндіруге қолданылады. «Қылмыстық» емес! Орысша мәтінде «правонарушение» деп көрсетілген. Яғни, авторлар «қылмыс» терминін басқа мазмұнда қолданған. Қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылықтың айырмашылығын ашу үшін келтірілген зиян мөлшеріне қарай «қылмыс» деп қолдану негізді болсын, бірақ басқа жерлерде нақты әкімшілік құқықбұзушылықты «қылмыс» деп тану – өрескел қателік», – дейді Мирлан Қызылов. Ал Елеужан Серімовтің сөзінше, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның жаңартылған нұсқасы да оңып тұрғаны шамалы. «Осында жақын туыстар туралы түсінік берілген (14-бап). Нақтыласақ, «жақын туыстар деп ата-аналар (ата-анасы), балалары, асырап алушылар, асырып алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-қарындас-сіңлілері, атасы, әжесі, немерелері, жекжаттар деп – жұбайының (зайыбының) аға-інілері, апа-қарындас-сіңлілері, ата-аналары мен балалары түсініледі» делінген. Күмән тудыратыны – жекжат туыстардың анықтамасы. Заңдағы «жекжаттар» кәдімгі қайын жұртың болып шыққан. Орысшадан аударылған нұсқа. Оған салсақ, «под свойственниками (жекжат) понимаются – братья, сестры, родители и дети супруга (супруги)». Ау, жекжатыңыз қазақтың ұғымында – тікелей туыстығы жоқ, бірақ құданың құдасы, нағашының бөлесі, жиеннің балдызы сияқты туыстыққа қатысы бар адамдар арасындағы жақындықты білдіретін атау. Бұған салсақ, сұрай-сұрай келе қарын бөле шығатын туысқаны мол қазақ енді мемлекеттік қызметтен шеттетілері анық», – дейді ол.
Өкінішке қарай, заңдағы солқылдақ аударманың салдары мектеп оқулықтарына да сол қалпында енгізіле бастаған. Мәселен, 10-сыныпқа арналған «Құқық негіздері» оқулығында қате өріп жүр. Орыс тіліндегі оқулықта «единство подходов к организации правоохранительной службы в правоохранительных органах» деп дұрыс берілсе, қазақшада «әдіс-тәсілдердің ортақтығы» деп көрсетілген. Ал қазақ тіліндегі оқулықтағы «Ішкі істер органдарының бүкіл жүйесінің қызметін Ішкі істер министрі – ішкі әскерлер қолбасшысы басқарады» деп қате көрсетілген ескі нұсқасы да орысшада дұрыс берілген. «Ең сорақысы, оқулықтың 68-бетінде «...Онда ЛДП 1-взводтың командирі, полиция капитаны Ғазиз Байтасов» делінеді. Орыс тіліндегі оқулықта «в которой командир 1 взвода ОБДП ДВД» деп көрсетілген. Сонда қазақ мәтініндегі «ЛДП» деген не? Өскелең ұрпаққа қызмет бабында жүріп, қаза тапқан Халық қаһарманы туралы ақпараттың өзін интернеттегі аудармадан көшіре салған. Мұндай сәйкессіздіктер оқулықтың басқа беттерінде де толып жатыр», – дейді Мирлан Қызылов.
Айталық, бір ғана 2014 жылы қабылданған Қылмыстық-процестік кодекстің 38-бабының 4-тармағын қарапайым халық түгілі құқықтанушылардың өзі түсіну қиынға соғары хақ. Мысалы, ұзын сонар сол баптың бірінші сөйлеміндегі 89 сөздің 7-уі «немесе» деген сөзден құралған. Орыс тілінде жазылып, мемлекеттік тілге аударылатын түсініксіз заң мәтіндері бүгін ғана айтылып жатқан мәселе емес. Сондықтан айтқанға құлақ түрмейтін Үкіметті ұйқыдан оятып, сауатсыз заңнаманы кері қайтарып жіберетін уақыт әлдеқайда келген жоқ па екен?!