Бүгін Respublica төрағасы Айдарбек Қожаназаров пен тең төрағалары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар бір күн бойы партияның байланыс орталығының операторлары болып, партия қатарына қосылған жақтастарын телефон арқылы құттықтады.
Call-орталық Respublica партиясы құрылған кезден бастап өз жұмысын бастады. Онда орташа есеппен, күніне 1000 және одан да көп қоңырау түседі. Науқан кезеңінде байланыс орталығына 60 000-нан астам қоңырау түсті.
Ал бүгін Respublica жетекшілері мен депутаттыққа кандидаттар күні бойына Call -орталықтың операторы болып жұмыс істеді. Олар тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, партия қатарына өтуге өтініш білдірген азаматтарды құттықтады.
«Қайырлы күн, сіз партияға кіруге өтініш жібердіңіз. Менің есімім – Айдарбек Қожаназаров. Сізді құттықтау үшін телефон соғып отырмын. Сіз біздің партияның мүшесі болып тіркелдіңіз. Үш күннен кейін электронды поштаңызға партбилет жібереміз. Бізбен бірге болғаныңызға рахмет! Қазақстанды бірге дамытайық!» – деді партия төрағасы А.Қожаназаров қоңыраулардың бірінде.
Айта кетерлігі, азаматтар Respublica партиясының Сall-орталығына түрлі сұрақтармен жүгінеді. Жиі қойылатын сұрақтар: «Партияға қалай кіруге болады?», «Партия билетін қалай алуға болады?», «Партия қатарына өту шарттары қандай?», «Фирмалық партия аксессуарларын қалай алуға болады?» және т.б. Кейбір азаматтар партияның сайлауалды бағдарламасы туралы, сондай-ақ алдағы Парламент сайлауының ерекшеліктері жайында көбірек білуге тырысады.
Операторлар Қазақстан халқына барлық мәселелер бойынша кеңес беріп, мүмкіндігінше көмектесуге әзір.