Абай, Ұлытау, Жетісу: жаңадан құрылған облыстардың бүгіні мен болашағы
Абай, Ұлытау, Жетісу: жаңадан құрылған облыстардың бүгіні мен болашағы
1,226
оқылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің әкімшілік-аймақтық құрылымын жетілдіру мәселесіне ерекше назар аударды. Осылайша, ел аумағында жаңа үш облыс құру туралы ұсыныс білдіріп, 2022 жылдың маусымында республика картасында жаңа үш аймақ пайда болды. Ал бүгінде жаңадан құрылған облыстардың халі қандай? Осы сұраққа жауап іздеу мақсатында Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарының қазіргі жағдайы мен даму жоспарына шолу жасадық.   Абай облысы [caption id="attachment_244997" align="alignnone" width="1280"]Абай Фото: inbusiness.kz[/caption] 2022 жылғы 8 маусымдағы Президент Жарлығына сәйкес, бұрынғы Семей облысы ШҚО құрамынан бөлініп шығып, Абай облысы болып бекітілді. Оның құрамына сегіз аудан және облыстық маңызы бар екі қала – Семей және Курчатов кірді. Абай өңірінің әкімі болып бұрын Астанадағы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы қызметін атқарған Нұрлан Уранхаев тағайындалды. Бүгінге дейін өңірді дамыту мақсатында түрлі шаралар атқарылды және ол жалғасын таба бермек. Мәселен, облыста 2023 жылдан 2027 жылға дейінгі кезеңге 3,4 трлн теңгеге бағаланған жобалар жоспарланып отыр. Одан бөлек, тек Семей қаласына ғана тартылған инвестиция көлемі артып келеді. Осының  барлығы аймақтағы экономикалық көрсеткіштің біршама жақсаруына септігін тигізді. Былтыр облыстағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 750 млрд теңгеге жуықтаса, жыл басынан бері аймаққа 197 миллиард теңге инвестиция тартылған. Сондай-ақ өңірде тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында да маңызды шаралар жүзеге асып жатыр. Қазір ең алдымен жастарды тұрғын үймен қамту мәселесіне баса назар аударылып отыр. Осы орайда 2022 жылдың желтоқсан айынан бастап «Абай жастары» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Біршама ғасырлық тарихы бар Семей қаласының сыртқы көрінісі де көркейіп келеді. Әкімшілік орталықта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғын үйлердің сырты жаңа кейіпке енген. Сонымен қатар  жаңа көпір құрылысы басталып, бүгінге дейін «жаңа» болып есептелген аспалы көпірдің астында орналасқан саябақ толық жөндеу жұмысынан өтті. Бұл туралы облыс басшысы Нұрлан Ұранхаев 2022 жылдың соңында берген қорытынды есебінде айтқан болатын. Алайда аймақта шешімін табуы қажет мәселелер де аз емес. Соның бірі ретінде Нұрлан Ұранхаев өңірдегі кадр тапшылығын айтқан болатын.
«Алдымызда кезіккен мәселелер аз болмады. Басты мәселе – Семей мен Абай облысындағы кадр тапшылығы. Иә, қалалық әкімдікте жұмыс істейтін тәжірибелі басқарушылар бар. Бірақ облыстық деңгейге көтерілгендіктен, жұмыс ауқымы еселеніп, сұранысымыз артып отыр. Бұл дегеніміз – біздің мамандар вице-министр, департамент, комитет басшылары деңгейіне дейін көтеріле алатындай болуы қажет. Өкінішке қарай, Семейде мұндай адамдар жоқ, көбісі әлдеқашан кетіп қалған. Сондықтан жұмысты нөлден бастап жатырмыз. Бастапқыда бөлімдер екі-үш адаммен ғана жұмыс істегені өтірік емес. Болашақ басшылар ретінде жастарды көбірек қамтуға тырысудамыз», – деді облыс әкімі.
