Кәрі құрлықта жаздың аптап ыстығы күшейді. Жерорта теңізінде температура рекордтық деңгейге жетті. Туристік орындар жабылып, еуропалықтар рекордтық температурадан қиналуда. Тұрғындарға медициналық көмек көрсету күшейтілді.
Еуропада туристік орындар жаппай жабылды
2,364
оқылды

Бірнеше жыл бойы кәрі құрлықта жаздың аптап ыстығы күшейіп келеді. Еуропалықтар рекордтық температураға бейімделуде.

Жерорта теңізі елдері туристік орындарды жауып, ыстыққа байланысты тұрғындарға медициналық көмек көрсетуді күшейткенін Financial Times басылымы жазды. Жазғы аптаптың себебі мен салдарын осы мақалаға сүйеніп Aikyn.kz хабарлайды.

Жерорта теңізінде температура рекордтық деңгейге жақындаған. Еуропалық ауа райын болжау агенттігі континенттің одан да қарқынды және ұзаққа созылатын ыстық толқындарға дайын болуы керектігін ескертуде. 

«Біз Еуропада өткен жазда болған немесе қазір болып жатқан ыстық толқындар климаттың өзгеруіне байланысты күшейіп, ұзағырақ болады деп күтеміз», – дейді Copernicus климаттың өзгеруі қызметінің директоры Карло Буонтемпо. Ол екі жыл бұрын Сицилиядағы 48,8°C температура рекордының осы аптада бұзылғанын айтады.

Температура осы аптаның соңына қарай аздап төмендегенімен, оңтүстік Еуропаның көптеген бөлігінде «қалыпты деңгейден әлдеқайда жоғары» болған.

Фото Reuters агенттігінен алынды. Авторы: Guglielmo Mangiapane

Дүйсенбі мен сейсенбіде Сардиния мен Сицилияда температура 40°C-қа жетті. Мадрид пен Рим қаласында сәл төмен болды. Билік туристік орындарды жаппай жауып, тұрғындарға сақ болуға шақырды.

Кәрі құрлықтағы аптап ыстық тозақтың қақпасын күзететін мифтік құбыжықтың атымен Cerberus деп аталатын антициклондық жоғары қысымды жүйенің нәтижесі болып отыр. Аптап ыстық әлемдегі рекордтық ең ыстық маусымнан кейін және шілденің ең ыстық бірінші аптасынан кейін келді. Маусым айындағы температура әлемдік орташа деңгейден 0,5°C жоғары болған.

Ауа райы туризмге, ауыл шаруашылығына және өнеркәсіпке үлкен әсер етуде. Дүйсенбіде Афинаның сыртында басталған көптеген орман өрті сейсенбіде де өшірілмеген, үйлер мен көліктерді жойып, мыңдаған тұрғын мен балаларды жазғы лагерьлерден басқа аймақтарға көшіруге мәжбүрлеген. Қатты жел мен жоғары температураның салдарынан Афинада орман өртінің ең жоғары деңгейі жарияланды.

Фото euronews.com сайтынан алынды

Афинадағы ең танымал орындардың бірі, күн сайын 15 000-нан астам туристерді қабылдайтын Акропольді билік өткен демалыс күндері аптап ыстық кезінде жабуға мәжбүр болды. Грецияның мәдениет министрі Лина Мендони тарихи нысандарды ашық қалдыру немесе жабу туралы шешім қабылдау үшін сағат сайын жылу туралы есеп алатынын айтты. «Біз бәріміз бетпе-бет келген климаттық дағдарысқа бейімделуіміз керек», – дейді ол.

Италияда денсаулық сақтау қызметі сейсенбіде 20 қалада ыстыққа байланысты төтенше жағдай жариялады, сәрсенбіде олардың саны 23-ке жетті. Ауруханалар шұғыл назар аударуды қажет ететін аптап ыстықтан туындаған мәселеден зардап шегетін адамдардың ықтимал ағынына дайындалу туралы ескерту алды.

