Білімнің биігіне жетелейтін жобалар
Білімнің биігіне жетелейтін жобалар
2,056
оқылды
Білім саласының стра­тегиялық маңызын асыра бағалау мүмкін емес, қайта оның қадіріне жете алмауы­мыз мүмкін. Білімді ұрпақ елді жарқын болашаққа бас­тайды. Білімді халық тәуел­сіздігі мен тұтастығын, әр құн­дылығын қызғыштай қор­ғайды. Тіпті, экономиканың өзі осы салаға тәуелді. Бі­лімді мыңды жығады, Ота­нын өркениет бәсекесінде оздырады. Сондықтан Пре­зи­дент білім саласының да­муына баса мән беріп келеді. «1000 мектеп», «Білімді ұлт», «Жайлы мектеп» және басқа жобалар жүзеге асырылып жатыр. Ал 2019 жылғы Тараз оқиғасынан кейін мектептегі қауіпсіздік мәселесі де алдыңғы орынға шықты. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Прези­дент ретінде Қазақстан хал­қы­на арнаған алғашқы Жол­дауы­нан-ақ білім мәселесіне база назар аударды. Әлеуметтік жаң­ғырудың жаңа кезеңінің №1 бағыты ре­тінде білім беру сапа­сын жақ­сартуды белгіледі. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім са­па­сының ал­шақ­тығын жоюды, мұ­ғалімдердің еңбека­қысын екі есе арттыруды жүк­теді. Үкімет пен әкімдерге бала­лардың үйір­мелер мен орталықтарға баруына жағдай жасауды тап­сырды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы 2020 жылғы 27 мамырда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің III оты­рысын тұтасымен білім беру сала­сына арнады. «Кез кел­ген мемлекет үшін адами капитал басты өлшемге айналды. Осы орайда біліктілік мәселесі айрық­ша маңызға ие бол­ды. Әр азамат өзінің жеке жетістігі арқылы бү­кіл елдің табысты болуы­на, өсіп-өркендеуіне үлес қосады», – де­ген Президент білім беру сала­сын­дағы жаңа реформаларды жариялады. 2025 жылға дейін білім саласына бөлінетін қара­жатты 6 есе, ғылымға бөлінетін қар­­жыны 7 есе ұлғайтуға тап­сырма берді.
Қауіпсіздік – бақытты болашақтың ұстыны Сонымен бірге салада жаңа сын-қа­тер бой көрсетті. 2019 жылғы 15 қа­ра­шада Тараздағы мектеп аума­ғында орналасқан дала дәретхана­сында 7-сыныпта оқитын қыз бала зорлыққа ұшырады. Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасымен мұндайға жол бермеу үшін қосымша шаралар қабылданды. 2020 жылғы желтоқ­санда Жамбыл облысындағы барлық білім ордасындағы дала әжет­хана­лары жойылып, оның бәрі мектеп ғимараттарының ішіне кіргізілгені баяндалды. Бүгінде Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, аталған мәселе республика бойынша негізі­нен шешілген, заманауи санитарлық талаптарға сай келеді. Ұлттық кеңестің 2020 жылғы III отырысында Қ.Тоқаев білім беру мекемелеріндегі балалардың қауіп­сіздігі тақырыбына оралып, әкім­дерге жыл соңына дейін барлық мектепті бейнебақылау жүйесімен қамтуды тапсырды. Мемлекет басшысы 2021 жылғы 16 қарашада Ұлттық кеңестің VI жиынында мектеп, колледж, ЖОО-ларда қауіпсіздікті сақтау мәселесін кең тұрғыда қозғады. Ол оқу орындарына күзет агенттіктерімен бір жылға емес, ұзақ мерзімге келісімшартқа отыруды ұсынды. Үкіметке білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік жүйесіне бірыңғай талап қоюды, бәріне ортақ ереже әзірлеуді тапсырды. Білім ордаларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін заңнамаға өзгеріс енгізілді. Дегенмен осы аптада, 13 ақпанда Петропавл қаласындағы №4 мек­тепте 9-сынып оқушысының өзімен бірге балта, пышақ әкеліп, жоғары сынып шәкірттеріне тап беруі бұл мәселенің өзекті бола түскенін көрсетті. Осы оқиғадан кейін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев облыс әкімдерінің орынбасар­ларына, білім басқармаларына барлық мектепте қауіпсіздіктің ке­шенді жүйесімен қамтылуына қа­тысты тексерістер бастауды тап­сырды.
