Airbus компаниясы өз ұшақтарын сутегі отынымен ұшу жүйесіне ауыстыру сынақтарын аяқтады. Экологиялық таза ұшақ қозғалтқыштарына арналған сутегін қолдану технологиясы HyPERION деп аталады. Жобаның мақсаты – 2035 жылға қарай толық сутегімен ұшатын коммерциялық лайнер шығару
Авиакеросиннің орнына сумен ұшатын ұшақ
2,683
оқылды

Жаңа сутегі экономикасы туралы жиі айтылады. Бірақ бензин мен керосинді сутегімен алмастырудың оңтайлы технологиясы табылмай келеді. Airbus компаниясы жаңа модификацияланған қозғалтқыштарды ұшақтарда қолдану технологиясын жасады.

Компания сутегі отынын қозғалтқыштарда ғана емес, ұшақ бортында электр энергиясын өндіруге арналған қосалқы қуат блокты да сутегі отынының көмегімен жасамақшы. Жаңа технологияның артықшылықтары мен ерекшеліктері туралы Airbus компаниясының сайтында жарияланған материалға сілтеме жасаған Aikyn.kz түсіндіреді.

Фото Airbus компаниясының сайтынан алынды

Францияның Ле Бурже қаласында 54-ші рет өткізіліп жатқан халықаралық аэроғарыш салонында Airbus әріптестерімен бірлесіп жасаған жаңа технологиясын көрсетті. Бұл технология реактивті лайнерлерді сутегі отынына ауыстырып, жасыл авиацияның болашағын жаңа дәуірін жасамақшы.

Airbus пен Safran бірлескен кәсіпорны ArianeGroup-пен бірлесе отырып, Airbus ұшақтарының газ турбиналық қозғалтқышына сутегін берудің толық жүйесін сынауды аяқтады. Newatlas.com сайтының хабарлауынша экологиялық таза ұшақ қозғалтқыштарына арналған сутегін қолдану технологиясы HyPERION деп аталады. Жобаның мақсаты – 2035 жылға қарай толық сутегімен жұмыс істейтін коммерциялық авиалайнерлер шығару. 

Airbus компаниясының аэроғарыштық тәжірибесін мына видеодан көруге болады:

 

Бұл жағдайда Airbus компаниясының аэроғарыштық тәжірибесінің негізінде Ariane зымырандары үшін дайындаған ArianeGroup сұйық сутегі жүйелерімен біріктіру идеясы жатыр.

Жаңа жүйеде сутегі өте салқындатылған сұйықтық ретінде криогендік цистерналарда сақталады. Ол сұйықтықты алдын ала қыздыру арқылы қайтадан газға айналдырып жанармай жүйесіне жібереді, ары қарай газ күйіндегі сутегі қозғалтқыштарға оңтайлы температура мен қысымда беріледі.

Фото Airbus компаниясының сайтынан алынды

Вернондағы ArianeGroup сынақ орталығы ONERA француз аэроғарыш зертханасымен 2023 жылдың 12 мамырында концепцияның дәлелі ретінде үйлесімді металдар мен сутегін суыту жүйесін зерттеп, сынақтар жүргізді. Сынақта Arian зымырандары үшін дайындалған электр сорғы, газ генераторы мен жылу алмастырғыштар қолданылды.

Көпшілік қауым ұшақтарда қанша қозғалтқыш бар деген сұраққа қанаттарында ілінген қозғалтқыштардың санын айтады. Бірақ ұшақтың құйрығында тағы бір реактивті қозғалтқыш жасырылған. Бұл ұшаққа қосымша энергия беретін, борттың жарығын, ас үй мен ұшқыштар кабинасындағы авиониканы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін генераторға қосылған реактивті газ турбиналы қозғалтқыш. Ол сонымен қатар жылыту және салқындату кезінде кабинадағы қысымды реттеуге де көмектеседі.

Ле Буржедегі аэроғарыш салонында Airbus ұсынған ұшақтар туралы видео:

Airbus 2025 жылға қарай HyPower технологиясын сынамақшы. Ол Airbus A330 ұшағындағы қосымша реактивті қозғалтқышының шығындылары мен шу деңгейін төмендететін сутегі отынымен ауыстыратын болады.

«Бұл сынақтар 2025 жылдың соңына қарай ұшақтардың көмірқышқыл газының (СО2) шығарындыларын азайтуды көздейтін ZEROe бағдарламасын орындауға жасалған жаңа қадамды білдіреді», – дейді Airbus UpNext бөлімшесінің бас директоры Майкл Аугелло.

«Біз жүйенің жұмыс қабілеттілігі мен интеграциясын, соның ішінде ұшақты сутегімен толтыруды көрсеткіміз келеді. Біз бұл жүйені 25 000 фут (7620 м) биіктікке көтеріліп, борттағы 10 кг сутегі газымен бір сағат ұшу арқылы нақты өмірде көрсетеміз. Әрине, бұл күрделі технологияны жалғыз жасай алмаймыз және Испан үкіметімен, басқа да сыртқы серіктестермен ынтымақтаса отырып іске асыратын боламыз».

Как в Казахстане будут производить

Фото Eleg.co сайтынан алынды

Қысқаша анықтама. 

Мамандар сутегін болашақтың энергия көзі деп атайды. Қазіргі уақытта сутегін өнеркәсіптік жолмен алудың бірнеше тәсілдері бар. Олардың негізгілері мыналар: судан электролиз тәсілін қолданып алу; метан мен табиғи газдың бу конверсиясын қолдану тәсілі; көмірді газдандыру; биотехнология.

Сутегін алудың осындай әртүрлі тәсілдерінің болуы сутегі энергиясының басты артықшылықтары саналады. Бұл экологиялық таза, энергетикалық қауіпсіздікті арттыратын жаңа энергия көзі.

800 км/сағ жылдамдықпен ұшатын А-320 ұшағы сағатына 2700 литр жанармай жағады, яғни, орташа есеппен 3,5 л/км жұмсалады. Қазіргі ұшақтарда отын ретінде қолданылатын 1 литр авиакеросиннің құны 263 теңге. Әзірше, 1 кг сутегінің америкалық нарықтағы құны 6-7 доллар. Мамандардың айтуынша, технологиялардың жетілуінен бұл баға 2-3 долларға төмендегенде сутегімен жүретін қозғалтқышы бар көліктерді қолдану тиімді болады.