Жанжал, шиеленіс және журналистік зерттеу. «Ащы шындық» – тек «ASTANA TV» арнасында! 27 ақпаннан бастап аптасына 4 рет, дүйсенбі мен бейсенбі аралығында көрерменге әлеуметтік реалити ток-шоудың жаңа форматын ұсынамыз! Енді Қазақстан әйелдерінің сөзі тыңдалады, үні естіледі!
«Қыздың қырық жаны» жоқ! Оның бір ғана жаны өзінің «ащы шындығын» өмір бойы жалғыз арқаламауы тиіс. Енді оған жол бермейміз! Мейлі, 18-де, мейлі, 60 жаста болыңыз! Мейлі қыз, әйел не әже болыңыз. Өткен мен бүгін, болашақ – үш шақтың шекарасын анықтап, ондағы өзіңізді тауып алатын сәт келді. Үзілген үміт, жоғалған әлеует, селкеу түскен сенім қайта тіріледі! Өйткені бізде сөзден бөлек, әрекет бар. Біз көзге көрінетін нәтиже үшін жұмыс істейміз. Сізбен БІРГЕ жұмыс істейміз!
«Режиссер үшін эмоция деген жақсы, әрине. Телевидениеге алғаш келгенде кейіпкердің көз жасын «шығарсақ», кішігірім жеңіс деп санайтынбыз. Есейген сайын оның арзан айла екенін түсінесің. Келген кейіпкер – қуыршақ театрының ойыншығы емес, тірі адам. Ол біреудің көңілін аулау үшін келмейді. Сондықтан маған маңыздысы – әр оқиғаның «happy end»-і. Қазіргі заман режиссері үшін ең қымбат эмоция сол болуы керек» , –дейді режиссер Риза Асылбекқызы.
Түйткіліңізді түгендеп, тапқаныңызды есептесеңіз, психолог, заңгер, стилист, сексологтың қызметіне өмір бойы жүгінбей өтуіңіз мүмкін шығар. Ал меценат, коуч, кәсіпкерлер мен қоғамдық қорлардың қол ұшы 20 миллионға жуық қазақстандықтың бәріне бірдей жете ме? «Ащы шындықтың» кейіпкерлері бұл сұрақтарға бас қатырмаса да болады. Қазақ телевизиясындағы үздік шығармашылық топ жоғарыда аталған «қымбат» мамандарды алдыңызға алып келеді.
«Екі қызым енеммен тұрады, маған бермейді. Балаларымды өз бауырыма басқым келеді. «Ащы шындыққа» ақтарылуға дайын отырмын. Жұмыс тауып, баспаналы болып, қыздарыммен бақытты өмір сүргім келеді» , – дейді жоба қатысушысы Саида Сүлейменова.
Саида сияқты кейіпкерлерге, ең алдымен, бағдарламаның заңгері көмектеседі.
«Өз-өзіне көңілі толмайды. Тағдыр тауқыметін тартқан әйелдердің бәріне ортақ қыр сол. Өмір алдымен олардың жанарындағы отты өшіріп, сұлулықтың, махаббаттың, арман-мақсаттың келе жатқан жолын қараңғылап тастаған сияқты көрінеді. Бірақ сол жәудіреген жанарлардағы сенімсіздікті жеңсек, қазақ әйелдерінің осалы жоқтығына мың мәрте көз жеткізер едік», – дейді бағдарлама редакторы Гүлім Чаки.
Қысқасы, «Ащы шындықтың» соңы тәтті өмірге ұласуы үшін көп тер төгіледі. Мүмкін көз жасы да. Бастысы, студияға келген кейіпкеріміздің ғана емес, экранның арғы жағындағы көрерменіміздің де нағыз бақытқа лайық екенін, түсіндіреміз, сезіндіреміз.
«Көрерменге әділдік маңызды. Өз өмірлеріне ұқсас оқиғаны экраннан көріп жатса, санада сұрақ белгілері қалмауы тиіс. Әрине, кездесуден қашып, бетпе-бет сөйлескісі келмейтін немесе соңғы сәтте теріс бұрылып, кетіп қалатын кейіпкерлер табылады. Ескі жараны тырнау немесе сатқынның көзіне тура қарау кімге оңай дейсіз? Бірақ ол шығармашылық топтың еншісінде қалатын мәселе. Сапалы, бүкпесіз, боямасыз телеөнімді ұсынып, қазақ әйелдерінің, көрерменнің алдындағы парызымызды адал орындай алатымызға күмән болмауы тиіс», – деді продюсер, жоба жүргізушісі Ғазиза Райымбек.
«Ащы шындық» жобасы 27 ақпаннан бастап «Астана» телеарнасында аптасына 4 рет, дүйсенбі мен бейсенбі аралығында сағат 17:55-те көрермен назарына ұсынылады. Қапы қалмаңыз!