Абай облысы өз алдына жеке облыс болып жасақталған соң оның даму жоспары да өзгерді. Биыл жыл басында Үкімет аталған аймақтың 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын бекітті. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарында 9 бағыт бойынша 102 іс-шара көзделген. Өнеркәсіпті дамытуға – 8 іс-шара, оның ішінде тау-кен байыту комбинатын салу және «Айдарлы» мыс кен орнын өнеркәсіптік игеру бар. 2028 жылға қарай облыс экономикасына 1,3 трлн теңге инвестиция тартылып, өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 1,5 есе өсіммен 1,4 трлн теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатында 100,3 млрд теңгеге 13 жоба іске асырылатынын мәлімдеді.
«Бесқарағай және Жарма аудандарында ет өңдеу комбинатының, суару жүйелерінің, сүт-тауар фермаларының құрылысы жоспарланып отыр. Осылайша, өңірдің ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 2028 жылға қарай 1,5 есеге немесе 725,9 млрд теңгеге дейін өседі. Туризм саласында 41 млрд теңгеге 6 іс-шараны іске асыру, оның ішінде сауда ойын-сауық орталықтары (Семей – 3,7 млрд теңге), қонақүй кешені (Семей – 24 млрд теңге) және Алакөл көлінің жағалауындағы демалыс базасын салу (6,1 млрд теңге) жсопары», – деді Ұранхаев.
Сондай-ақ облыстағы білім беру саласында да бірқатар игі бастама күтіліп отыр. Апатты, тозығы жеткен мектептерді жою үшін білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен 510 орындық 6 шағын жинақталған мектеп салу жоспарланып отыр. Ал жақында Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған Семей қаласындағы 150 орындық оңалту орталығының құрылысы аяқталды.
«Кешенді жоспарға Семей және Аягөз қалаларында тағы екі оңалту орталығын салу ескерілді. Өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту үшін қатты-тұрмыстық қалдықтар полигонын, қатты-тұрмыстық қалдықтар полигонында ғимарат (ангар) салу және жаңғырту жоспарланған. Кешенді жоспарды іске асыру өңір экономикасының өсу қарқынын арттыруға мүмкіндік береді және халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуды қамтамасыз етеді», – деді Нұрлан Ұранхаев.
  Ұлытау облысы [caption id="attachment_245000" align="alignnone" width="1202"]Абай Фото: where-you.com[/caption] 2022 жылдың 8 маусымындағы Президент Жарлығына сәйкес, жаңадан құрылған облыстың бірі – Ұлытау облысы. Ұлытау облысының құрамына үш қала – Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев, екі аудан – Жаңаарқа және Ұлытау кірді. Облыстың жалпы ауданы – 18 893 661 гектар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ұлытау облысының әкімі болып Берік Әбдіғалиұлы тағайындалды. Ел Үкіметі Ұлытау облысын дамыту мақсатында 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық кешенді жоспар бекіткен болатын. Қазір өңірді жандандыру жолында атқарылуы тиіс жұмыстар жоспарға сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Ұлытау өңіріне республикалық бюджеттен 375 млрд теңге тартылған. Оның ішінде 144 млрд теңге – жергілікті бюджеттен, ал 1,8 трлн теңге – инвестиция. Бөлінген қаржы негізінен металлургия өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын дамытуға бағытталған. Алдағы уақытта облыста 9 жаңа зауыт пен өнеркәсіптік кешен, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша 11 инвестициялық жоба іске қосылмақ. Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 130 шақырым жылу желілерін, 300 шақырым су құбыры желілерін және 127 шақырым су бұру желілерін салу және жаңғырту жоспарланып отыр. Сондай-ақ облыста медициналық мекемелердің жетіспеушілігі проблемаларын шешу үшін 5 денсаулық сақтау объектісін салу және күрделі жөндеуден өткізу көзделген. Ал білім беру саласында 880 орындық 4 жаңа балабақша мен 1 100 оқушыға арналған 4 оқушылар сарайын іске қосу жоспарланған. Бұдан бөлек, мемлекеттік техникалық университет ғимараты салынуы мүмкін. Өңірді дамыту мәселесінде мәдениет және спорт саласы да назардан тыс қалмады. Облыс