Үлескерлердің үміті үзілмейді
Үлескерлердің үміті үзілмейді
860
оқылды
Петропавл қаласының бір топ тұрғыны «үй салып берем» деген жеке кәсіпкерден не ақшасын қайтарып ала алмай, не армандаған пәтерлеріне қол жеткізе алмай жүрге­ніне 3 жылдың жүзі бол­ды. Қылмыстық іс қоз­ғалғанымен, айыпталушы біресе қамауға алынады, біресе бостандыққа шығады. Үлескерлер ертең ол шетел асып кетіп, мүлдем сан соғып қаламыз ба деп те алаңдаулы. Әлқисса, 2020 жылы Петропавл қаласында 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй құрылысы басталды. 60 шақты петропавлдық 2020 жылдың соңы мен 2021 жылдың басында сол үйден пәтер сатып алмақшы болып, «Би Электро» жауап­кер­шілігі шек­теулі серіктестігімен келісімшарт жасайды. Шарт та­лаптарына сәйкес таңдаған пә­терлерінің жалпы құ­нының жар­тысын құрылтайшы­ның есепшо­тына аударады, тіпті, толық сома­ны өтегендері де бар. Ал серіктестік болса 2021 жылдың бі­рінші тоқ­санында олардың қолда­рына пәтер кілтін ұстатуы тиіс еді. Бірақ құ­рылыс компаниясы уәде­сінде тұр­мады. Содан бері үлескер­лермен бірнеше рет жолыққан серіктестік директоры Станислав Гусев пен құрылтайшы Юрий Бо­родин түрлі сылтау тауып, нысанды пайда­ла­нуға беру мерзімін кеше­уілдете берген. Кейін қымбатшылық сал­дарынан құрылыс материал­дарын сатып алуға және үй салуға қаржы жоқтығын алға тартып, үлескер­лерден тағы да ақша сұ­раған. Оған сеніп пәтер құнын толық төлеп тастағандар бар. Бірақ бүгінде құрылыс жұмыстары мүл­дем тоқтаған. Бір қызығы, құрылыс тоқта­ған­нан кейін де осы үйден пәтер сатып алмақ болып, алдын ала төлем жа­сағандар бар. Солардың бірі Жанна Мусаипова өзін тек құрылтайшы ғана емес, құрылысы тоқтап қалған үйден пәтер сатқан риэлтор да ал­дап соқты деп санайды.
«Риэлтор маған осы үйден пә­тер ұсынған кезде оның құрылы­сы екі жыл бойы тоқтап тұрған екен. Ол соны біле тұра, менімен келісімшарт жасады. Мен оған сеніп, ипоте­калық несие алдым. Істің соңы насырға шауып, жағдай ушыққан кезде күйеуімнің жүйке­сі шыдамай, кенеттен қайтыс бол­ды. Қазір, міне, қолымдағы бір жасар баламен жалғыз қалдым. Басымда ипоте­калық несие бар. Оған ай ­са­йын 125 мың теңге төлеу керек. Қай­тіп күн көрерімді біл­мей­мін», – дейді Жанна Влади­мировна.
Мұндай жағдайға тап болған жалғыз Жанна емес. Мәселен, Би­бікамал Қаңтарбаева осы үйден пәтер сатып алу үшін өз баспа­насын сатып, жасы келген шақта үйсіз-күйсіз жүр. Оның да жұбайы ауы­рып, келместің кемесіне мініп ке­тіпті. Екі қызы Динара мен Эльмира Қаңтарбаевалар да осы үйге 19 мил­лион теңге қаржы құй­ған. Ай­жан Нұрғалиева болса 4,5 миллион теңгесінен айырылған. Бар жиған-тергенінен айырылып, пәтерін сатып, бес баласымен ауылға көшіп кеткендер де бар. Осы жайттың салдарынан ажы­расып, шаңы­рақ­тары ортасына түскен отбасылар да бар көрінеді. Жалпы, сан соғып қалған 56 адам құрылтайшыға бас-аяғы 415 миллион теңге төлепті. Бүгінде енді не ақша, не пәтер жоқ. Серік­тестік басшылары оларға жауап беруден қалған.
