(Профессор педагог Тұрсынбек Баймолдаев туралы толғаныс)
Біз – алым-берім үш-төрт ай ғана жас айырмашылығы бар құрдастармыз. Ол бізден университетте бір жыл бұрын оқыды. Курсы біздің курстан мықтырақ сезілетін. Алғашқы жылдың өзінде курстастарының біразы тырнақалды өлең, әңгіме, мақаларын республикалық баспасөз беттерінде жариялап үлгергенін қайтерсің. Құрдас бола тұра, олардың мысы бізді басып тұратын. Танымал курсқа тартыла оқығаны-мыз хақ. Біз қуалай оқыдық, студенттер-дің ғылыми жұмысына қатысып жүреміз. Бірақ жеткізер болмады олар. Алға қарай шығандай шығып бара жатады. Шамасы, олар әрі қарай жоғары оқитын Шәкір Ыбыраевтың курсына тартыла, тіпті Сағат Әшімбаевтың қанаттастарына еліктеп ізденісін іргелендіре түседі-ау. Жеткізбеді. Оқшырайып, курстың ал-дында отыратын тағы да Тұрсынбек Молдаханұлы! Тұрсынбекті бетке ала Рымғали Нұрғалиұлы сынды ұстаздарымыз да сыртынан мақтап, ішінен мақтаныш тұтып, бізге үлгі етіп айтып-айтып қалады. Бір жағынан, бұл біздің намысымызды қамшылауы болар. Жетпісінші жылдары шоң Шыңғыс Айтматов пен туадраматург Қалтай Мұхамеджановтың мойынсерік болып жазған «Көктебедегі кездесу» аталатын адамның ар алдындағы арыла сырласуы жайында пьесасы қазақ сахнасына қойылды. Ол біртіндеп шетел сахналарына адымдап, аршындап аттанып бара жатты. Қазақтың майталман театртанушы ғалымдары Б.Құндақбаев, Л.Богатенкова үнсіз. Ауыр артилерия. Тіпті, саланың сайыпқыран сыншылары Ә.Сығай, К.Нұрпейісов (Қ.Қуандықов марқұм) те аузына су толтырып алғандай. Олар да үнсіз. Сабақ үстінде драматургияның үздік зерттеушісі, профессор Рымғали Нұрғалиұлының аузына қараймыз. Ашық сұрақ беріп, аңтарылып отырған бізге қарап, Рымғали ұстаз айтады: «Менің бір талантты шәкіртім жақында мықты мақала жазады. Сонда көресіңдер Шыңғыстың да, Қалтайдың да әуселесін. Тіпті, оның айтуына қарағанда, бұл морал проблемасын бірінші көтеріп отырған олар емес. Біздің Зейін Шашкин!...» Жұмбақтау жауап. Шыңғыс миф, Қалтай кумир... Ол екеуінің «аузын айға қаратып» жіберетін профессор айтқан жұмбақ жас пері кім болды екен? Ішімізді ит тырнайды... Жұмбақтың шешуін жабыла іздеп жүрген күннің бірінде Тұрсынбек Молдаханұлының ауыздығымен алысқан қос қаламгердің пьесасы бойынша, атақты Ш.Айманов, М.Гольдблаттан кейінгі реформатор режиссер ретінде Одаққа кеңінен танымал, «Советская культура» басылымының бетінен түспейтін Әзеағаң – Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов қойған «Көктебедегі кездесу» спектаклі жайында ойлы талдау мақаласы «Қазақ әдебиеті» газеті бетінде жарқ ете қалғаны. Зейін Шашкиннің Адамды өзінің ары қинайтын психологиялық «Ақын тағдыры» пьесасын алға тарта отырып, автор Ш.Айтматов, Қ.Мұхамеджановтың Ар, Арылу мәселесін адамзаттық биік өреде көтеріп отырғанын сарымайдан қыл суырғандай етіп «майдалап» айтқан-ақ. Сүйсіндік. Сүйсіне оқыдық. Келесі сабақта Рымғали ұстаз шәкіртінің «Қазақ әдебиеті» апталығы бетінде жарияланған көлемі көлдей, талдау мәнері мейлінше байсалды мақаласын мақтап ала жөнелсін. Студент мақаласының сын айтылған сәттерінің қайшыға түсіп, қырқылып кеткенін де жасырып, жаппады. Шәкіртінен келешегі мол драматургия зерттеушісі шығарын да сүйсініспен айтып отырды ұстаз. Ұстаз сеніміне, онда да Рымғали Нұрғалиұлының сеніміне ие болу – өз алдына бір бақыт! Тұрсынбек Молдаханұлы стдуент партасында отырып-ақ С.Ордалиев, Ә.