Патрульдік полиция инспекторы "жүргізуші куәлігін алып беремін" деп үш адамды алдаған.
Ақмола облысында патрульдік полиция инспекторы үш жылға сотталды
1,007
оқылды
Ақмола облысында патрульдік полиция инспекторы алаяқтық жасағаны үшін үш жылға сотталды, - деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
 
Патрульдік полиция инспекторы "жүргізуші куәлігін алып беремін" деп үш адамды алдаған. Сотталушы өз кінәсін мойындады.
 
"Жәбірленушілердің айғақтары, сот-бейнефонографиялық сараптамалардың қорытындылары алынды. Ақша аударылған Kaspi Bank шотынан үзінді көшірмелер, жәбірленушілермен жазысқан SMS хаттары негізінде сотталушының кінәсі дәлелденді", - деді Ақкөл аудандық соты.
 
Сот үкімімен экс-инспектор үш жыл бас бостандығынан айырылды. "Полицияның аға лейтенанты" атағы қайтарылып алынады, ол енді өмір бойына мемлекеттік қызмет атқара алмайды.
 
Ал оның сыбайласының төрт жылға бас бостандығы шектелді.
 
"Жаза тағайындау кезінде сотталушылардың қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ескерілді. Өйткені олар шын жүректен өкінетіндерін айтып, кінәсін мойындаған. Сондай-ақ келтірілген залалды өтеген", – деп түсіндірді ведомство.
 
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
 
Фото: polisia.kz