Тендер «түнегіне» жарық түседі
Тендер «түнегіне» жарық түседі
801
оқылды
Түлкіні тауық қораға еркін кіргізгендей, пайдакүнемнің қолына триллиондаған теңге толы қойманың кілтін ұстата салудан өткен қауіп жоқ. Елі­мізде қазына қаржысын жем­қорлардан қорғау үшін тың қадам жасалмақ. Үкімет мем­ле­кеттік сатып алулар мен квази­мемлекеттік сатып алу­лар­ды біріктіруді ұсынды. Қазір бұл процестер жеке-жеке жүзеге асырылады. Соңғысына ревизорлардың өзі «тұмсық» батыра алмайды. Сон­дықтан нарыққа кім­дер­дің әмірін жүргізетінін қара­пайым көпшілік тұрмақ, аудиторлар да білмейді. Теңге тасқындаған тендерді ретке келтіруге Үкімет әбден ты­рысып бақты. Әділет минис­тр­лігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институтының мәліме­тінше, 2016-2021 жылдар аралы­ғында «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңы баптарының 70 па­йыздан астамы өзгертіліпті. Алда заңнама тағы өзгергелі тұр. Бірақ тәртіп бойынша кез келген заңға осынша көп көлемде түзету енгізілсе, онда оның орны­на жаңа заң қабылдануы тиіс. Осы мақсатта Қаржы министрлігі бүгінде «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң жобасын әзір­леп жатыр. Онда біраз жаңалық бар. Соның ең бастысы – мем­ле­кеттік және квазимемлекеттік сатып алуларды біріктіріп, бір жерден жүргізуді қарастырады. Отандық ірі компанияның сатып алу жөніндегі менеджері Шынар Жайылғанның түсін­діруінше, дамыған елдерде сатып алуларды мемлекеттік және квазимемлекеттік деп бөлмейді. Мұны бұрынғы билік ұлттық ком­паниялардың тендерлерін және қаражат ағынын қоғамнан көле­гейлеп, жасыру үшін жасаса ке­рек. Шынында, еуропалық ди­рек­тиваларда да, Дүниежүзілік банктің қағидаларында да, Еуро­палық қайта құру және даму банкінің сатып алу ережелерінде де квазимемлекеттік сектор ұғымы жоқ. Озық елдерде мемлекет, мем­лекетке тиесілі компаниялар жүзеге асыратын барлық сатып алу бірыңғай талаптарға сәйкес, сондай-ақ Бірыңғай ақпараттық алаңда жүзеге асырылады. Енді Қазақстан осы үлгіге мойын­сұнбақ. Дүниежүзілік банк өзінің сонау 2020 жылғы есебінде бізге осы қос жүйені біріктіруге кеңес берді.
«Мемлекет пен оның құры­лымдары жүзеге асыратын бар­лық сатып алуға бірыңғай көз­қарас Қазақстан экономика­сы­ның қалпына келуін жеделдетуге ықпал етер еді. Соңғы екі он­жылдықта Қазақстан төл мемле­кеттік сатып алу жүйесін халық­аралық стандарттарға жақын­датуға елеулі күш салды. Соған қарамастан бұл мемлекеттің са­тып алу қызметі басым көпші­лігінде бәрібір аталған стан­дарт­тарға сәйкес келмейді. Бұл жүйе тиімділігін шектеп отыр. Сатып алудың қомақты бөлігі «Самұ­рық-Қазынаны» қоса алғанда, ква­зимемлекеттік секторға тие­сілі: оның көлемі мемлекеттік са­тып алудан екі есеге жуық асып түседі. Ал бұл сектор сол бұ­рынғыдай жалпы жүйеден тыс қалып тұр», – деп бағалады жа­һандық қаржылық институт са­рапшылары.
Сол себепті Дүниежүзілік банк Қазақстанға біріншіден, мемлекеттік қаражатты шы­ғындауда айқындық пен тиім­ділікті барынша қамтамасыз ету үшін осы жүйелерді біріктіруді ұсынды. Мұның сыртында елде сатып алулар жөніндегі маман кәсібін дамытуға, келісім­шарт­тарды басқару тетіктері мен тә­жірибесін жетілдіруге, тендер­лерге қоғамдық бақылауды арт­тыруға кеңес берген-ді. Әйтсе де, оны тыңдар құлақ табылмады. Үш түрлі заң, үш түрлі портал Қазақстан мүше болуға ұм­тылған, алдыңғы қатарлы елдер кіретін Экономикалық ынты­мақтастық және даму ұйымының Кеңесі өз ұсынымында рес­публика басшылығын мемле­кеттік сатып алу жүйесінің тиім­ділігін бағалау есебінен тиім­ділікті арттыруды ынталандыруға шақырды. Мұндай бағалау бар­лық деңгейдегі сатып алу туралы сенімді, өзекті деректердің бар болуын қатаң талап етеді. Ал ұлттық компаниялар өзінің не сатып алып жатқанын жұртшылықтан жа­сыр­са, өзекті дерек қай­дан болсын? Басқа­ша айтқанда, Қа­зақстан әлемдегі дамыған 30 елдің қатарынан қо­сылу мақсатын жер жаһанға жа­рияла­ғанымен, шынында соған жету шарттарын орындауға ты­рыспаған бо­лып шығады. Егер жүйені шын мәнінде же­тілдірсе, мем­лекеттік және квазимем­лекеттік сатып алулар біріксе, онда бұл мем­ле­кеттік аудиторлар тарапынан да, қо­ғам тарапынан да бақылаудың күше­юіне жол ашуы мүм­кін. Сонда ел қаржы­сының үнемделуіне, басы артық шығын­дар­дың жойылуына ықпал етеді. Тендерге бөлінген қаржы ұстағанның қо­лында, тістегеннің аузын­да кетіп, талан-тараж бол­май, елге пайда, эконо­микаға тиімділік әкелер еді. Әзірше, қолданыстағы тәжірибеге сәйкес, бәрі керісінше болып тұр.
