Конкурссыз картель
Конкурссыз картель
коллаж: Еркебұлан Дүйсеболат
906
оқылды
Конкурс өткізілмеген жағдайда картельдік келісім жасалуы мүмкін бе? Неліктен бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті медициналық ұйымға осындай кінә тақты? Дегенмен Солтүстік Қазақстан облысында картельдік келісім жасады деп айыпталған кәсіпорынның кінәсі сотта дәлелденген жоқ. Әлемде коронавирус тараған кезде солтүстікқазақстандық Atlas Medical Trade кәсіпорны тағы бір­неше фирмамен картельдік келісім жасады деп айыпталған болатын. Айта кетейік, картель дегеніміз – монополияның бір түрі. Мұндай бірлестіктің көздегені – өз пайдасын ұлғайтып, нарықты бақылау. Оған өз тауары мен қызметіне әсер ету салаларын, өндіріс көлемін және бағасын реттеу үшін бір салада жұмыс істейтін компаниялар тобы кіреді. Жауапкершілігі шектеулі серік­тес­тік медициналық құрал-жабдық жеткізіп берумен айналысады. Елі­мізде коронавирус кең тараған кезде ол картельдік келісім жасады деп айыпталды. 2020 жылы пандемия кезінде еліміздің медициналық мекеме­лерінде оттегі генераторларының тапшылығы науқастарды да, дәрігер­лерді де әбігерге салған болатын. Сол кезде еліміздің Үкіметі төтенше жағ­дайды ескере отырып, «Мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін айқын­дау туралы» қаулы шығарған-тын. Оған сәйкес, конкурс өткізбей-ақ сатып алуға рұқсат етілді. Петро­павл қаласының төрт ауруханасы сол құжатқа сүйене отырып, бір көзден сатып алу тәсілін қолданып, Atlas Medical Trade ЖШС-ынан оттегі генераторын сатып алған. Яғни, тапсырыс беруші конкурс өткізбестен тауар жеткізушіні өз қалауы бойынша анықтап, онымен шарт жасасқан. «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның 13-бабының 1-1-тармағына сәйкес бір көзден сатып алу тәсілі бәсекеге қабілетті деп танылмайды. Заңға сәйкес, конкурс тәсілімен өткізілетін сатып алулар ғана бәсекелі іс болып сана­лады.
«Алайда конкурстың өткізіл­мегеніне және бәсекелестік үшін жағдайдың жоғына қарамастан, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары бойынша департаменттері былтырғы жылдың соңына қарай кенеттен Atlas Medical Trade ЖШС-ның «конкурсқа» қатысу кезінде тағы екі фирмамен көлденең картельдік сөз байласқаны туралы қорытынды шығарады. Де­пар­таменттер еліміздегі дағдарысты жағдайға байланысты медициналық мекемелер оттегі генераторларын сатып алу бойынша конкурс өткіз­бегенін, іс жүзінде бір көзден арнайы тәртіп пайдаланылғанын, ол бәсе­кеге қабілетті емес екенін білгені анық», – дейді Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі бөлімінің басшысы Айдос Кенбейілов.
Айта кетейік, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойын­ша департаментінің өкілі кәсіп­орындар ұсынған коммерциялық ұсынысты конкурсқа теңестіріп, картельдік сөз байласу туралы қоры­тынды жасаған. Бірақ департамент өкілі мұны заң бойынша дәлелдей алмады. Жалпы, қазір кәсіпкерлердің әлеуетті серіктестерге немесе тапсы­рыс берушілерге осындай коммер­циялық ұсыныс жіберуі іскерлік қарым-қатынастың нормасы сана­лады. Мамандардың айтуынша, мұндай әрекеттерді сатып алу кон­курсына теңестіру ақылға мүлдем қонымсыз. Сондықтан мұнымен келіспеген кәсіпкер «Атамекен» палатасына жүгінді. Нәтижесінде, сотқа талап-арыз түсіріліп, іс облыстық маман­дандырылған ауданаралық әкімшілік сотта қаралды.
Atlas Medical Trade ЖШС өкіл­дерінің бірі ретінде сотқа қатысқан заңгер Айдос Кеңбейіловтің айтуын­ша, сот барысында картельдік келісім жасады деп айыпталған үш фирмадан басқа тағы екі кәсіпорын анықталған. «Дей тұрғанмен, мате­риал­дар болғанына қарамастан, екі облыстың бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменттері олар туралы жұмған аузын ашпаған», – дейді Айдос Кеңбейілов.
Сотта кәсіпкерлер өз әрекет­терінің дұрыстығын дәлелдеп шық­ты. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот департаменттің Atlas Medical Trade ЖШС-ына қатысты актіні заңсыз деп танып, кү­шін жойды. Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Солтүстік Қазақстан облысы