«Президенттің тапсырмасы бо­йын­ша 2019 жылдан бері білім беру объектілеріндегі қауіпсіздік жағ­дайына тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі. Келесі аптадан бастап, 1 ай бойы бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдердің, ата-аналар қауымдастығының, сарапшы­лар­дың, үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен оқу орындарында қауіпсіздікті ұйымдастыру мәселесі бойынша тексеру жүргіземіз», – деді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Оның хабарлауынша, комитет мүдделі мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді және талдауды жүзеге асыратын құқықтық базаны қалыптастыруда. Сондай-ақ мек­теп­ке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын қауіпсіздік жүйелермен жарақтандырудың стандарттары мен талаптары, білім беру ұйым­дарында пайдалану үшін шектелген тыйым салынған заттардың тізімі қайта қаралып, пысықталды. 2022 жылы нысандарды терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық әзірленді, ал 2023 жылғы қаңтарда өңірлерге педагогтер мен білім алушыларға арналған іс-қимыл алгоритмдері жіберілді.
«Министрлік балаларды зор­лық-зомбылықтан, суицидтен қорғау, оның ішінде қауіпсіздік жүйесін ұйымдастыру жөніндегі ке­шенді жоспардың жобасын әзірлеп жатыр. Оған 20-ға жуық мемлекеттік органдар мен өңірлер жұмыл­дырыл­ған. Жуық арада өткізу режимінің регламентіне өзгерістер енгізілетін болады», – деді Н.Оспанова.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев биылғы 20 ақпаннан 20 наурызға дейін еліміздің барлық оқу орнының кешенді қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізуді, бұл бағытта өзара әрекеттесудің тиімді тетіктерін әзірлеуді тапсырды. Бұл ретте Орта білім беру комитеті білім алушылар үшін арнайы қауіпсіздік сабақтары­ның циклін әзірлеуі қажет. Білім басқармалары оны білім беру ұйым­дарында полиция және төтенше жағдайлар департаменттерімен бір­лесіп өткізеді. Министрліктің мәліметінше, Алматы, Жетісу, Ұлытау, Абай, Қос­танай және Түркістан облыстарында мектептердегі қауіпсіздік жүйелері талапқа сай келмейтіні анықталған. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов министрліктің сынына үн қатты.
– Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жауапты органдарға бірнеше тапсырма бердім: біріншіден, облыста 60 білім беру ұйымында бейнебақылау каме­ра­лары жаңартылады. Бұған 66,3 млн теңге бөлінді. Екіншіден, барлық оқу ұйымын жедел басқару орталықтарына қосамыз. Осы мақ­сатқа биыл 94 млн теңге бөлінді. Тұ­тастай алғанда, 208 млн теңге қажет, оны мәслихаттың таяудағы сессиясында қарастырамыз, – деді облыс әкімі.
Оқу жанға жайлы болғаны жөн Үкіметтің дерегінше, биылдан бастап еліміздің барлық өңірінде бой көтеретін жаңа мектептер қауіп­сіз­дік талаптарына толық сәйкес болады. Осы мақсатта Мемлекет басшысы Қаңтар оқиғасынан кейін, 2022 жылғы 14 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынатынын жариялады. Жаңа құрылыс стандарттары бойын­ша ең озық, заманауи жабдықтармен жарақтандырылған 840 мыңнан аса оқушы орны бар жаңа мектептерді салуды қарастыратын бұл жобаны жүзеге асыру 2023 жылы басталды. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, ұлттық жоба аясында бой түзейтін мектептерде жете жабдықталған пәндік кабинеттер, жетілдірілген қауіпсіздік жүйесі, оқушыларға арналған бөлек блоктар болады. Ең бастысы, соның арқа­сын­да Қазақстанда көп жыл бойы шешімін таппай келе жатқан үш ауысыммен оқыту, апатты мектептер және оқушы орындарының тапшы­лығы жойылуы тиіс. Жайлы білім ордаларының жартысына жуығы ауылдық жерде тұрғызылатын­дық­тан, бұл ауыл мен қала арасындағы білім сапасының алшақтығын азай­туға да үлес қосса керек. Осы ұлттық жоба болмағанда елде білім саласын­дағы проблемалар жыл өткен сайын тек ушыға беретін еді.
«Тек соңғы 10 жылдың ішінде оқушылар саны 1 миллионға өсіп, бүгінде 3,7 миллионға жетіп қалды. Бұл – тарихта болмаған рекордтық көрсеткіш. Осыған байланысты мектептерге үлкен жүктеме түсіп жа­тыр. Проблемаға әсер етіп отыр­ған бес фактор бар. Олар – урбани­зация, миграция, туу көрсеткіші, мектеп ғимараттарының тозуы және мегаполистерде тұрғын үйлердің тығыз салынуы. Бұл факторлар жобада толығымен ескерілді», – деп баяндады министрлік. Осы мәселе­лерді шешу үшін 2023-2025 жылдар аралығында 842 мың оқушыға мек­теп салуға рекордтық көлемдегі қара­жат – 2,6 триллион теңге қарас­тырылды. Ұлттық жоба аясында 60 мыңға жуық уақытша және 40 мың тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Мұн­дай ірі бастама Қазақстан тари­хында тұңғыш рет қолға алыныпты.
