Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына және басқа да тұлғаларға қатысты аса ірі мөлшердегі алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуде.
Олар алаяқтық жолмен аса ірі көлемде мемлекетке материалдық залал келтірді деген күдікке ілініп отыр. Бұл туралы ақпарат Антикордың сайтында жарияланды.
«Тергеу барысында коммуналдық меншікті (сот үкімі бойынша тәркіленген 3 коттедж және 2 пәтер) өткізу тәртібінің бұзылуы анықталған. Нақтылап айтқанда, күдіктілер бағалау туралы жалған есептер жасаған. Сол арқылы тікелей үлестес жеке тұлғаларға нысандар бірнеше есе төмен бағамен сатылғаны белгілі болды. Күдіктілердің қылмыстық әрекеттері нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал 819 млн теңгені құрады (жылжымайтын мүліктер құнының айырмасы). Тергеу барысында қабылданған шаралармен залал толығымен өтелді», – делінген агенттік тартқан хабарламада.
Антикордың дерегінше, бұл күнде тергеу сотының санкциясымен күдікке ілінген үш экс-шенеунік үйқамаққа алынған.
Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.