Илон Маск платформаның қызметін түбегейлі өзгертіп үлгерді. Президенттер мен атақты адамдардың, мемлекеттік органдар мен ірі медиа ұйымдардың верификациясын қайта қарап, көк түсті қанатты белгіні ақылы жасады.
Twitter Президенттің мәртебесін өзгертті
1,828
оқылды

Илон Масктің Twitter-ді сатып алғанына 6 ай ғана уақыт өтсе де миллиардер платформаның қызметін түбегейлі өзгертіп үлгерді. CNN-нің хабарлауынша, бұрын атақты адамдарға, мемлекеттік органдар мен ірі медиа ұйымдарға ғана беріліп келген көк түсті қанатты белгіні енді сатып алуға болады. Aikyn.kz бұндай шешімнің Twitter-дегі аккаунттардың мәртебесін қаншалықты шатастырып жібергенін түсіндіреді.

Фото pictures.pibig.info сайтынан алынды

Масктың ең батыл және ең өршіл өзгерістерінің бірі Twitter Blue болды. Ескі төлем жүйесінің мұрагері ретінде жарнамаланған Twitter Blue жазылым үлгісі кез келген адамға көк түсті белгіні алу үшін, сөйлесулер мен іздеудегі басымдық сияқты басқа да мүмкіндіктер үшін айына 8 доллар төлеп қолдануға мүмкіндік береді.

Жаңа саясатты енгізген платформаға қарсылық та көбейді. Twitter Blue көп түсініспеушілік пен бейберекеттік тудырды. Бағдарлама іске қосыла салып, бірнеше күн өткен соң тоқтатылды. Өйткені Eli Lilly and Company атты фармацевтикалық компанияның атынан ашылған аккаунтында жарияланған «инсулин енді еркін» деген твитінен кейін биржадағы акциялар бірден төмендеп кеткен. Американың жанды жері қор және шикізат биржасындағы акциялардың құны болғандықтан, Twitter де жаңа мәртебе беру кампаниясын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. 

Бұлай істемеген жағдайда акциялардың құлдырап кетуіне кінәлі деп табылса, Илон Маск ондаған миллиард доллар айыппұл төлеуге мәжбүр болар еді.

Фото DW сайтынан алынды

Қайта жалғасқан көк белгілерді алып тастау платформада мәдени өзгерістерге әкелді. Бір кездері танымалдық символы болған белгіні енді көптеген пайдаланушы керемет деп қабылдамайды. Өткен аптада көк белгі түбіртек танымал аккаунттарда пайда бола бастағаннан кейін, Lil Nas X және Chrissy Teigen сияқты атақты адамдар қызмет ақысын төлеуден үзілді-кесілді бас тартты.

23 сәуірдегі жағдай бойынша, Twitter Blue жазылымы арқылы кем дегенде 550 000 аккаунттың белгісі болған. Берлинде орналасқан бағдарламалық жасақтаманы жасаушы Травис Браун CNN-ге берген сұхбатында Маск бұрынғы пайдаланушылардың барлығының көк белгілерін алып тастағаннан кейін бірнеше күн өткен соң 400 000-нан астам аккаунт тазартылғанын айтады.

Аккаунттың мәртебесін білдіретін белгілер оның Twitter-мен байланысты екенін көрсетеді. Ондай аккаунттарда шынайы ұйымның профильдік фотосуреті болады және барлық байланысты профильдерде қолданылады. 

Twitter-дегі Илон Масктің аккаунтының скриншоты

 

Twitter-дің жаңа саясаты бойынша аккаунттарды белгілеу 3 деңгейге бөлінді. Мәртебе белгілері енді алтын, сұр немесе көк қанатты болады.

Бірінші, алтын құсбелгі және төртбұрышты профиль суреті Twitter-дегі «Шынайы ұйымдар» бағдарламасына қатысатын тұлғалар мен компаниялардың ресми аккаунттары екенін білдіреді. Екінші, сұр қанатты белгі аккаунттың мемлекеттік немесе ірі ұйымға, мемлекеттік немесе ірі ұйымның басшысына тиесілі екенін білдіреді. Сұр белгілер тегін беріледі. Үшінші, бұрынғы көк қанатты белгі аккаунт иесінің белсенді Twitter Blue жазылымы бар екенін және платформаның жаңа талаптарына сай келетінін білдіреді. Көк белгісі бар аккаунттар бұрынғыдай белсенді, мағыналы және түпнұсқа болып тексерілмейді. Ондай аккаунт иелері айына 8 доллар төлейді немесе бұрынғы мәртебенің растығы тексерілген соң ғана беріледі.

Қазақстан Президентінің Twitter-дегі ресми аккаунты бұрын көк түсті болса, қазір сұр түске өзгертілген. Ал Президенттің баспасөз қызметінің аккаунтының мәртебесі көк түсті қанатты белгі. 

АҚШ Президентінің мәртебесі де сұр түске өзгерген, Илон Масктың аккаунтында екі белгі бар: көк қанатты және құстың белгісі бар. Соңғы белгі бұл аккаунт иесінің Twitter-мен байланысы бар екенін білдіреді. 

Twitter-дегі Президенттің баспасөз қызметінің ресми аккаунтының скриншоты

Twitter-дегі АҚШ Президентінің ресми аккаунтының скриншоты

Бірақ Маск кейбір атақты адамдарға қажетті мәртебеге ие болуға рұқсат еткен сияқты. Бірақ олардың қанша төлем жасағаны белгісіз. Бұл қадам Twitter-дің кірісін арттыру жоспарының басты бөлігі деп саналады, ал кірістің қаншалықты өсетіні белгісіз.

Аккаунттардың мәртебесіне қатысты белгілерді өзгерту – қазан айында Twitter-ді басқаруға Маск келгелі бері компанияны дүр сілкіндірген көптеген әдістің бірі ғана. Ол қызметкерлердің 80%-дан астамын жұмыстан шығарды, платформаның саясатын өзгертті, бұл шешімдер қауіпсіздік пен ашықтыққа әсер етеді деп мәлімдеді. Соның салдарынан көптеген ірі жарнама беруші платформаны тастап кетті және бұл шығынды Маск шамамен 20 миллиард доллар деп бағалады. Қомақты шығындарға қарамастан, миллиардер өзінің жоспарынан бас тартқан жоқ.

Біздің ойымызша, Илон Масктың аккаунттардың шынайылығын тексеруді қатаңдатуы жалған ақпарат таратушылар мен жалған аккаунт тіркеп, көпшілікті адастыратын адамдарды Twitter-ден аластату деп қабылдау керек.

Фейк хабарламалардан тазару арқылы Twitter шынайы, объективті ақпарат тарату алаңына айналса, болашақта оның беделі де, табысы да өсетінін миллиардер дұрыс болжаған сияқты.