Өткен ғасырдың аяғында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі тағдырына ешкім сенбеді. Ал алматылық бағдарламашы Евгений Чуриков осыдан 23 жыл бұрын интернетте қазақ тілінің электронды сөздігін әзірледі. Бүгінде Sozdik.kz сайтына күніне 50 мыңнан астам адам кіреді. Евгений сайтты құрумен ғана шектелген жоқ, ол командасындағы мүдделестерімен бірге iOS және Android-қа арналған мобильді қосымшалар ойлап тапты. Сөздік қазақстандықтар арасында ғана емес, шетелдіктер арасында да кең таралған. Пайдаланушылар айына 3 миллион сөз аударады. Осыған орай, Sozdik.kz сайтының негізін қалаушы Евгений Чуриковпен тілдестік.– Sozdik.kz сайтын жасау идеясы ойыңызға қашан келді?
– Бұл жобаны жасау туралы идея осыдан 23 жыл бұрын келді. Себебі 2000 жылдардың басында интернетте қазақ тілінде ақпарат алу өте қиын болатын. Осылайша, бағдарламашы ретінде мені интернетте қазақ тіліндегі парақшалардың механизмін құру амалы қызықтыра түсті. Ол кезде аталмыш тақырып өте аз зерттелді де, мемлекеттік тілдегі парақшалар тым аз болатын. Ол шақ қазақ тіліндегі әріптердің бірде-бір шрифті енбейтін Windows 98 компьютерлерінің дәуірі еді. Аталған тақырыпты зерттегеннен кейін мен ақыры динамикалық тұрғыда терең шрифтердің технологиясы негізінде қазақ тіліндегі парақшаларды жасап шығара бастадым. Осылайша, қазақ тілінде сайт құрып, осы технологияның пайдалы және практикалық қолданылуы туралы ойландым. Нәтижесінде интернет желісінде қазақ-орыс және орыс-қазақ сөздігін құру туралы идея келді. Яғни Sozdik.kz – менің кәсіби тұрғыда қызығушылық танытып, бастаған жобам.
– Жалпы өзіңіз қазақша білесіз бе? Қазақ тіліне деген қызығушылық қалай пайда болды?
– Қазақ тілін жетік білемін деп айта алмаймын. Бірақ, өз жұмысымның талабы бойынша көптеген қазақ сөзін жаттап алдым. Кейде тіпті сайтта қолданушылардың сұрақтарына жауап бере отырып көмектесе де аламын. Жалпы, кез келген тілді меңгеру уақыт пен ерік-жігерді талап етеді. Сонымен бірге, тілді үйренуде тұрақтылықтың да маңызы зор.
– Сонда негізгі мамандығыңыз бағдарламашы ма? Өзіңіз жайлы айтып беріңізші?
– Мен Алматы қаласында дүниеге келдім.1996 жылы Алматы энергетикалық институтын үздік бітіріп, 1997-1999 жылдары КИМЭП-те магистратураны тәмамдадым. 2000 жылы «Алматыдағы бизнес» және 2001 жылы «Бағдарламалық қамтамасыз етуді коммерцияландыру» тақырыптары бойынша АҚШ-та тағылымдамадан өттім. 2000-2005 жылдары Халықаралық зерттеулер және алмасулар жөніндегі кеңесте уеб-бағдарламашы және аймақтық бағдарламалық қосымша әзірлеуші болып жұмыс істедім. Одан кейін Қазақстанда консультациялық көмек көрсетіп, уеб-сайттарды әзірлеу бойынша курстар өткіздім.
– Бұл жобаны бастаған кезде сайтта өзіңіз ғана жұмыс істедіңіз бе? Sozdik.kz ашылған кезде инвестиция тарту қиын болды ма, әлде маман табу қиын болды ма?
