«Әсем ән мен тәтті күй» бойды алып, жүректі тербеу үшін құлақтан кіруі жалғыз шарт емес екен. Өйткені құлағы естімейтін жандар да музыканы сезініп, керек десеңіз, ым-ишара тілінде әндете алады. Астаналық Анар Баянова мен Ерхан Төлеубек – өнерде шекара жоқ екенін дәлелдеп жүрген осындай жастар. Күрделі тілдің күрмеуін шешіп алады Жиырма тоғыз жастағы Анар Баянованың ым-ишара тілінде ән айтып жүргеніне 3-4 жылдай болыпты.
«Негізі біздің кейбіреуіміздің есту қабілетіміз төмен болса, кейбіреуіміз мүлдем естімейміз. Мен арнайы есту аппаратын тағамын, дыбыстарды аз-маз болса да естимін. Музыканы бала күнімнен жақсы көремін. Мүлдем естімейтін достарыммен әндер туралы әңгімелесейін десем, олар мені түсінбейтін. «Бұл ән не туралы? Мағынасы қандай? Ырғағы күшті ме?» десіп, жиі сұрайтын. Бір күні оларға өзім тыңдайтын әндерді ым тілінде аударып бердім. Менің бұл салаға қызығушылығым осылай басталды», – дейді Анар.Кейіпкерімізге ым тілінде әндетуге сурдоаудармашылар көмектескен. Туғалы есту қабілетінде мүкістігі бар немесе мүлдем естімейтін адамдарға қарапайым мәтіндерді түсіну қиынға соғады. Өйткені олардың қолданатын жазба тілінің құрылымы барынша оңайлатылған. Көпшілікке арналған мәтіндердегі теңеу, эпитет, метафора тәрізді сөз оралымдары бұл тілде жоқ. Ал сурдоаудармашылар сол күрделі тілді түсінікті етіп жеткізуге көмектеседі.
«Ым-тілінде әндеткенде, әндегі әрбір сөзді емес, оның жалпы мағынасын аударуға тырысамыз. Мысалы, орысша әндердің мәтінінде «сжечь мосты» деген тіркес жиі кездеседі. Оны ым тілінде «көпірді өртеу» деп тікелей аударуға болмайды, онда бізді ешкім түсінбейді. Ал оны «ішкі жан-дүниеңді өзгерту, батыл шешім қабылдау, байланысты біржола үзу» деген сияқты аударсақ, көрермен де тез түсінеді», – дейді Анар.Дыбыстың жүгі эмоцияда Ерхан Төлеубек мектеп қабырғасынан бері ым тілінде ән айтады. Қазір ол жиырма бес жаста. Бүгінге дейін үлкен сахналарда бірнеше рет өнер көрсеткен екен. Тіпті, ерекше балаларға арналған «Жұлдыз-ай» байқауында эстрада әншісі Қайрат Нұртаспен бірге «Ана» әнін ым тілінде орындаған.
«Ым тілінде ән айтуды мектептегі мұғалімім үйретті. Бұл бір құдды хирургиядағыдай нақты кезеңдерден тұратын, белгілі бір реті бар алгоритм сияқты. Әуелі, әнді түсініп, талқылап, не туралы екенін ұғынып аламыз. Екінші қадам – оны қазақ немесе орыс тілінен ым тіліне аудару. Ал қазақша ым тілі мен орысша ым тілі бірдей емес, оны да ескеру керек. Үшіншіден, әннің ырғағын сезінеміз. Төртінші, ең соңғы сатыда театр элементтері мен эмоция қосамыз», – дейді Ерхан.Айтпақшы, эмоция – ым тілінде әндетудің ең басты ерекшелігі. Қарапайым көпшілік әнді тыңдағанда оған барлық ақпарат құлаққа келіп тұрса, ым тілінде бұл процесс эмоция арқылы компенсацияланады.
«Әннің мұңды тұсында қабағымызды салбыратып, қуанышты жерінде жымиып, әуен екпіндейтін шақтарда оны бүкіл түр-тұрпатымызбен көрсетеміз. Сондықтан сахнаға шығар алдында бар ынты-шынтың әнде болуы керек. Әлдебір дүниеге алаңдап тұрғанда, ымдап әндету мүмкін емес, оны көрермен түсініп қояды. Жүрекпен орындаған әнің ғана олардың жүрегіне жетеді», – дейді Ерхан.Ым тілінде синонимдерді «сүймейді» Ым тіліндегі әннің құрылымы қарапайым ән мәтінінен басқашалау. Мәселен, ән мәтінінде Абай немесе Ньютон деген секілді әйгілі адамның есімі болса, ыммен әндету барысында оны жалпылама түрде «әйгілі адам» деп аударады. Себебі, адам есімін дактиль алфавиті бойынша әріптермен түсіндіріп отыру көп уақытты алады, яғни әннің ырғағына ілесе алмай қалу қаупі бар. Ым тілінде айтуға келмейтін әндер де бар екен. «Сұлу», «сүйкімді», «аузы оймақтай», «кең маңдай», «бота көз» деген секілді тым көп синоним кездесетін әндер ым тілінде онша әдемі болып шықпайды. Ым тілінің қоры ауызша тілге қарағанда азырақ болғандықтан, мағынасы ұқсас сөздердің бәрі әдетте бір ишарамен түсіндіріледі: синонимдердің бұл тілде «сүйкімсіз» болатыны содан. Анардың айтуынша, ым тілінде ән айтатын әрбір әнші туындыны өзінше бөлек орындауы мүмкін: яғни әндердің тұрақты сурдоаудармасы жоқ.