Тәжібаевпен драматургия тарихы, тағдыры жайында жарыса жазып, қара көрсетпей, оза шапқан шын жүйрік, ұстазы Рымғали Нұрғалиұлының сеніміне ие болған озық шәкірт саналды! Бір мақаласымен бәсі артқан Тұрсынбек оқу бітірген соң өзі туып-өскен Жетісуына (бұрынғы Талдықорған облысы) аттанып кетті. Біз одан үлкен әдебиетші күткен едік. Ол ағартушылыққа бет түзеді. Кейін, көп кейін әдебиет ауылына емес, білім саласының дарағына ат байлағанын естідік. Ағарту дарағы – Мағжанша айтқанда: «ПЕДАГОГИКА». Асылында, педагогика – бар ғылымның анасы. Несін жасырайық, көрінген «мұғалімнің» «жан қалтасына» жалған диплом салып беріп, бәсін түсіріп, тұқымын тұздай құрттық бұл ғылымның да. Мақтана алмаймыз бүгінгі күні. Университет қабырғасында жүріп біздің де «Әл-Фарабидің педагогикалық ойлары» аталатын тақырыпта студенттердің ғылыми қоғамында баяндама жасап, Мәскеуге жолдама алғанымыз бар. Шынына келгенде, Педагогика – тұтас қоғамды тәрбиелейтін ғылым асылы! Психолог Выготский, Ананьев, педагог Лихачев, Сухомилинский, Аманашвли, Корчак ағартушылық шығармаларын қызыға оқып, Тұрсынбекпен пікір таластырғанымыз бар еді сол жылдары. Шамасы, туаәдебиетші Тұрсынбекті педагогика ғылымына ұйықша тартқан сол студенттік кезеңдегі ізденіс болса керек. Ал біздің біріміз жазушылықты, біріміз әдебиетшілікті қимай қара орында қала бердік. Ағарту ауылында қарапайым мұғалім, сосын шынайы ұстаз, ұйымдастырушы басшы бола жүріп, Тұрсынбектің канондық педагогика ғылымына келуі табиғи жағдай. Бір дарынды әдебиетші кем болды деп ішіміз ашығанымен, зерделі ғылым – Ағарту ісі елшіл, ұлтшыл, табанды, бірегей ғалыммен толықты деп қуанамыз бүгін. Ұстаздық жемісті жолын, педагогикадағы тындырымды ізденісін – бәрін, бәрінің басын қосып қорыта айтқанда, ол аса мәртебелі Ағарту саласының қатардағы нантабар жұмырбасты пендесі емес, қайда жүрсе де еңістен шауып төске озған шын жүйрігі, қай саланы бетке алса да елімізге, жұртымызға пайдасы молынан тиген абаданы! Біз осындай шын ағартушы ғалым, ғылым докторы, профессор досымыздың абадандық биікке шыққанға дейінгі жол сорабына үңіліп көрелік. Сол кездегі жалғыз университет – ҚазМҰУ-ды жақсы бітірген Тұрсынбек М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет атқарып жүргенде ағартушылық көңіл түкпірінен қылаң беріп, баурай бастайды. Теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып барып, ғылымға баруды алға оздырып, оны ауылда атқаруға бекиді. Еліндегі азаматтар қуана қарсы алып, жоғары оқу орнының үздік түлегіне сеніп, бірден орта мектепке директор етіп жібереді. Басшылық жасап, сабақ бере жүріп, ғылым әлемінің сан тару жолында өзіне лайық тақырыпты ой таразысында саралап көреді. Алымы мен шалымын аңғарған Кербұлақ ауданының (Алматы облысы) басшылары Баймолдаевты аудандық білім бөлімінің меңгерушісі етіп жібереді. Қолы қалт етсе ғылыми ізденісіне ден қояды. Ескі сүрлеуден шықсам деген ниет оны заманға қарай, мектептегі педагогикалық менеджменттің негізіне табан тіретеді. Көре жүріп, зердеден өткізе жүріп, тақырыпты тереңдете береді. Еңбегі жанып, педагогика ғылымдарының кандидаты атанады. Мұғалімдік қызмет басшы болуға жалғасып, басқыш биіктей береді. Оның біріншісі, Алматы облыстық мамандар кәсібін дамыту мекемесінің, екіншісі, Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми педагогикалық кадрларының біліктілігін артыратын Республикалық институттары директоры лауазымдары