«Бүгінде мемлекеттік сатып алулар, квази­мем­лекеттік сектор субъек­тілерінің сатып алулары, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының сатып алулары жеке-жеке электронды алаңдарда жүзеге асырылады. Мысалы, мем­лекеттік сатып алу – goszakup.gov.kz платформасында, квазимемлекеттік сектордікі – eep.mitwork.kz және goszakup.gov.kz, ал «Самұрық-Қазына» қоры­ның сатып алуы skc.kz платфор­масында жүргізіледі. Электронды алаңдардың әр түрлі болуы әле­уетті өнім берушілердің тендер­лерге қатысуына кедергі келтіріп, қолайсыздықтар туғызады. Мә­селен, олардың әрқайсысы әр­түрлі алаңда жеке тіркеу рәсімінен өтуі тиіс. Содан соң әрбір веб-порталда жарияланған сатып алу­ларға ұдайы мониторинг жүр­гізіп отыру қажет», – деп мәлім етті Қаржы министрлігі.
Сонымен қатар бұл сатып алулар бойынша аналитикалық ақпаратты жинауды және қоры­тындылауды қиындатады. Бұған қоса, ол платформалар ақы төлеп, шығындалу қажет. Министрлік қор мен квази­мемлекеттік сектордың аталған порталдарында сатып алулар ту­ралы ақпарат ашық еместігіне назар аудартты. Ал goszakup.gov.kz веб-порталында жоспарлаудан бастап келісімшарттар бойынша қанша ақы төленгеніне дейінгі барлық ақпарат қамтылады. Супермонополист пайда болады Сондықтан қаржы ведом­ствосы мемлекеттік және квази­мемлекеттік сатып алуларды дәл осы goszakup.gov.kz тұғырна­масында біріктіруді ұсынды. Ұсы­ныс жаңа заң жобасына енгізіл­ді. Себебі электронды алаң­дар­дың бөлек болуының негізгі себебі олардың әртүрлі норма­тивтік-құқықтық актілер дең­гейінде рет­телуімен байланысты. Мемле­кеттiк сатып алулар – «Мемле­кеттік сатып алу туралы» заңы­мен, квазимемлекеттік сек­тор мен «Самұрық-Қазына» қо­рының сатып алулары – «Ква­зимем­лекеттік сектордың жеке­леген субъектілерін сатып алуы туралы» заңмен реттеледі.
«Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауына және Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын іске асыру жө­ніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылдау қажет. Ол барлық мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымның са­тып алуын бірыңғай платформаға көшіреді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау, сондай-ақ бірыңғай тәсілді белгілеу мақса­тында «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заңда мемор­ган­дардың, квазимемлекеттік сек­тордың, сондай-ақ «Самұрық-Қа­зына» қорының барлық сатып алуын Бірыңғай платформаға ауыстыру ұсынылады», – деп түсіндірді Қаржы министрлігі.