«Бір әнді балалар тілімен де, жастар тілімен де, үлкендер тілімен де «айтып» шығуға болады: жалпы мағына сақталады, тек сөз қолданысы әртүрлі», – дейді ол.Әнді «айтпаймыз», әнді «жеткіземіз» Қалың көпшіліктің сүйікті әншілері секілді, ым тілінде ән айтатындар арасында да адамдар сүйіп тыңдайтын, дәлірек айтсақ, тамашалайтын әншілер бар. Біздің кейіпкерлеріміз солардың бірі ретінде Гүлжайна Ерғали мен Алмат Теңізбай есімді өнерпаздарды атады.
«Біз әдетте «ән айту» деген тіркесті қолдансақ, есту қабілеті нашар адамдар үшін «әнді жеткізу» деген тіркес көбірек келіңкірейді. Олар әнді сезіну үшін әншіге біраз еңбектенуге тура келеді. Мысалы, Гүлжайна Ерғали есімді өнерпаз біздің ортамызда танымал. Ол күнделікті өмірде ым тілінде әңгіме айтқанның өзінде бояуын қанық қылып тамаша жеткізеді: ым-ишарасынан фильм көріп отырғандай боласың. Бұл қабілеті оған сахнада жақсы көмектеседі: әнді орындап тұрғанда әдемі қимылымен, эмоцияны шебер көрсетуімен көпшіліктің жүрегін баурап алады», – дейді «Жаснұр» саңыраулар қоғамдастығының сурдоаудармашысы Диана Тагирдянова.Соңғы жылдары әлеуметтік желілердің дамуымен қазақ жастары арасында әндердің сурдоаудармасын орындап жүрген қыз-жігіттер қатары көбейіп келеді. Мысалы, Дәулет Базарбай, Лаура Казимова, Роза Жаңғабылова секілді желі қолданушылары қазіргі күні хитқа айналған көптеген қазақша әнді ым тілінде жеткізіп, өнердің шекарасын кеңейтуге үлес қосуда. Эминемнің сурдоаудармашысына құрмет бөлек Батыс әншілері арасында сурдоаудармашымен бірге өнер көрсету деген жақсы тәжірибе бар. Жақында АҚШ-тағы ең танымал спорттық шаралардың бірі – «Супербоулда» әнші Рианнаның сурдоаудармашысы болған Джастина Майлз әлем халқын тәнті етті. Әннің сурдоаудармасын жан-тәнімен беріле жасап әрі сол алаңдағы атмосфераны тамаша жеткізе білген жиырма жастағы Джастинаға құлағы еститіндердің өзі тамсана қол соқты. Жұртшылық арасында атақты рэп орындаушысы Эминемнің сурдоаудармашысы да ерекше құрметке ие. Эминемнің ең шапшаң рэп орындаушыларының бірі екенін ескерсек, сурдоаудармашысының кәсібилігіне де шек келтіру қиын болар. Мысалы, рэпер орындайтын Godzilla әнінің үшінші шумағында 30 секундтық сегментке 225 сөз сыйған, демек әнші секундына 7 жарым сөз айтып үлгереді. Енді осыны сахнада ым тілінде синхронды түрде аударып тұрудың қаншалықты қиын екенін бағамдай беріңіз!
«Өкінішке қарай, біздің елде, тіпті, ТМД көлемінде мұндай тәжірибе жоқ. Әншілердің жеке сурдоаудармашысы болмақ түгілі, үлкен концерттерде де ондай мүмкіндік берілмейді. Сол себепті, әншілердің өнерін тамашалау тек құлағы еститін адамдарға қолжетімді. Ең болмағанда, концерт залдарында сахнаға жақын белгілі бір орындарды бізге, яғни құлағы нашар еститін адамдарға арнап бекітіп қойса, біз де билет алып барар едік», – деп қынжылысын білдірді Ерхан сөз соңында.ТҮЙІН:
Музыканы расында әлемдегі ең таңғаларлық құбылыстардың біріне теңейміз: ауадағы акустикалық толқындар біздің сезімдерімізді оятып, эмоцияларымызды төңкереді. Бірақ неліктен сол ғажап процесті қабылдауға құлақ қана керек деп шештік екен?! Өнерді шекарасыз әлем дейтініміз қайда сонда?!