Көкшетауда Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері алаяқтық қылмыс жасағаны үшін сотталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Бұл туралы Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, Көкшетау қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының Т. және К. есімді қызметкерлері қолдарында тиісті материалдары болмай, қоқыс өртенген жерге бармастан, жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшысына әкімшілік айыппұл сомасының жартысын өздеріне берсе, жауапкершіліктен құтылатынын айтып, ұсыныс жасаған. Компания басшысы төтенше жағдай қызметкерлерінің бұл әрекеттері заңсыз екенін түсініп, дереу Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүгінген. Ақыры олар 200 мың теңге көлемінде пара алып жатқан жерінде қолға түсті.
– Сот үкімімен алаяқтық қылмыс жасауға ұмтылған Т. және К. есімді Көкшетау қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылып, әрқайсысына 3 миллион теңге көлемінде айыппұл тағайындалды. Оған қоса, кінәлілер аға лейтенант және азаматтық қорғаныс капитаны арнайы атақтарынан айырылды, – дейді Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметінің жетекшісі Күләш Домалақова.
Осылайша, Т. және К. Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі және 190-бабы 3-бөлігімен, яғни ауыр қылмыстық дәрежеде құқықбұзушылық жасап және алаяқтық әрекетке барғаны үшін сотталды.
– Сотталушылар өз кінәларын толық мойындап, істегендеріне өкінетінін білдірді. Қазір сотталушылардың кінәсі куәгерлердің және жәбірленушінің айғақтарымен, жасырын тергеу әрекеттерінің материалдарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен расталды. Жәбірленушіге келтірілген залал толығымен өтелді, – деп толықтырды Күләш Домалақова.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.