– 1999 жылдың күзінен бастап жобада өзім жалғыз жұмыс істедім. Алғашқы жылым толыққанды сөздік қорын құруға жұмсалды. 2000 жылы қор дайын болғаннан кейін сайттың алғашқы нұсқасының коды жазылып, кейін ол интернетте жарияланды. 2002 жылдан бастап сайт қазіргі доменде жұмыс істей бастады да, оның танымалдылығы арта түсті. 2004 жылы осының арқасында алғашқы грантқа де ие болдық. Осылайша, жобаға бірнеше қазақ тілі маманын жұмысқа алдым. Олардың негізігі жұмысы сайттағы сөздік қорын тексеру еді.
– Қазір Sozdik.kz-те қанша сөздік қоры бар? Бұл жоба басқа онлайн аудармашылардан несімен ерекшеленеді?
– Қазіргі уақытта сөздікте аударманың әр бағыты бойынша 60 000-ға жуық сөз тіркесі бар. Сөздерді қолдану мысалдары 400 мыңға жетеді. Сайт пайдаланушының сұраған сөзін тікелей аударып бере салмайды. Сол сөзге ұқсас басқа мағыналарды да мысалдармен көрсетеді. Мысалы, «Милого аппетита» деген сөздің: «ас дәмді болсын, ас тәтті болсын, тәбетіңіз ашылсын» деп бірнеше аударма нұсқасын ұсынамыз. Дегенмен кейбір сөздерді қазақтың әр аймағы әртүрлі қолданады. Айталық, «Тетя» сөзі бірқатар аймақта «тәте» деп аударылса, Таразда бұл сөз «аға» деген мағынаны білдіреді. Мұндай сәттерде біз сөздік қорымызға сөздің бірнеше мағынасын жазып, жақшаға: «осындай өңірде осындай мағынада қолданылады» деп анықтама беріп қоямыз. Осылайша, көптеген сөздің синонимдерін көрсетеміз. Сондай-ақ, сөздің фонетикалық жазылу нұсқалары да көрсетілген. Ал 16 мыңнан астам сөз қазақ тілінде дыбысталды. Бұл қазақша үйреніп жүргендер үшін өте пайдалы. Олар сөзді аударып қана қоймай, қалай дұрыс айтылатынын да тыңдай алады.
– Сайттың аудиториясы қандай? Пайдаланушылар тарапынан сұраныс қай деңгейде?
– Негізгі аудиторияны бірнеше топқа бөліп қарастырар едім. Бірінші топ – оқушылар мен студенттер. Олар үй тапсырмасын орындау кезінде немесе қазақ тіліндегі әдебиеттерді оқу кезінде онлайн сөздікті пайдаланады. Екінші топ – ересектер. Олар жұмыстағы тапсырмаларды аудару үшін немесе қазақ тілін үйрену үшін онлайн сөздікті пайдаланады. Осы топтың ішінде кеңсе қызметкерлері де бар. Ал үшіншісі – кәсіби аудармашылар. Олар сөздік сайты арқылы белгілі бір сөздің мағынасын нақтылап, қолдану мысалдарын да көре алады. Дәл осы топ жиі кері байланыс жасап, пікірлерімен бөлісіп отырады. Олар кейбір сөздердің мағынасын нақтылап, қате аудармаларды түзетуге сұраныс жіберіп отырады. Қазіргі уақытта 20-22 мың пайдаланушы жұмыс күндері тәулігіне 100 мыңнан астам аударма жасайды.
– «Sozdik.kz» орыс тіліндегі сөз тіркестері мен кейбір сөйлемдерді сөзбе-сөз емес, мағынасы бойынша аударғысы келетінін айттыңыз. Ал мағынасы бойынша аударуға келмейтін сөз тіркестері мен сөйлемдер кездесе ме?
– Иә, тұрақты сөз тіркестерін міндетті түрде мағынасына қарай аудару керек. Сөздіктің электронды базасына әлі енбеген көптеген сөз тіркесі, фразеологиялық тіркес, мақал-мәтел әлі де бар. Бұл мәселе сөздік қорын біртіндеп толықтыру және түзету арқылы шешіледі. Бұған сөздікті қолданушылардың өздері үлкен көмек көрсетіп отыр. Олар қате аудармалар байқаса, мысалы, орыс тілінен қазақ тіліне аударылған калька аударманың дұрыс нұсқаларын жібереді.