бойынша 6 мәдениет нысаны, оның ішінде музыкалық-драма театры, амфитеатр және 10 спорт нысанын салу және реконструкциялау туралы жоспар әзірленген. Аймақта тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында да іс шаралар атқарылады. Шамамен 137 үйге әсер ететін Жезқазған қаласының тұрғын үй қорын және теміржол вокзалы және әуежай ғимаратын жаңарту жүргізілетін болады. Бұдан басқа, еліміздің басқа қалаларымен әуеқатынасының жаңа бағыттары ашылады деп болжануда, сондай-ақ 400 шақырымға жуық автожол салу, реконструкциялау және жөндеу көзделген. Сонымен қатар шағын және орта бизнесті дамыту және өңірдің минералдық-шикізат базасын кеңейту жөнінде шаралар қабылданатын болады. Премьер-Министр Ұлытау облысының еліміздегі металлургия, химия, жеңіл өнеркәсіп және машина жасау саласын дамытуда маңызы зор екенін айтқан болатын. Сондай-ақ ол 2026 жылға дейін 9,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құрылатынын жеткізді.
«Кешенді жоспарды орындау жаңа облыстың дамуына айтарлықтай серпін береді және өңір халқының әл-ауқатын арттыруға жағдай жасайды. Сонымен қатар  тұрғын үй және көлік инфрақұрылымын, әлеуметтік саланы дамыту бойынша жобалар іске асырылып, экологиялық проблемалар шешіледі», – деді Әлихан Смайылов.
Осы ретте аймақта металлургия өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға ерекше назар аудару көзделген. Сондай-ақ жергілікті бюджет қаражаты есебінен «Табысқа жету жолы» атты бизнесті қолдаудың өңірлік бағдарламалары әзірленбек. Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы Абай облысындағыдай кадр тапшылығы мәселесі Ұлытау облысында да болғанын айтқан болатын.
«Облыстық басқармаға біз қызметкерлерді қаладан, аудандардан әкімдіктерден алуға тырыстық. Әр ауданнан 1-2 адамнан қабылдадық. Өңірлерде жұмыс істеуге дайын, әлеуеті, мүмкіндіктері бар азаматтарды анықтау мақсатында тұрғындармен кеңестім. Себебі  облыстық басқарма басшылығына халық сенетін тәжірибелі адамдар  маңызды», – деген еді Берік Әбдіғалиұлы.
2023 жылдың басында кадр тапшылығы мәселесін азайтып, білікті мамандарды дайындау мақсатында Жезқазғанда «Жас мемлекеттік қызметші мектебі» ашылып, өз жұмысын бастап кетті. Мұндай республикалық жобаны ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті облыс әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырды. Осылайша, Ұлытау облысында аймақты дамыту, тұрғындардың негізгі мәселелерін шеше отырып, өңірді жандандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.   Жетісу облысы [caption id="attachment_244999" align="alignnone" width="1202"]Абай Фото: tinfo.kz[/caption] Былтыр маусым айында Мемлекет басшысының Жарлығымен Жетісу облысы құрылып, Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына көшірілді. Жетісу облысының құрамында 10 аудан мен екі қала бар. Жаңадан құрылған Жетісу облысы  халқының саны – 667 мың адам. Облыс әкімі болып Алматы облысының тумасы, бұрынғы елші және бұрынғы сенатор Бейбіт Исабаев тағайындалды. Облыс әкімдігінің 2025 жылға дейінгі жоспарында жалпы сомасы 640 млрд теңге болатын ауыл шаруашылығы секторына бағытталған 178 жобаны іске асыру көзделген. Жетісу облысының жер көлемі 11,8 млн гектарды құрайды. Оның 4,5 млн гектарға жуығы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, оның ішінде 3,7 млн гектар жайылым жер. Бүгінде өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 165 компания жұмыс істейді. Ал 2022 жылдың аяғына қарай АӨК кәсіпорындары құны 476 млрд теңгеден астам сомаға тең болатын өнім өндірген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Жетісу өңірін дамытуды тікелей өз бақылауына алып, кейбір мәселелерге арнайы назар аударған болатын. Президент өңірде ауыл шаруашылығын дамытуды және азық-түлік өнімдерін өндіруді алға шығару қажет екенін мәлімдеді. Себебі  Мемлекет басшысының сөзінше, Жетісу облысының ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті өте зор.
