Ресей мен Украина қақтығысы, Түркия мен Сириядағы зілзала, Қазақстандағы Қаңтар оқиғасы және тағы басқа. Бұған күнделікті медиада жарияланатын зорлық-зомбылық, атыс-шабыс, табиғи апаттарды қосыңыз. Ал мұның ендігі әлеуметтік һәм психологиялық зардабын саралай беріңіз. Әлбетте, ауыр. Әлеуметтанушы мамандардың айтуынша, бүгінде қауіпті және апатты аймақтағы азаматтарға көрсетіліп жатқан психологиялық көмек ауруын жазатын емес, ауырсынуын басатын дәрі іспеттес. Өйткені тіпті диагнозы әліге дейін белгісіз. Осы орайда БАҚ бетіне, сарапшылардың сөзіне жиі іліне бастаған бір ұғым бар – отбасылық күйзеліс теориясы. Бұл не? Не үшін маңызды?
Отбасындағы күйзеліс теориясын 1949 жылы әлеуметтанушы Рубен Хилл зерттеп, қолданысқа енгізді. Ғалым Екінші дүниежүзілік соғыстың жанұя қарым-қатынасына қалай әсер еткенін, соғыс уақытында бір-бірінен қол үзіп, қайта табысқан отбасындағы өзгерісті зерттеген. Және аса маңызды бір заңдылықты байқаған: кез келген оқиғаға бүтін бір отбасының қалай мән беретінін сол жағдаяттың ата-ананың ішкі және сыртқы жай-күйіне қалай әсер еткені айқындайды, ал бұл күйзелістің салдарына жауапты. Былайша айтқанда, ата-ата – саналы һәм бейсаналы түрде негізгі вектор.
Алдымен бірнеше мысал келтірейік. Өкінішке қарай, біздің қоғамда жиі кездесетін жағдайлар ажырасу, жұмыссыз қалу, қауіпті бір дертке шалдығу және тағы басқа. Ерлі-зайыптының арасында түсініспеушілік туып, бірнеше айлық жанжалға ұласады. Ішкен астан, істеген жұмыстан береке қашып, отбасының қалыпты жағдайы бұзылады. Ақыры ажырасып тынған ересек екі азаматтың әрқайсысы өз басымен әуреге түседі. Бұл жағдайға тікелей араласа алмаса да, жанама бақылап жүрген ата-ене, бала-шағаның психикалық саулығы тізімнің соңында қалады. Я болмаса, үйдің отағасы жұмыссыз қалды делік. 5-10 жылға жуық бір мекемеде қызмет еткен азаматтың қысқартуға ұшырап, не басшылығымен жараспай, бір сәтте бос қалуы оңай емес, әрине. Мұндай жағдайда кей азамат тәбеті қашып, көңіл күйі бұзылып, мұңға батса, енді бірі жанталасып басқа жұмыс іздей бастайды және онысын үйдегілерге білдірмеуге тырысады. Бұл жағдайлардың қай-қайсысына да куәгер болған жұбайы, ата-ана, бала-шағаның психикалық жайы тағы назардан тыс қалады.
Я болмаса, бір оқушы бұзақылық жасады, сабақтан қашты яки сыныптасымен төбелесті делік. Мектепте ұстаздардың, ата-аналардың қатысуымен тәрбие жиналысы өтті. Бұл оқиғадан кейін бәрінің назары әрине бұзақылық жасаған, не зардап шеккен оқушыға түседі де, солардың көңіл күйімен әлек болады. Ал одан бір кісідей психикалық зардап шеккен ата-ананың ахуалына зер салмаймыз. Психолог мамандардың айтуынша, көптеген күйзелістің ауыр зардабы отбасылық стреске көңіл бөлмеуден туады.
«Біздің қоғамда жанұяның психологиялық саулығына енді-енді көңіл бөліне бастады. Бұған дейін адам психикалық саулығы түгілі аты жаман ауру болмаса, денсаулығының амандығына бейжай қарайтын. Бізде «Ата-бабамыз психологқа бармай-ақ жап-жақсы ғұмыр кешкен» деген түсінік бар. Бұл – қате. Бізге дейінгі ұрпақтың түрлі психологиялық соққымен өмір сүруінің салдары бүгінгі қоғамда көрініс беріп жатыр. Тек соңғы жылдары жекелеген азаматтардың балалық шағында, яки өмір жолында бетпе-бет келген қиын жағдайларды еңсеру үшін, жан дүниесінде қалған жарақатын емдеу үшін психологтің көмегіне жүгіну дағдысы қалыптасты. Және бұл мәдениет жемісін беріп жатыр. Маманның көмегіне жүгінген, яки психологиялық әдебиеттерге әуестене бастаған қауым тұрмыстағы түрлі конфликтіні саналы шешу, әрқандай дағдарысты еңсеру, жан жарасын емдеу былай тұрсын, өз болмысын қабылдау, бойындағы әр кезеңде өтетін құбылысқа дұрыс реакция білдіру машығын үйрене бастады», – дейді психология ғылымдарының докторы Фатима Сағынбайқызы.