Фото EPA агенттігінен алынды. Авторы: Vostock-photo

Туристер демалуға салқын немесе көлеңкелі орындар таба алмай қиналған Римде қаланы қорғау ұйымы мен еріктілер аптап ыстықтан зардап шеккендерге су және медициналық көмек көрсету үшін қала бойынша 28 көмек стансасын құрды.

Дүйсенбіде Барселонаның Жаһандық денсаулық сақтау институтының зерттеуі өткен жылдың мамыр айының соңы мен қыркүйек айының басы аралығында Еуропада аптап ыстықтан 61 мың адам қайтыс болғанын көрсетті. Аптап ыстықтан ең көп зардап шеккен де италиялықтар болған. Испания мен Германия да ыстыққа байланысты көп өлім тіркелген елдердің қатарында аталды.

Италияның ықпалды фермерлік лоббиі Coldiretti сүт фермалары малды салқындату үшін желдеткіштер мен жаңбырлы жүйелерді қолданғанын айтады. Олар ыстықтан болған күйзеліске байланысты сүт өндірісі 10 пайызға төмендейді деп ескертті.

Шаруалар сүт өндірудің азайғандығынан ғана емес, сонымен қатар су және энергия шығындарының өсуінен де зардап шегуде. Жануарларды аптап ыстықтан қорғау үшін қосымша салқындату жүйелері пайдаланылуда.

Фото Reuters агенттігінен алынды

Ecco тәуелсіз климаттық сараптама орталығының негізін қалаушы Лука Бергамаски төтенше ыстық толқыны Италияның солтүстік ауылшаруашылық орталығы жаппай су тасқынынан зардап шеккеннен екі ай өткен соң қатты соққы болғанын айтады. Сарапшылар Еуроодақтың жаһандық жылынумен күресу үшін қабылдаған «жасыл келісімінен» ішінара бас тартқан Италияның оңшыл үкіметі үшін жаздың ыстығы ояту қоңырауы болғанын айтады.

Италияның премьер-министрі Джорджия Мелони оңшыл үкіметтің мүшелері «қауіпті климаттық өзгерістерді» дұрыс түсінетінін айтқанымен, оның үкіметі Италияның экономикасы мен дәстүрлеріне әсер етпеуге климаттың өзгеруімен күресу үшін шешімдер мұқият зерттеліп, біртіндеп қабылданатынын ескертті.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Dan Kitwood

Жылу толқындары әлемнің барлық бөлігінде тіркелуде, бірақ Еуропа өзінің үлкен жер массасы мен жер бетіндегі орналасуына байланысты жаһандық орташа деңгейден жылдамырақ жылынуда. Рекордтық температуралар Тынық мұхитындағы жаһандық жылынуды тудыратын циклдік ауа райы құбылысы Эль-Ниньоның әсерімен бірге қазба отындарын жағу және адамның басқа да әрекеттерінен туындаған климаттың өзгеруінің нәтижесі екенін жетекші ғалымдар да мәлімдеуде. Earth америкалық коммерциялық емес климатты зерттеу ұйымы алдағы апталарда температуралық рекордтар қайтадан жаңаруы мүмкін деп болжайды.

Сассекс университетінің климатты өзгерту кафедрасының аға оқытушысы, доктор Мелисса Лазенби: «Эль-Ниньо әлі қалыптасу кезеңінде және әдетте желтоқсан-қаңтар-ақпан айларында ең жоғары деңгейге жетеді. Сондықтан алда бізді экстремалды және аптап ыстық толқыны күтуде. Эль-Ниньо өзінің максималды көрсеткіштерін қыркүйек пен қазан айларында көрсететін сияқты», – дейді.

Адамзат өркениеті өзінің индустриалды өркендеу стратегиясында климаттық өзгерістерді болжаудың маңызын дұрыс болжай алмағанға ұқсайды. Қоршаған ортаның температуралық режимі өзгерген сайын адамның тіршілік ету дағдылары да түбегейлі өзгерістерге ұшырауда. Жасыл экономика мен көміртек нейтралитеті саясаткерлердің ғана аузынан еститін әдемі тіркестер еместігін түсінетін уақыт келді.