Талай табалдырықты тозды­рып, амалы таусылған үлескерлер AIQYN газетіне жүгінді. Олар бұған дейін қала, облыс әкім­де­рінен, полициядан, прокурату­ра­дан кө­мек сұраған екен, тіпті ел Прези­дентіне хат жазған. Ол хат жергілікті әкімдікке жіберіл­ге­німен және қабылдауға жазыл­ғанымен, әлі күнге дейін облыс әкімі оларды қабылдамапты. Олардың өтінішін прокуратура – полицияға және қа­лалық әкім­дікке, әкімдік Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлі­міне жолдап, біраз сергелдеңге сал­ған. Соңында жәбірленушілердің арызы бойынша қылмыстық іс қозғалғанымен, оның барысы үлес­керлердің көңілін көншітіп отырған жоқ. Қылмыстық іс ая­сында жа­салған сараптама құры­лыс жұ­мыс­тары 250 миллион тең­геге жүргі­зілгенін анықтаған. Қалған қаржы қайда кеткені бел­гісіз. Серіктестік құрылтайшысы Юрий Бородин аса ірі көлемдегі алаяқтық бабы бо­йынша айып­талған. Бүгінде іс сотта қаралып жатыр. Бұған дейін айып­талушы қамауға алынғанымен, 28 наурызда сот қаулысымен боса­тылып, үй қамаққа жіберілді. Бұл жәбірле­нушілердің наразылығын туғыз­ғаны рас. «Баласы Ресейде тұрады. Юрий Николаевич ұлына жиі ба­рып тұратынын және жалпы Ре­сейге жиі қатынайтынын білеміз. Ертең мүлдем қашып кетсе ше? Денсаулығының сыр бергенін алға тартыпты. Жалғыз ол ғана ауыра ма екен? Бізді алдаған кезде басқа­лардың денсаулығын ойламады ма? Осы сергелдең салдарынан тіпті қайтыс болып кеткен адамдар да бар. Сондықтан ертең «іс бітпей, қу кетті» болмас үшін оның қа­малғаны дұрыс», – дейді жәбір­ленуші Айжан Нұрғалиева. Бірер күн бұрын істі апелля­циялық тәртіппен қайта қа­раған облыстық сот айыпталушыны қай­тадан бір айға қамады. Оның адвокаты Сұлтан Ибрагимов мұ­ны­мен мүлдем келіспейді. Адво­каттың ойынша, бұл іс қолдан жасалған. «Юрий Бородин Ресейге жиі қа­тынаса, құрылыс мәселелері бо­йынша сапар шекті, әрі бір күннің ішінде қайтып келді. Жал­пы, бұл іс қолдан жасалған. «Би-электро» ЖШС мен үлескерлер ара­сында азаматтық-құқықтық келісімшарт жасалған. Ендеше, бұл – қылмыс­тық іс емес. Тиісті мекемелер адам­дарды әдейі ша­қыртып, арыз жаз­ғызып, жоқ жер­ден мәжбүрлеп қылмыстық іс қозғатқызды», – деді адвокат Сұлтан Ибрагимов.
Петропавл Қылмыстық іс бойынша екінші айыпталушы – серіктестік дирек­торы Станислав Гусев бүгінде еш­қайда кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүр.
Түптеп келгенде, үлескерлерді біреудің істі болуы қызықтырып отырған жоқ. Оларға дәл қазір ақ­шасын қайтару, не құрылыстың аяқталғаны керек. Серіктестіктің құрылыс жүргізу үшін қаржысы жоқ екені белгілі. «Ендеше, сала бастаған үй мен оның тұрған жерін сатып, ақшамызды қайтарсын. Айыпталушылардың бұл мүлкі­не көз алартушылар көп. Себебі се­ріктестік бұған дейін де дәл осындай жолмен алдап соққан адамдар бар екен. Ол нысандарды ақыр соңында басқа мердігер салған. Олардың жеке сот орын­даушысы бұл жерді аукцион ар­қылы сату туралы қаулы қабыл­дапты. Бірақ прокуратура оның күшін жойды деп естідік. Бұған қоса, Бородиннің өндірістік ба­засы бар деседі. Оны да пайда­лануға тыйым салу керек. Ұзын­құлақтан білгеніміздей, ол іс бас­талғанша біраз мүлкін туған-туыс, дос-жарандарының атына ау­дар­ға­ны. Ертең мүліксіз қалса, бізге ақ­шамызды кім қайтара­ды? Қа­шан­ғы жалдамалы пәтер жағала­мақ­пыз?» – дейді Айжан Қазбайқызы.
Бүгінде Петропавл қалалық әкімдігі үлескерлердің мәселесіне назар аударды. Жергілікті билік басқа құрылыс компаниясын із­дестірмек. Бірақ ол үшін үлес­керлер бірігіп тұрғын үй-құрылыс коопе­ративін құруы тиіс. Себебі, құрылыс компаниясымен тек заңды тұлға ғана келісімшарт жасай алады. Жуырда қалалық әкімдіктегілер жәбірлену­ші­лер­мен жолығып, осы үйді аяқтауға ке­ліскен басқа құры­лыс ком­пания­сын тапқанын хабар­лады. Бірақ ол үлескерлердің көңі­лін көншітіп отырған жоқ. Бірін­шіден, тұрғын үйдің әр шаршы мет­рінің бағасы 370 мың теңгеге дейін қымбаттап кеткен. Екін­шіден, «Би Электро» ЖШС-мен келісім­шартты бұзып, Юрий Бо­родиннің мойнынан жауапкер­шілікті алып тастау ке­рек. Үшін­шіден, өз бетін­ше ізденіп көрген үлескерлер ком­панияның тым күмәнді екенін айтады.
«Екінші рет алданғымыз кел­мейді. Басқа өңірлерде алданған үлескерлердің үйлерінің құры­лы­сын мемлекеттік бюджет қаржысы есебінен аяқтау тәжірибесі бар. Бұл тәжірибенің біздің қалаға қатысы жоқ па? Қанша жылдан бері ақ­шамызды инфляция құн­сыздан­дыр­ды, сондықтан бізге қазір ақ­шадан гөрі арзандау ба­ғамен пәтер берілсе дұрыс болар еді», – дейді олардың кейбіреуі. Ал бас­қалары ақшаларын қайтарып алғысы келеді.
Бұл мәселені қазір «AMANAT» партиясы облыстық филиалы да өз бақылауына алған.

Солтүстік Қазақстан облысы