Жаһандағы геосаяси ахуалдың күрделене түсуі әлсін-әлсін ядролық қауіпсіздік мәселесін күн тәртібіне шығарып келеді. Бірер күн бұрын Украинадағы Запорожье АЭС-іне барған Халықаралық атом қуаты агенттігі (IAEA-МАГАТЭ) бас директоры Рафаэль Гросси станса аумағында әскери қимылдар күшейе бастағанына алаңдайтынын айтты. Әрі «өлтірілген» уранның радиологиялық қаупі жоқ екенін де атап өткен. Бірақ уран мәселесі ядролық қарудың таралуын тежеу процесіне кедергі келтіруі бек мүмкін.
Украинадағы соғыс басталғаннан бергі 13 айда ядролық қауіп мәселесі бірнеше мәрте күн тәртібіне шықты. Әу баста Ресей әскері Энергодар қаласын басып алатын кезде Еуропадағы ең ірі атом электр стансасы саналатын Запорожье АЭС-і маңайындағы ұрыс қимылдары көпшілікті алаңдатты. Тіпті, станса ауласында бірнеше мәрте снаряд жарылғаны бар. Станса төңірегінде жарылған снарядтарға байланысты Украина мен Ресей бір-бірін айыптаған. Абырой болғанда станса аман қалды. Әйгілі АН-225 «МРИЯ» ұшағын қиратқандай соққы тисе, стансаға аз зақым келмес еді. Егерде стансада апат бола қалса, 1986 жылғы Чернобылдағы жарылыс «ойыншық» саналар еді. Мұны ядролық қауіп төнген бірінші сәт деп бағалауға болады.
Екінші жағдай жазда қалыптасты. Майдандағы бірқатар сәтсіздіктен, Қырымдағы көпірде жарылыс болғаннан кейін ресейліктер тактикалық ядролық қару қолдану ықтималдығы жайлы жиі айта бастады. Тіпті, РФ қауіпсіздік кеңесі хатшысының бірінші орынбасары Дмитрий Медведев жазда да, биылғы наурызда да Ресей қажет болса ядролық қару қолдануы мүмкін екенін айтқан. Сөйтіп, Мәскеу ашықтан ашық ядролық қарумен бопсалау сипатындағы мәлімдемелер таратқан-ды.
Енді міне, ядролық қару жайлы әңгіме тағы ушықты. Оған Ұлыбританияның Украинаға «өлтірілген» ураннан жасалған тұмсығы бар снаряд беруге бекінгені себеп болды.
Уран «өлуші» ме еді?
Әдетте уранның радиоактивті зат екені анық. Оның руда күйіндегісінің өзі радиоактивті болып келеді. Әдетте қару мен атом энергетикасы үшін уран байытылады. Ал Ресейді аяғынан тік тұрғызған уран осы байыту процесі кезінде қалатын қалдық өнім. Қазақстанда оны ресми терминологияда «кедейлендірілген уран» деп атапты. Біз қазақтың көне танымында сынапты маймен араластырып, ем ретінде пайдаланатын кездегі процесті «өлтіру» деп атайтынын ескердік. Сол себепті қазақы таныммен «өлтірілген уран» деп атадық.
Мұндай уранның радиоактивтілігі руда шығаратын радиацияның 60 пайызындай ғана болады деседі. Сондықтан тым зиянды болып есептелмейді. Тек адам ағзасына ауыр металл ретінде жиналуы мүмкін. Ал тікелей радиациясы күшті саналмайтын болса керек. Сондықтан «өлтірілген» уранды түрлі салаларда қолданып жүр. Зеңбірек снарядтарының өзегін немесе тұмсығын осы ураннан жасау технологиясын әлемнің бірқатар елдері өткен ғасырдың 70 жылдарынан бері қолданып келеді. Олардың арасында АҚШ та, Ресей де бар.Тығыздығы қорғасыннан 70 пайызға артық болатындықтан «өлтірілген ураннан» жасалған снаряд тұмсығы құрыш сауыттарды оңай бұзады. Әрі вольфрамға қарағанда арзан болғандықтан да әскери салада жиі қолданылып жүр. Тіпті, АҚШ-тың атышулы AbramsaM1A2 танктерінің мұнарасындағы қалқандар немесе корпусының алдынғы етегіндегі сауыттар осы ураннан жасалады. Мұндай «өлтірілген уран» ядролық қару болып саналмайды, сол себепті оған халықаралық құқықтық нормаларға сәйкес тыйым салынбаған. Бірақ оны Ресей ядролық қарумен тең көрді.
Лукашенконың арманы еді...
Ұлыбританияның Украина армиясына Challenger-2 танктерімен қатар «өлтірілген ураннан» жасалған снаряд беретіні жайлы мәлімдеме шыға сала ресми Мәскеу жақтан түрлі қарсы жауап айтыла бастады. Ресей президенті В. Путин де, қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары Д.Медведев те, қорғаныс министрі С.Шойгу да мұндай уранды ядролық компоненті бар қаруға теңеді. Сөйтіп, Ресей Беларусь мемлекетіне тактикалық ядролық қару орналастыратынын мәлімдеді. Шамасы Еуропа жұртын үрейлендіруді көздеген сыңайлы. Бірақ Еуропа медиасында «кәрі құрлық» мемлекеттері басшыларының үйрейленгені жайлы ақпарат көзге түспеді. АҚШ та айылын жия қоймайтынын байқатты.
P.S. Адамзат қызық жаратылыс. Біреулер ураннан жасалған снарядпен атқылаудың зияны жайлы таластартыс жасайды. Бірақ жалпы соғыстың зардабын ескергендер шамалы.Соғыста урансыз-ақ талай бейкүнә жан құрбан болып жатыр.