Бас прокурор Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен кездесті.
Бас прокурор: баланы ұрып-соққандарға жаза күшейді
1,636
оқылды

Бас прокурор Берік Асылов Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиевамен кездесті. 

Кездесу барысында қадағалау органының басшысы Балалар омбудсменін кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласындағы жұмыс және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістер туралы хабардар етті. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Атап айтқанда, балалардың жыныстық жәбір көргені үшін жаза күшейтілді. Мұндай істер бойынша шартты түрде соттау және шартты түрде мерзімінен бұрын босату қолданылмайды.

Тараптардың татуласуына байланысты осы санаттағы қылмыстық істерді тоқтатуға тыйым салынды.

Бұдан басқа, «Прокуратура туралы» Конституциялық заңда прокурордың кәмелетке толмағандардың мүддесі үшін тексерулер жүргізу және өтініштерді қарау жөніндегі өкілеттіктерін көздейтін новеллалар бекітілген.

«Прокуратура органдары үшін балаларды қорғау әрқашан басымдыққа ие болды және болады», – деді Бас прокурор.

Жеке мәселе бойынша балаларға қатысты жыныстық қылмыстар туралы қылмыстық істерді тергеудің тиімділігін арттыру шаралары талқыланды. 

Әрбір осындай іс бойынша қылмыс тіркелген сәттен бастап әрекет ететін «ерекше қадағалау» тетігі белгіленген.

Өз кезегінде Динара Закиева балалардың, оның ішінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау тетіктерін нығайту жөніндегі өз көзқарасымен бөлісті. Заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізді.

Кездесу барысында тараптар жұмыста тығыз өзара іс-қимылға дайын екенін білдірді.