еді. Соңғы екі он жылдыққа таяу уақытан бері Отанымыздағы педагогикалық білім берудің қара шаңырағы Абай атындағы Ұлттық университетте, алғашқыда кафедра меңгерсе, қазір профессор. Ғылым ісіне біржола бет бұрған ғалым Тұрекең білімді басқару мәселесіне жұмыс кезінде жете мән беріп, жан-жақты қаузап, терең зерттеулер жүргізіп, ғылым докторы дәрежесін «Жалпы білім беретін мектепті басқарудың ғылыми педагогикалық негіздері» деген тақырыпта сәтті қорғап шыққанына, тың тақырып ретінде жоғары баға алғанына куәміз. Расында, тың тақырып еді. Оған кейін тоқталамыз. Екіншісін аз-кем сөз етер болсақ, біз көбіне білім сапасына көңіл бөліп, тәрбие мен білімді басқаруды қаға берісте қалдыра бердік. Осыдан келіп жүйесіздіктер орын алды. Ұлы әл-Фарабидің тәрбие туралы, А.Байтұрсынұлының тәртіппен оқытау жөніндегі айтқан сөздерін дәйекке алғанмен, орындау кемшін соғып жатты. Соданда болар, балалар арасындағы келеңсіздіктердің тыйылмай жатқаны. Ондай қылық бізде ғана емес, өркениетті елдерде де, мұхиттың арғы жағында да бар деп ұятты белге буа салып, ақталған боламыз. Атам қазақ жат әдетті естісе, «бізден аулақ» дейтін еді. Бұл аз десеңіз, жұртты алаңдатқан жайсыздық орын алса, түрлі шенеуніктеріміз, шенділеріміз әлемде солай ғой дей салады. Сонда олар орға түссе, сылтау айтып, бізде құлай кетуіміз керек пе? Ғалым алдағы уақыта, бала тәрбиесін, бастысы, ұлттық тәрбиені ғылыми тұрғыда терең талдаса, қане. Докторлық жұмысының арқауын жетілдіре отырып, монография шығарған. Бірінші бөлімінде, жалпы білім беретін мектепті басқарудың теориялық-әдіснамалық негіздерін таратады. Басқарудың тарихын сөз еткенде, әлемдік үрдісті қарастыра отырып, тақыр жерден шықпаған қазаққа тән тағылымның барын, кезінде ұлт баласын оқытқан мектептер мысалында басқару тәсілдерін тайға таңба басқандай айқындап айтады. Осыдан келіп басқарудың мазмұны, ұйымдастыру әдістері сараланады. Қай тақырыпты сөз етсе де, өз басынан өткен әрекеттерді теориямен тиянақтай отырып дәйектейді. Біз бұл кітапты білім саласына қатысы бар әр қызметшінің алдында жатса, артық болмас еді дейміз. Әттең, таралымы екі мың дана екен. Профессордың мұндай іргелі еңбектері аз емес. Ғылымдағы жетістікті айта отырып, адамның адами қасиетін де тілге тиек етуді парыз санаймыз. Соның біреуіне ғана тоқтала кетелік. Ел болғаннан кейін жер, байлық бар – халқымыз аз, Шерағаң (Мұртаза) айтпақшы, «қайтпек керек?», Аласапыран халықтың есін аударып барады, ұрпақ әкелетін аналардың көбі ала қап арқалап, әке дағдарып қалды, енді ұлттық демография не болады деген қауіп біраз азаматтардың көкейіне шемендей түйілді. Иә, шетелдегі бауырлар келе бастады, бұған тәубе дегенмен, қозғала қоймағандарды қайтпекпіз, олардың ұл-қызын елге тартудың жолы қайсы деп жүргенде, 1996 жылы Президенттің шетелдерде тұратын қандастарды қолдау туралы Жарлығы шықты. Іздегенге сұраған, соның аясында, 2004 жылы республикалық «Дарын» орталығының басшысы Д.Битуованың ұйтқы болуымен, сол тұстағы Білім және ғылым министрі Ж.