Жайлы мектептерді даралайтын бірнеше ерекшелігі бар. Біріншіден, оларда бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимара­ты­ның жекелеген блоктарында бөлек оқиды. Сәйкесінше, олардың оқу кабинеттері, әжетханалары, спортзалдары да жеке болады. Екін­шіден, балалардың қаупсіздігін сақтау үшін бейнебақылау, дыбыс­тық дабыл сияқты қауіпсіздік ны­сан­дары орнатылады. Үшіншіден, оқушылар ауыр сөмкелерін тасып жүрмейді: әрқайсысына оқу құралдарын, ауыстыратын киімдерін қалдырып кететін жеке шкафтар беріледі, кітап оқуына, демалуына, шығармашылық әлеуетін дамытуға бар жағдай жасалады. Төртіншіден, әр мектеп физика, химия, биология, робототехника сияқты ең заманауи кабинеттермен жарақтандырылады. Әр кабинетте touch-экран орнатылып, жоғары жылдамдықты интернетке қосыла­ды. Бесіншіден, арнайы білімді қажет ететін мүгедектігі бар балалар үшін қолайлы жағдай жасалады. Алтыншыдан, спортзал мәселесі шешіледі. Мысалы, қазір 1 200 оқу­шыға арналған мектепте көбіне бір спортзал қарастырылған. Онда таңнан кешке дейін бір уақытта 4-5-сыныптың денешынықтыру сабағы өтеді. Ал жайлы мектептерде балалардың жас ерекшелігіне байла­нысты бірнеше спортзал жасақ­талмақ. Жетіншіден, жаңа мектеп­терде мұғалімдерге де барлық жағдай жасалады: кабинеттері, кәсіби зоналар, қосымша білім беруге ар­нал­ған немесе жиын өткізу залдары болады. Сегізіншіден, жайлы мек­тептер community орталығының рөлін, балаларды еңбекке баулу үшін ресурстық орталық қызметін ат­қарады. Бірыңғай стандартқа сәйкес құрылыс жүргізу, сатып алу процесін және жылдамдығын арттыру, сапаны қамтамасыз ету үшін ұлттық жоба­ның Бірыңғай операторы бекітілді. Құрылыс компаниялары тендерлер­ге қатысты түрлі проблема көтеруде, оператор Samruk-Kazyna Construction АҚ-ына сол олқылықтардың бә­рін жою жүктелді. Компания басшылығы биылды қоса алғанда, үш жылда 401 мектеп тұрғызыла­тынына уәде берді.
«Мектептер қалаларда да, шал­ғай елді мекендерде де салынады. Samruk-Kazyna Construction компа­ниясы құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзім мен талаптарға сәйкес салынуын бақылайды, мердігерлерді таңдауды ашық, тиімді етеді, нысанның сапасы мен уақытылы қолданысқа берілуіне жауапты. Компания құрылыстың егжей-тегжей жоспарын дайындап қойды. Мектептер негізінен оқушы орны тапшы аймақтарда салынады», – деп мәлім етті компания.
Жаңа мектептердің әрқайсы­сында робототехника кабинеті, бірнеше зертхана, ауданы 88 шаршы метр болатын хореография залы, үш коворкинг алаңы (бастауыш сынып оқушылары, орта сыныптар және мұғалімдер үшін) болуы керек. Әр сыныпта интерактив тақта және мұғалімге арналған компьютер болады. Жаңа мектептерде ерекше ба­ла­лар үшін кедергісіз орта құрыл­мақ. Арнайы пандустар, лифтілер, дәретханалар, инклюзив білім беру бөлмесі дайындалады. Сонымен қатар интерьер дизайнының бір­қатар элементі мен архитектуралық шешімдері ұлттық қазақы нақышта жасалуы тиіс. Қорыта айтқанда, білім сапасы жақсарса, тұтас ұлттың бәсекеге қабілеті артады. Салаға салынған инвестиция болашақта еселеп қайтады. Қазақ жастарының жаһан­дық дәрежеде биік табыстарға жетуіне жол ашылады. Олай болса, бұл бағыттағы Президенттің игі бастамалары ел игілігі үшін еңбек ете бермек.