Ғалымның айтуынша, сау қоғам қалыптастыру үшін жекелеген адамның ғана емес, бүтін жанұяның психологиялық саулығына маңыз беру керек. Мәселен, жұмыссыз қалған отағасының мысалына оралайық. Орта жастағы азамат қызметтен босап қалғанын көбіне жұбайына ғана айтады. Өйткені ол өзін болып-толған, жеке мәселесін өзі ғана шешіп үйренген, оған қоса бүтін бір отбасының мәселесін реттейтін ер-азамат санайды. Сондықтан басына түскен үлкенді-кішілі тауқыметті түрлі себеппен (ата-анасы, бала-шағасы уайымдамасын, не болмаса олар бәрібір ештеңе шешпейді және тағы басқа) басқаға айтуды жөн көрмейді. Араға уақыт салып әлгі азамат жұмыс тауып, әлбетте мәселесін шешеді. Әйтсе де, сол дағдарыс кезеңіндегі күйзеліс оның отбасы мүшелеріне де салқынын тигізеді. Әкесінің әлденеге уайымдап, ұйқысы бұзылып, яки ас батпай жүргенін бала-шағасы сезеді және олар да өз бетінше уайымға беріліп, күйзеледі.
«Мұндай жағдайда әкесі отбасы мүшелеріне жұмыссыз қалғанын ашық айтуы керек. Әрине, ересектер мен балаларға жаңалықты жеткізу формасы әртүрлі болады. Дегенмен жанұяға қатысы бар кез келген жаңалықты оның әр мүшесі білуі тиіс. Жұмыссыз қалған отағасы үйдегілерін уайымдатпайын деген ойда болуы мүмкін, бұл жанашырлығын түсінуге де болады. Бұл жағдайда әкесі проблемасымен қоса, оны шешу жоспарымен бөлісе алады. Мысалы, «Мен қазіргі мекемедегі қызметімді аяқтадым. Өйткені адамның дамуы үшін жұмыс ауыстырғаны абзал. Біздің отбасымызда қаражат қоры бар. Ал мен өзіме ұнайтын жақсы жұмыс табамын. Ол үшін маған белгілі бір уақыт және отбасымның қолдауы керек» деген сыңайда болған жағдайды ашық айтар болса, өзі де, жанұясының басқа мүшелері де әлдеқайда жайбарақат өмір сүретін еді. Әрі отбасындағы баланың, жасөспірімнің адамға қолдау көрсету дағдысы қалыптасады. Ол өз ұғымында мәселені шешуге ықпал етеді және жанұясындағы проблема шешілген уақытта оған өзі үлес қосқандай сезімде болады. 3-4 жасар баланың сырқаттанып қалған анасының бетінен сүйетіні де осы себептен. Шын мәнінде, шешесі дәрі-дәрмек ішкеннен сауығады, ал балақай бетін сүйіп, анасын жазып алдым деп ойлайды», – дейді балалар психологі Ұлмекен Сарқытова.
Әлеуметтанушылардың айтуынша, отбасылық стресс теориясының маңызды болатын тағы бір себебі – жанұядағы құндылықтар қайшылығы. Әр үйдің өз жүйесі бар. О баста ересектердің көзқарасы мен пайымына құрылатын тізбектің кейінгі ұрпақтың құндылықтары бұзуы мүмкін. Мәселен, ата-анасы үйдің тұңғышы кейінгі бауырларын бағуға көмектесуі керек деп санайды. Я болмаса, бір отбасыда баланың колледжде оқуы құпталмайды, ал жеткіншек ЖОО-ға түспей қалудан қорқуы мүмкін. Белгілі отбасының кәсіп династиясын кейінгі ұрпағы бұзуы мүмкін. Ішкі келіспеушіліктің салдарынан да отбасы дағдарысқа тап болады.
Әлеуметтанушы Джулия Чайлдс мұндай дағдарысты оңтайлы шешу ата-ананың тәжірибесі мен ресурсына тікелей байланысты екенін айтады және оны екіге бөледі: ішкі ресурс – стресті басқару, конфликті шешу, тиімді коммуникация және тағы басқа, сондай-ақ сыртқы ресурс – қаржысы, әлеуметтік қолдау және терапия.
«Дағдарыс» – қытай сөзі, ол тілде «қауіп» және «мүмкіндік» дейтін екі иероглифпен бейнеледі. Әлбетте, дағдарыс кезінде адамның психикалық денсаулығына түрлі кедергі, жарақат немесе қауіп-қатер болады, десе де, ол сондай-ақ, өрлеу, яки құлдырауға бастайтын мүмкіндік сыйлайды. Мамандар психикалық денсаулық дағдарысы міндетті түрде жарақат салатын жағдайдан тумайтынын, сол оқиғаға адамның реакциясынан пайда болатынын айтады. Мәселен, қандай да бір қайғылы жағдайға бір адам қатты қайғырса, енді бірі ойлайды да қояды, ал келесі біреу тіптен назарына алмаған болуы мүмкін. Ал дұрыс реакция қалыптастыруда отбасылық стресс теориясының маңызы арта береді. Кез келген психологиялық соққының зардабы орта есеппен 1-3 жылда көрініс табады дейтін болсақ, бұл ұғымның өзектілігіне көзіміз жетіп қалар.
Айдана НҰРМҰХАН