Ол Алматының 45 жастағы тұрғыны болып шықты.
Алматыда шетел азаматынан 45 мың теңге алған такси жүргізушісі ұсталды
1,655
оқылды

Алматыда шетел азаматын әуежайдан қонақүйге 45 мың теңгеге апарған таксист ұсталды.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 18 сәуір күні Алматы халықаралық әуежайындағы желілік полиция бөліміне Lufthansa әуекомпаниясының Франкфурт – Алматы бағытындағы рейсімен келген 43 жастағы Германия азаматы шағымданған.

Ол өзін әуежайдан қонақүйге қасақана жоғары бағамен, яғни 45 мың теңгеге жеткізген такси жүргізушісіне қатысты шара қолдануды сұраған.

Көлік полицейлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында такси жүргізушісін анықтады. Ол Алматының 45 жастағы тұрғыны болып шықты. Ер адам Германия азаматына такси қызметін ұсынып, Алматы қаласының халықаралық әуежайынан қаладағы Қонаев көшесінде орналасқан қонақүйге апарғаны үшін жоғары төлем алған.

«Такси жүргізушісі келтірген шығынды өтеді. Құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабының 1-бөлігі (Қоғамдық орындарда тиісу) бойынша әкімшілік жауапқа тартылды», – деп хабарлады ведомство.

Германиялық азамат көлік полицейлеріне жоғары кәсібилік танытқаны және қаражатын кері қайтарып алуға үлес қосқаны үшін алғыс айтты.