«Бүгінде Жетісу облысы бойынша 100 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан жер анықталды. Жер – халықтың байлығы. Ол барлық азаматтың игілігіне жарауы керек. Әкімдер бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауы қажет. Облыстың суармалы жерлерді игеруге зор мүмкіндігі бар. Бүгінде аймақтағы жер суаратын желілердің 70 пайызы тозып тұр. Оның бәрін жаңғыртып, қалыпқа келтіру керек. Ақсу, Алакөл және Сарқан аудандарында суармалы жердің көлемін 18 мың гектарға ұлғайтуға болады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі облыс әкімдігімен бірлесіп, осыған орай нақты шаралар қабылдасын», – деген еді Президент өз сөзінде.
Жетісу өлкесі – табиғи байлықтарымен  танымал. Сондықтан жергілікті әкімдік аймақта туризмді дамытып, сол арқылы экономиканың дамуына жағдай жасамақ. Мысалы, Жетісудағы ұлттық сааябақтар аумағында құны 3 млрд теңгеден асатын ауқымды жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Осы мақсатта ірі инвесторлар да тартылып қойған. Облыстағы өнеркәсіп саласының даму көрсеткіштері де көңіл қуантарлықтай. Жыл басынан бері сала бойынша 23 нысан пайдалануға берілген. Оның ішінде бірнеше жылдан бері тоқтап тұрған жоғары сапалы кремний өндіретін Kazsilicon зауытының қайта іске қосылуы мен темірді тікелей тотықсыздандыратын «Электромарганец» зауытының құрылысын ерекше атап өтуге болады. Сонымен қатар  өңірде 7 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп, 162 жобаны қамтитын инвестициялық бағдарлама әзірленген. Бұдан бөлек,   өңірді дамытуға септігін тигізетін жобаларды жүзеге асыру мақсатында инвесторларды көптеп тарту көзделіп отыр. Облыс аумағында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту мәселесі де күн тәртібінде тұр. Аймақтағы халықтың  90%-ы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілгенімен, су құбыры желілерінің көпшілігі әбден ескірген. Сондықтан өңірде 1 200 шақырым құбыр желісі күрделі жөндеуден өткізуді қажет етеді. Қазір өңірлік әкімшілік осы мәселені басты назарға алуды жоспарлап отыр. Облыстағы жол мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, бүгінде «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» және «Үшарал – Достық» тасжолдарының құрылысы жүріп жатыр. Жол салу және жол жөндеу жұмыстары келер жылы толықтай аяқталады деп жоспарланған. Осылайша, қазір облыста атқарылып жатқан және болашаққа жоспарланған шаралар өңір экономикасын ілгерілетіп, халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталып отыр. Мемлекет басшысының  ұсынысымен аталған өңірлер аудандық деңгейден облыстық деңгейге өтіп, жаңа мәртебеге ие болды. Абай, Ұлытау және Жетісу өңірлерін жаңа әкімшілік орталықтарға айналдыру, оларға мемлекет бюджетінен қаржы бөліп, арнайы инвесторлар тарту әлеуметтік-экономикалық жағдайы әлсірей бастаған аймақтардың қайта дамуына жағдай жасады.