Темірден киіз үй жасаған шебер
Темірден киіз үй жасаған шебер
1,552
оқылды
Түркияда зілзала болып, халық баспанасыз далада қалғанда, қазақ­стан­дықтар көмек қолын созып, бірінші кезекте қазақтың киіз үйін жеткізіп, тұтас қа­лашық жабдықтаған. Қайырымдылыққа жетісулықтар үлкен үлес қосқан еді. Әсіресе, Көксу ауданының азаматтары отыздан астам киіз үй жөнелткені ақ­парат құралдары арқылы көпшілікке мәлім болды. Тез арада ұйымдас­тырылған шарапатты шараның басты мүлкі болған сол киіз үйлерді Көксу ауданындағы Мұқыры ауылында тұратын Жарқын Қайсарұлы атты кәсіпкердің кәсіпорны жасағанын білгеннен кейін елді мекенге арнайы барып, жолыққан едік. Мұқыры ауылы – аудандағы ірі елді ме­кеннің бірі. Заманында екі мәрте Ең­бек ері Нұрмолда Алдабергенов ағамыз не­гізін қалап, қалыптастырған атақты шаруашылықтың орталығы болған ауыл­­­дан түлеп ұшқан азаматтардың атақ-даңқы халық арасында кеңінен та­ралған. Қазір тірлігі берекелі, күндері мерекелі елді мекенде ісімен көпке үлгі болып отырған іскер азаматтар бар­­шы­лық. Солардың бірі – «Темір материал­да­рын пайдаланып, киіз үй жасайтын шебер» деген атпен танылған Жарқын Қай­саұлы. Бұрындары елден ерекше­лен­бейтін, жақсы істерін жарнамаламайтын азаматтың бауырлас елге қайырымдылық көмек жөнелткендегі жанашырлығы жұрт­тың көңілінен шықты. Осыдан 20 жыл бұрын арғы беттен Ата­жұртына оралған Жарқын Қайсаұлы елге келген қандастарымыз сияқты бір­аз қиындықтарды бастан өткерді. Бала-шағасын асыраудың жолдарын іздестірді. Бастапқыда Алматының қара базарында ұсақ-түйек саудамен айналысып та көр­ді. Арғы беттегі тірлігі ұстаздықпен бай­ла­нысты болғандықтан, басқа кәсіптің қыр-сырын меңгеру, жаңа талаптарға бейім­делу оңайға соқпаған. Десе де, жыл­дар өте келе сауда-саттықты меңге­ріп, басқа да кәсіптердің қыр-сы­рын меңгерді. Соған сай тірлігі де түзе­ліп, тұр­мысы да оңалды. 2017 жылы Мұқыры ауылына көшіп ке­ліп, қазіргі тұрып жатқан үйінің аула­сы­нан автокөліктің, тағы басқа да тех­ни­каның қосалқы бөлшектерін сататын дү­кен ашты. Жергілікті жұрттың сұра­ны­­сына бейімдеп, барлық жұмысты жер­лес­терінің мұқтаждығын өтеу бағы­тына құрғандықтан, уақыт өте келе тұ­тынушылары да көбейе түседі. Бір жыл­дары көкөніс тапшылығы қатты се­зіл­генде Мұқыры ауылы әкімдігінің ұсы­ны­сымен жылыжай салып, бұл бағытта да өзін сынап көреді. Біраз жыл бұдан да нә­пақа тапты. Қазір сол жылыжайды туы­сқандары күнкөріс көзі ретінде пай­даланып отыр. Алға жылжыған жыл­дармен бірге саудасы жүріп, алып-сата­тын жұмыспен қоса шағын цех ашып, аулалар мен ауыл шаруашылығы жер­ле­ріне арналған түрлі өлшемдегі теміртор­лы қоршаулар шығара бастайды. Соны­мен қатар өз жобасымен жүк таситын ша­ғын көлік құрастырып, оны сатылым­ға қояды. Осылай кішкене дүкеннен бас­талған кәсібі өркендеп, бүгінде тұтас бір кәсіпорын өндіретін түрлі өнімді на­рыққа шығаруда. кәсіпкер Жарқын Қайсаұлының кәсіпорнында тынымсыз жұмыс жүріп жатады. Бір жа­ғында көліктерге қажетті құралдар елі­міз­дің әр өңірінен келген тапсырыстарға сай жөнелтіліп жатса, цехта дәнекерлеу­ші­лер тапсырыс бойынша неше түрлі те­мір тор шығарады. Келесі бір кең бөл­меде бірнеше қыз-келіншек киіз үйдің жа­бындысын, ішкі безендірілуіне пайда­ла­натын жабдықтар мен бұйымдарды әзір­леп, әбігер болып жатады. – Қазір еліміздің бірнеше өңірінде дү­кеніміз бар. Оларға керек тауарлар осы жер­ден жөнелтіледі. Сол жақтарда тұра­тын талай азамат бөлімшелердің жұ­мы­сын реттеп, өздеріне нәпақа тауып ке­ле­ді. Тіпті, осы жұмыстың нәтижесінде бір-екі жылда тұрған жерінен пәтер алып, тұрмысын түзеп алғандар да бар, – дейді кәсіпкер азамат. Жарқын Қайсаұлының темірден қа­зақ үйін құрастыру жөніндегі тех­но­ло­гиясы көптің қызығушылығын тудырды. Өткенде Түркиядағы зілзала кезінде 34 киіз үйді түрік ағайындарға жөнелтті. Қайырым­дылық көмекті ұйымдастыр­ған­­дарға көп жеңілдік жасап, ортақ іске өзін­дік үлесін қосты. Жеке кәсіпкерлікте 30-ға жуық адам жұ­мыс тауып, еңбек өнімділігі және тап­сырылған міндетті орындауға байла­ныс­ты 150-400 мың теңге айналасында жа­­ла­қы алып келеді. – Былтырдан бері темірден киіз үй жа­сай бастадық. Оның темірі, жүні, мақ­тасы, тағы да басқа материалы – отандық өнім­дер. Ал сыртқы киіздің қаптамасына Қы­тайдан әкелінген су өткізбейтін мате­риал­ды пайдаланамыз. Дәнекерлеу, тігу, құрас­тыру, тағы да басқа жұмыстарын өзі­міздің ауылдың азаматтары атқарады. Осылайша, шамам жеткенше, ауылдас­тарым­ның да мұқтаждықтарын өтеуге кө­мектесудемін. Шынымды айтсам, ке­зін­де өзіме де жақсы адамдар жол­ық­қан еді. Қазіргі кезде соның қайтарымы ретінде мүмкіндігімше айналамдағыларға жәрдемдесіп тұрамын, – деген Жарқын Қайсаұлы киіз үйдің сүйегін ағаштан иіп жасау туралы ұсыныстар жиі түсетінін де тілге тиек ете кетті. Оның айтуынша, оны да қолдануға келеді. Бірақ ағаштан жа­саудың өзіндік құны жоғары және тым ұзақ уақыт кетеді. Дегенмен болашақ жос­парында бар көрінеді. Қазір көп­ші­лікке киіз үй мәдениетін таныстыруды ой­ластырып жүр.

Болат АБАҒАН, Жетісу облысы