Күлекеевтің тікелей қолдауымен, 40-тан аса шетелде тұрып жатқан қандастардың мектепте оқып жүрген балаларына арналған «Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім» деген тақырыпта қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен І Халықаралық олимпиаданы Астанада өткізуге қол жеткіздік. Ондаған елден жүзге тарта ұрпақ алыпұшып жетті, олар бой түзеп келе жатқан Астананы аралап көрді, «қандас балалар келіпті» деп, алты жасар бала келсе, алпыстағы қария алдынан шығатыны секілді Шераға (Мұртаза) бастаған Мәжіліс депутаттары қабылдады. «Армысың, атақоныс, қазақ, далам, Алтайдан сәлем беріп келді балаң... Атамекен, айналайын, деп келдім, Күтіп алар, бар ма ағайын деп келдім, Бар екенсің шуағындай көктемнің», – деп Алтай Республикасынан келген 11-сынып оқушысы Е.Нұртазанов өлең оқығанда Шераға: «Ботасы келген қазақтың, атасы да келеді, тек сергек болайық, әкім-қаралар!» деп аталы сөзі айтып еді. Содан бері жиырма жылға таяды. Әр жылы ондаған баланы елінде қалдырып, жоғары білім алуына мүмкіндік жасадық. Олар қазір ата жұртында ондап емес, мыңдап саналады, ел дамуына, әсіресе қазақ санын артыруға мол үлес қосып жатыр. Адам Ата–Хауа Ана екеуінен тараған ұрпақ секілді олар ұлтына бұл күндері жүздеп, келешекте миллиондап үлес қосары хақ. Мұны тарата айтудың мәні, осы жылдар ішінде осы бір ұлт ісіне ұлт жақсылары, кері тартпай бері тартқан кейбір жоғары оқу орындарының басшылары көп шарапатын тигізді. Әрине, бұл жанкешті тірлікті кейінгі толқын біле бермес, ірге бекітудің сан жолы болды ғой. Қазылар алқасының құрамында ұлт зиялылары: академик Ө.Айтбайұлы бас болып, белгілі ғалымдар Д.Ысқақұлы, Д.Қамзабекұлы, Ш.Құрманбайұлы, басқа да «халқым» деген азаматтар жүрді. Бұл саптан біз де қалмай келеміз. Қазір де ұлт ісі жалғасын табуда. Осы шарасы кең, шарапаты ұшан-теңіз шаруаның басында алғашқы күннен біз мақалаға арқау етіп отырған Тұрсынбек Баймолдаев та болды. Билік тұтқасында жүргендіктен, орындалмай бара жатқан «арман» алдан шықса, «ал Тұрсеке, қалың есіктердің арғы жағындағы мықтыларға кезек күтпей, тықылдатпай еркін кіре аласың, бар, сөйлес, жәудіреген ұрпақтың жай-күйін ұқтыр» деп жіберетінбіз. Ол «Қазақстан – ата жұртым» атты кітаптағы мақаласында: «Төрткүл дүниенің 40-тан астам мемлекетін мекендеп жатқан бес миллионнан астам қазақ үшін де тәуелсіз Қазақстан – өз Отаны! Ендеше неге осы Отанда бірлесіп өмір сүрмеске, еңбек етпеске? Келіңдер, ағайын!» деп өзі атап өткендей, шеттегі ұлт баласына қамқорлықты жасаудай жасады. Бұл кез келгеннің қолынан келе бермейтін кемелдік деп білеміз. Баймолдаевтың білім, ғылымдағы жетістігі бір қыры десек, екінші қыры, отандастардың ұрпағына қол ұшын беруі дер едік. Үшінші қыры, өзі болған қыздай кекіреймей, ауылынан кіндік үзбей жүргенде дініміз ашық оралып, жұрт иманға ұйығанда алғашқылардың қатарында еліне еңселі мешіт тұрғызып берді. Өзеуреп, өзіме ғана демей, жұртыма да септігім тисін деген азаматтың бұл ісі кімге де болса үлгі екені анық. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов сөзіне бақсақ, «Ұлтың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздеу – парыз» деп көкейіне қорытқан Тұрсынбек Баймолдаев өнегесі өрнекті, өрісі кең деуге алдағы деректер дәйек болады. Сөз түйінін, 2006 жылы жазған «Ұлт тілі ұлттық рухтың бастауы» деген мақаласында тілдің тұзелуі ата-анаға, балабақшаға, мектепке, қоғамға тәуелді екенін айтып, «Дандайсысаң, даңқың мен дақпырттың құрбаны боласың, кісілікпен жүрсең, қателік сенің құрбаның болады» деген ұлт батыры Бауыржан Момышұлының сөзіне жүгініп, «Байлыққа емес, елдікке ұмтылайық!» деп еді. Азаматтың азаматтығы осы тірек ойдан бәйтеректің тамырындай таралып жатқаны ақиқат.Құлбек ЕРГӨБЕК, профессор, Сүлеймен МӘМЕТ, журналист