Әлемдік нарыққа жол ашады
Әлемдік нарыққа жол ашады
1,099
оқылды
Ел экономикасының күретамыры Атырауда «Atyrau Oil&Gas–2023» халықаралық форумы өтті. Халықаралық көрме аясында Аустрия, Әзербайжан, Беларусь, Гер­мания, Қазақстан, Қытай, Нидерланды, БАӘ, Ресей және Түркиядан келген 86 компания өз өндірісі мен ресми дистрибьюция өнімдерін ұсынды. Атап өтерлігі, көрмеге қа­тыс­қан компаниялардың 58-і қазақ­стандық болса, оның 18-і – Аты­рауда жұмыс істейтін компаниялар. Сарапшылар мұндай халық­ара­лық деңгейдегі іс-шараның отандық экономиканың, өндіріс сек­торының дамуына айрықша сер­пін беретінін айтады. Себебі халықаралық көрме – өндірістік компаниялардың өз өнімдерін ұсы­ну алаңын үлкейтіп, жаңа іс­кер­лік қатынастар орнатуға және жаңа нарыққа шығу үшін берілген мүмкіндік. Халықаралық көрмеге қатыс­қан Атырау облысының әкімі Се­рік Шапкенов көрме ғаламдық индустрияның өңірлік оқиғасы екенін атап өтті. «Теңізшевройл», «Ембімұнайгаз», «Каспий Құбыр Консорциумы» және Qazaqgaz сияқты ірі компаниялардың көрме алаңындағы аумақтарын аралаған облыс басшысы Серік Шапкенов Атырау облысында өткен шараның баламасы жоқ екенін айтты. «Атырау облысында еліміздің өнеркәсіптік өндірісі көлеміндегі үлесі шамамен 24 пайызын құ­райтын және соның ішінде 30 пайыздан астамы шетелдік капи­талдың қатысуымен жүзеге асы­рылатын 600-ден астам орта және ірі кәсіпорын жұмыс істейді. «Atyrau Oil&Gas–2023» ха­лықаралық форумы – еліміздің мұ­най-газ саласы мен эконо­ми­касы ауқымындағы негізгі және стратегиялық маңызды болып та­былатын Атырау облысындағы жал­ғыз және баламасы жоқ іс-шара. Қазірдің өзінде көрмеге ал­ғаш рет 34 компания өз өнімдерін ұсынып отыр. Компаниялардың басым бөлігі халықаралық көрмеге қатысу олардың одан әрі дамуы үшін қажетті инвестиция екендігін айтып отыр», – деп атап өтті облыс әкімі Серік Шапкенов. Атап өтерлігі, Атырау қаласы – әлем мемлекеттерінің 18 мұнай астанасы кіретін Дүниежүзілік энергетикалық қалалар серіктес­тігінің мүшесі (WECP, The World Energy Cities Partnership). Nijhuis Water Technology ком­паниялар тобының директоры Эмиль Хостер – халықаралық көр­меге алғаш рет қатысып отырған кәсіпорын басшысы. Бұл компа­нияға ерекше тоқталуымыздың себебі де жоқ емес. Себебі бұл ком­пания көрмеде тұрмыстық қал­дықты басқарудың оң шешім­дерін ұсынды. «Біздің компания өнеркәсіп­тік ағынды суларды, қабат суын тазартумен айналысады. Біз мұ­най-газ саласы үшін барлық қа­жетті шешімді ұсынамыз. Мен Қазақстанда серіктестер табаты­нымызға сенімдімін, өйткені қазір қалдықтарды кәдеге жарату және суды тазарту мәселесі өңірдегі ірі кәсіпорындардың кен орындары мен өндірісінде өзекті болып отыр. Бізде қалдықтарды басқарудың әр бағыты үшін дайын шешімдер бар. Осы алаңның арқасында біз жаңа нарыққа шығамыз», – дейді Nijhuis Water Technology компания­лар тобының директоры Эмиль Хостер. Зерттеулерге сүйенсек, әр адам ғұмыр бойына 20 тоннадай қоқыс тастайды екен. Ресми деректерде 2018 жылдың өзінде Қазақстанда 5 млрд тоннадай қоқыс жиналғаны айтылады. Бұл көлем қазір көбей­месе, азаймағаны белгілі. Сол қо­қыстың қайта өңделетіні 2-3 па­йызы ғана екен. Осы ретте, әлемдік нарықты оң тәжірибелерімен мо­йындатып отырған ірі компания­лардың Қазақстанмен серіктестік орнату – мүмкіндігін талқылауы­ның өзі қажетті қадам. Халықаралық көрме аясында келушілер үшін көрме павильоны және көше экспозициясы бо­йынша таныстыру турлары ұйым­дастырылды. Көрме қонақта­ры­ның қатарында ірі мұнай сервисі, мұнай-газ өндіруші компания­лардың топ-басшылары мен ма­мандары және құрылыс секто­ры­ның өндірушілері болды. Ауқымды экспозициядан басқа ұйымдастырушылар қызықты іс­керлік бағдарламалар дайындалды. Күннің бірінші жартысында «Кас­пий Құбыр Консорциумы-К» бас­пасөз конференциясын өткізді. «Теңізшевройл» компаниясы өн­діріс саласында қазақстандық маз­мұнды дамыту тақырыбын кө­терді. Қазақстанның «нөлдік жа­рақаттануға» бағытталғандығын ес­кере отырып, Hikvision Kazakhstan компаниясы мұнай-газ са­ла­сындағы персоналды, мүлікті және өндірістік процестерді қорғау та­қырыбын қозғады. Мұнай-газ са­ласындағы стратегиялық әріп­тес­тікті дамыту жөніндегі кеңес Petrocouncil.kz Атырау облысында мұнай-газ саласын дамыту мә­се­лелері бойынша инвестициялық сессия өткізді. Сарапшылар одан әрі өсудің перспективалары мен мүмкіндіктерін талқылады. Сон­дай-ақ көрме көптеген компа­ниялардың тиімді келісімшарттар жасасуына мүмкіндік берді. Еске сала кетсек, Атырау об­лысының аумағында Қазақ­стан­ның негізгі кен орындары орна­ласқан. Айталық, «Қашаған» – Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде орналасқан алып кен орны. Кен орнындағы мұнайдың геологиялық қорлары шамамен мұнайдың 4,5 миллиард тоннасына бағаланады. Теңіз кен орны – Атырау қаласының оңтүстік-шығысынан 350 шақырым қашықтықта орналасқан. Теңіз кеніші – әлемдегі ең терең мұнай кен орны.

Атырау облысы