Ведомствоның мәліметінше, goszakup.gov.kz мемлекеттік сатып алу веб-порталында 100 мыңнан астам жеткізуші және 24 мыңнан астам тапсырыс беруші тіркелген. Eep.mitwork.kz еуразиялық электрондық порталында 68 мың­нан астам жеткізуші және бар-жоғы 80-нен аса тапсырыс беруші бар. «Самұрық-Қазына» қорының skc.kz порталында 83 мыңнан астам жеткізуші және небары 400-ден астам тапсырыс беруші тіркелді. Осыдан-ақ ша­шыраңқы жүйелердің тапсырыс берушілерді де, тапсырысты орындаушыларды да толыққанды қамтымайтынын байқауға болады. [caption id="attachment_247146" align="aligncenter" width="1717"]тендер © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Бұл ретте 2022 жылдың қоры­тындысында мемлекеттік сатып алулар көлемі 5,9 триллион тең­геге жетті. Квазимемлекеттік сек­тордың сатып алуларының көлемі 3,8 триллион теңгеден асты. «Са­мұрық-Қазына» қоры компания­лар тобының бір жылғы бүкіл сатып алуының жиынтық көлемі 5 триллион теңгеден асқан. Ведомствоның байламынша, барлық әлеуетті өнім берушіні бір платформада біріктіру бәсекелі өтетін тендерлерді барынша ұл­ғайтуға, бір көзден сатып алуды мейлінше азайтуға, сондай-ақ өтпей қалатын тендерлер санын кемітуге ықпал ететін болады. Министрлік мамандарының пікірінше, сатып алу бойынша Бірыңғай IT-платформаның іске қосылуы арқасында, біріншіден, пайдаланушылардың жұмысын жеңілдету үшін қолданыстағы платформалар бір жерде бірікті­ріледі. Екіншіден, барлық сатып алу бойынша бірыңғай тәсілдер бекітіледі. Үшіншіден, әлеуетті өнім берушілер қандай тендерге қатысатынын алдын ала жоспар­лай алатын болады. Төртіншіден, қоғам үшін де, тексеруші органдар үшін де барлық сатып алу ақпа­рат­тары ашық, қолжетімді болады. Парламент жаңа заңнамалық түзетулерді қабылдаса, онда бірыңғай сатып алу веб-порталы тек мемлекеттік қана емес, сон­дай-ақ бүкіл квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына да қатысуға қол жеткізудің бірыңғай порталына айналады. Қаржы министрлігінің мамандары бұл норма нәтижесінде «электронды сатып алудың ақпараттық жүйе­лері операторларының нарығы монополияланатынын», сөйтіп Қазақстанда тендер жүйесінде супермонополист пайда болаты­нын мойындады. KONEPS-тен көп нәрсе үйренуге болады Әрине, барлық тендерді бір платформаға жиып қоюмен іс бітпейді. Сонымен бірге цифрлық жаңа шешімдер енгізілгені жөн. Бұл тұрғыда Қазақстанға Оңтүстік Кореяның мемлекеттік сатып алу жүйесі (KONEPS) үлгі бола алады. KONEPS электрондық сатып алу жүйесіне тек мемлекеттік қана емес, тіпті жеке ұйымдардың да тендерлері орналастырылады. Өйткені ол мемлекеттік және жекеменшік нысандағы 160-тан астам әртүрлі электрондық жүйені біріктірді. Мұндай интеграция тиім­ділікті арттыруға, өкілеттіктердің қайталануын жоюға және шы­ғын­дарды азайтуға мүмкіндік бер­ді. Ханянг университетінің зерттеуі көрсеткендей, KONEPS жылдық операциялық шығындар бойынша 8 миллиард доллар үнемдеуге мүмкіндік береді. Конкурстық сауда-саттыққа қатысқысы келетін кореялық немесе шетелдік компания KONEPS жүйесінде бір рет тір­келуі керек. Пайдаланушылар бар­лық құжаты мен сертификат­тарын осы жүйеде сақтайды, қажет болған жағдайда автоматты түрде басып шығарады. Тіпті құжат жүктелмесф, KONEPS де­ректер алмасу интерфейстері ар­қылы басқа ақпараттық жүйе­лерден құжаттар мен сертифи­каттарды өзі табады. Оны жа­санды зерде басқарады. Оңтүстік Кореяда интеграция қорытындысында мемлекеттік сатып алуда қолданылатын құ­жат­тардың 477 нысаны цифрлы форматқа көшірілді. Мысалы, Қазақстанда мектеп, аурухана, емхана, әкімшілік ғи­ма­рат салуды қарастыратын тен­дерге қатысу үшін компаниялар екі айға жуық уақыт бойы құжат жинап, әуре-сарсаңға түседі. Тіпті бірыңғай IT-платформа іске қосылған соң да бұл сергелдең жалғаспақ. Ал корей елінде KONEPS құрылыс қауым­дастық­тарының базаларымен өзара ав­томатты түрде дерек алмасады. Осының арқасында құрылыс жұмыстарын жүргізуге арналған конкурстарға қатысушылар енді құжат жинамайды, тіпті тәжі­рибені растайтын сертификаттар алудың да қажеті жоқ. АҚШ-та PPIRS (ppirs.gov) жүйесі бар. Онда тендерлерге қа­тысушылардың әрқайсысын сәйкестендіру ақпараты, алдыңғы кезеңдегі қызметі туралы өзекті мәліметтер бар. Соның негізінде компания тауары мен жұмысы­ның сапасы, мерзімдерді сақтауы, бағасының қолжетімділігі, шағын кәсіпорындармен ынтымақ­тастығы сияқты 6 критерий бо­йынша рейтинг түзіледі. Бір айырмашылығы, PPIRS жүйесіне тек құны 150 мың дол­лардан асатын барлық келісім­шарт пен тапсырыс енгізіледі. Жалпымемлекеттік веб-қосым­шада федералды сатып алушы­ларға лайықты мердігерлерді тез таңдауына мүмкіндік беретін «есеп беру бланкілері бойынша іздеу функциясы» қарастырылған. Ал Қазақстанда бірыңғай IT-платформа 2024 жылы іске қо­сылады деп жоспарланған. Оған дейін заң қабылданады, құқық қолдану практикасы жол­ға қо­йылады, жаңа тұғырнама өнер­кәсіптік эксплуатацияға шығарылады.