Тапаншаны музейге қояды.
Ұлытауда ғасырға жуық тарихы бар тапанша табылды
1,277
оқылды

Ұлытау облысының тұрғыны полицияға 98 жылдық тарихы бар тапанша тапсырды. Бұл туралы Aikyn.kz сайты Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының 32 жастағы тұрғыны полицейлерге Намбу тапаншасын тапсырды. Жаңаарқа ауданының тұрғыны Ерсін Тәжмағанбетов жертөледе құрылыс жұмысын жүргізгенде жердің астынан тапанша тауып алған. 

Шұғыл полицияға хабарласып, тапаншаны өткізген. Облыстық полиция департаментінің жедел криминалистері тапаншаны зерттеді. Қарудың бір ғасырға жуық тарихы бар екенін анықтады. 

Намбу 14 тапаншасы – 1925 жылы Намбудың 4 тип тапаншасының дизайны негізінде жасалған Жапон тапаншасы. Намбу тапаншалары 1920-1940 жылдары Жапон императорлық армиясының негізгі жеке қаруы болған. Тапанша ІІ дүниежүзілік соғыс аяқталғанға дейін шығарылды. 

Полицейлер қаруды тапсырған азаматқа алғысын білдірді. Табылған тапанша тарихи жәдігер ретінде облыстық музейге тапсырылады.

Фото: Polisia.kz