Астанадағы қалың тұманға байланысты қала маңына қатынайтын бірқатар қоғамдық көліктің қозғалысы тоқтатылды. City Transportation Systems компаниясының мәліметінше, бүгін сағат 05.45-тен бастап күн райының қолайсыздығына (қалың тұман) және тасжолдардың жабылуына байланысты қала маңына қатынайтын №№ 305, 312, 315, 316, 327 бағдарларының қозғалысы уақытша тоқтатылды.
Қала маңына қатынайтын басқа бағдарлар линияда.
Еске салайық, кеше тұманға байланысты бірқатар автожол учаскесі жабылған болатын. Атап айтқанда, Ақмола облысында «Екатеринбург-Алматы» тасжолының 1 291-1 353 шақырым аралығы, Жақсы ауылынан Атбасар қаласына дейінгі аралықта көліктің барлық түрі үшін қозғалыс шектелді.
Сондай-ақ осы өңірде «Астана-Қорғалжын» тасжолының 19-124 шақырымында да көлік жүруіне тыйым салынды.
Қарағанды облысында Ақмола облысы шекарасынан Теміртау қаласында дейінгі жолда көліктің барлық түріне шектеу енгізілді. Бұл – «Екатеринбург-Алматы» автожолының 1 353-1 425 шақырым аралығындағы учаске.