– Онлайн сөздікті құрастыру кезінде мемлекеттік мекемелер тарапынан қолдау болды ма? Әлде тек халықаралық қорлардың гранттарымен жұмыс істейсіздер ме?
–Осы уақытқа дейін мемлекеттік органдардан қаржылық қолдау сұраған емеспін. 2004 жылы Халықаралық қордың қазақстандық өкілдігінен грант алдық, ал 2013 жылы өздерінің сайттарында және біздің қосымшада өз қызметтерін орналастыра отырып, жобаға қазақстандық банктердің бірі көмек қолын созды. Қазір жоба негізінен сайт парақшасына баннерлік жарнама орналастыру есебінен «өмір» сүріп келеді. Сондай-ақ, сайт пайдаланушылары жобаны одан әрі дамытуға қаржылай көмек көрсетіп тұрады. Сол үшін банктік есепшоттарымыздың нөмірін «Жобаға көмек» бөлімінде көрсетіп қойдық. Бұл аз болса да, «sozdik.kz»-тің болашағына тікелей қолдау.
– Қазір жобада қанша адам жұмыс істейді? Сөздік қорды жиі жаңартып отырасыздар ма?
– Сайттың бағдарламалық бөлігінде негізінен өзім жалғыз жұмыс істеймін. Бірақ, менің астаналық Асқар Сыздықов деген досым бар. Ол – sozdik.kz сайтының Android және iOS қосымшаларының авторы. Біз екеуіміз екі қалада тұрып жатқанымызбен, өзара берік қарым-қатынаста жұмыс жүргіземіз. Осының арқасында жобаның сапалы әрі ыңғайлы мобильдік қосымшалары жасалды. Сөздік қорды жаңартуға тұрақты түрде мамандарды жұмылдырып, сөздік базасындағы белгілі бір фрагменттерді тексеріп отырамыз. Базаға толықтырулар мен өзгертулер жиі енгізіледі. Тіпті, жобаға өз талап-тілегі бойынша сөздік қорға әрдайым түзетулер мен толықтырулар енгізіп, көмек көрсететін еріктілер де бар.
– Sozdik.kz сайты жайлы жақсы пікір айтатындар көп пе, әлде сынайтындар көп пе?
– Негізінен, біздің сайт пен қосымшалардың пайдаланушылары жұмысты оң бағалайды. Бұған біздің Android қосымшасындағы парақшаға қалдырылған пікірлерді оқысаңыз көзіңіз жетеді. Бір қызығы, қазақ тілін жақсы білетін пайдаланушылар жиі оң пікір білдіреді. Теріс бағалар сайттың жұмыс механизмін түсінбеген адамдардан келеді. Мұндай адамдар ұзақ мәтінді аударуға тырысады немесе грамматикалық тұрғыда қате жазылған сөздерді енгізеді. Осындай жағдайларда сөздік аударуға көмектесе алмайды. Сөздікті сонымен бірге белгілі бір сөздің мағынасын ажыратып, оны қолданудың үлгісін көрсетіп бере алатын кәсіби аудармашылар да қолданады.
– Жалпы жобаның болашағын қалай елестетесіз?
– Сөздік қорын, әсіресе қазақ-орыс аударма бағытында толықтыру қажет. Қазіргі уақытта қазақ тілінің барлық сөздері базада жоқ. Көп жағдайда сөздік аударманы дәл бере алатындай қазақ тілінің морфологиясын да енгізіп қою аса пайдалы болар еді. Сонымен бірге, ағылшын-қазақ және қазақ-ағылшын бағыттарын да базаға қосып қойғымыз-ақ келеді. Аталған идеяны жүзеге асыру үшін тағы да қаржылай қолдау керек.
– Әңгімеңізге рақмет!