Қазақ сахарасы небір ұлы тұлғаға, дана-ойшылға, ақын-жазушыға һәм ғалымға кенде емес. Арғы бергі тарихты парақтасақ, тіл, тарих, әдебиет, мәдениет секілді салалардың қай-қайсында болмасын, кесек-кесек ғылыми ой, толымды пікір қалдырған Ахмет Байтұрсынұлын ерекше атауға болады. Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтсақ, "ұлттық тарихымызда ешкіммен салыстыруға болмайтын ерекше тұлға.
Ахмет Байтұрсынұлы әулетінің күйсандығы ҚазҰУ мұражайына табысталды
699
оқылды

Оған дейін де бұл далада Фараби, Яссауи, Қорқыт, Асанқайғы, Ыбырай, Шоқан, Абайлар да өтті ғой десер. Ол рас. Бірақ, Ахмет Байтұрсынов оларға ұқсайды да, ұқсамайды да".

Биыл – ұлт ұстазы, қазақ руханиятының шамшырағы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл. Дүбірлі шара халықаралық деңгейде, ЮНЕСКО көлемінде атап өтіліп жатыр. Бұл бір қазақтың мерейін асырып қойған жоқ, күллі түркі жұртының ортақ қуанышы болып отыр. Ел көлемінде де ұлы тұлғаның есімі ұлықталып, мұралары дәріптеліп жатыр.

Қара шаңырақ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде де қазақ өркениетінің Темірқазығына айналған Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына арналған түрлі шара өткізіліп жатыр. "Рухани пірімізді" ұлықтау ісінде Ахмет Байтұрсынұлы есімін алған қазақ тіл білімі кафедрасы да бастамашы болып отыр. Сол шараның ішінде тамыз-қыркүйек айларында жоспарлы түрде өткізілген «Ақымет Байтұрсынұлы және тіл тағылымы» атты республикалық форумды атауға болады. Форум аясында докторанттар, магистранттар және студенттер арасында 4 бағыт бойынша сынға түсті. 

Кіл мықтылар бәсекеге түскен, ұлт ұстазының ұлы мұрасын ғылыми тұрғыда пайымдау мақсатында өткізілген форумда А.Байтұрсынұлының өмірі мен қоғамдық қызметі, еңбектері жайында ғылыми мақала жазу бөлімі бойынша жүлделі 1-орын иеленуіміз жетістіктеріміздің ішіндегі ең биігі болғандай. Байқау нәтижесінде Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Айдосов Нұржан бір реттік стипендия көлемінде сыйақы да табыстады.

Форум аяғында Ахмет Байтұрсынұлының жиені Айман Байсалова ғалым мұрасы – күйсандықты ҚазҰУ мұражайына табыстады. Енді текті әулеттің киелі мұрасы қара шаңыраққа рух беріп тұрары сөзсіз. Жиын барысында А.Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі  Райхан Сахыбекқызы жасы тоқсанға таяған кейуана күйсандықты алғашында мұражайға табыстағысы келгенін, алайда қара шаңыраққа табыстауды дұрыс деп ұйғарғанын айтты.

Осылайша, Ахаңның жиенін көріп, әңгімесін тыңдап, ғалымның ғылыми ойлары туралы тұжырымдарын ортаға салған форумға қатысушылар университет пен кафедраға осы шараға мұрындық болғаны үшін алғысын білдіріп, тағылымды шараны жоғары деңгейде қорытындылады.

Әлімтаева Л.Т., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Қазақ тіл білімі кафедрасының аға оқытушысы, 

филология ғылымдарының кандидаты

Қадыржанова Ж.Қ.,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

2-курс магистранты