Заман талабына сай еңбек нарығы да өзгеріске ұшырап келеді. Қазір білікті маманның көрсеткіші – оның дипломы емес, қарым-қабілеті. Шетелде біліктілікті сертификаттау – бұрыннан бар үрдіс.
Жұлдыз Сүлейменова: Жаңа заң еңбек нарығындағы бәсекені арттырады
3,312
оқылды

Жақында Мемлекет басшысы «Кәсіптік біліктілік туралы» Заңға қол қойды. Заң жобасының негізгі мақсаты – азаматтардың кәсіптік дәрежесін тану тәртібімен байланысты қоғамдық қатынастарды кешенді реттеудің тиімді құқықтық негізін қалыптастыру. Заң жобасында кәсіптік деңгейін тану арқылы еңбек нарығын реттеу тетіктерін жүйеге келтіруге бағыт­талған Ұлттық біліктілік жүйесі алғаш рет енгізілмек. Осыған орай, Мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейме­новамен әңгімелестік. 

Ұлттық біліктілік жүйесі енгізіледі

– Жақында «Кәсіптік біліктілік туралы» Заң қабылданды. Бұл заңның мәні мен маңызы қандай? 

– Заң жобасы кәсіптік біліктілік саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Бүгінгі таңда Ұлттық біліктілік шеңбері әзірленіп, бекітілді. 2018 жылдан бастап еңбек нарығының құрылымын нақтылау үшін көрсетілетін қызметтердің жаңа ұлттық жіктеуіші енгізілді. Бұл құжаттың құрамында 12 мыңға жуық кәсіп пен лауазым бар. Заң жобасындағы негізгі жаңалықтарды атап айтсам... 

Бірінші, Ұлттық біліктілік жүйесі алғаш рет енгізілуде. Ұлттық біліктілік жүйесін қалыптастыру және дамыту мамандардың кәсіптік біліктілігін тану процесін жүйелеуге мүмкіндік береді, мамандардың біліміне, дағдылары мен іскерліктеріне қойылатын талаптарды арттырып отыруға, сәйкесінше еңбек нарығын дамытуға ықпал етеді. Кә­сіптік стандарттарды салалық мемле­кеттік органдар салалық кеңестермен және уәкілетті орган Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрлігінің келісімімен бекітеді. 

Екінші, азаматтарға олардың дағ­дылары мен шеберліктерін тану туралы сертификаттар беретін біліктілікті тану орталықтары жетілдіріледі. Мұндай орталықтарға аккредиттеуді Еңбек ми­нистрлігімен келісім бойынша «Ата­мекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізеді. 

Үшінші, Қазақстан Республи­ка­сының заңнамасын бұзған жағдайда Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы мен тану орталықтарының жауапкершілігі қарас­тырылған. Депутаттар инклюзивті қоғамды дамыту мақсатында Кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өту кезінде мүгедектігі бар адамдар үшін қажетті жағдайлар жасау туралы тану орталық­тарының міндеттемелерін белгіледі. 

Төртінші, кәсіптік біліктілікті тану міндетті және ерікті негізде жүзеге асы­рылатын болады. Біліктілікті міндетті тану лицензиялау, аттестаттау, сертифи­каттау, жеке тұлғалар қызметінің бас­талғаны туралы хабарлама, тестілеу, біліктілік емтихандарын өткізу арқылы реттелетін кәсіптер (мысалы, мұғалім­дер, дәрігерлер, бухгалтерлер, адвокат­тар және т.б.) бойынша жүргізілетін бо­лады. Оның тәртібі салалық заңна­ма­мен, сондай-ақ рұқсаттар мен хабар­ла­малар туралы заңнамамен реттеледі. Кәсіптік біліктілікті ерікті негізде та­нуды біліктілікті тану орталықтары (кан­дидаттың қаражаты немесе ҚР заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаражат есебінен не жұмыс берушінің қаражаты есебінен) тек реттелмейтін кәсіптер (мысалы, дәнекерлеушілер, наубайшылар, шаштараздар және т.б.) бойынша ғана жүзеге асыратын болады. 

Бесінші, кәсіптік біліктілікті тануды ынталандыру шаралары ретінде кәсіп­тік біліктілік пен дағдыларды танудың ваучерлік жүйесі енгізіледі. Бұл жүйе республикалық бюджеттен қаржылан­дырылады. Ол жұмыссыз адамдарға кәсіптік біліктілігін тану үшін жылына бір рет бір реттік ваучерді тегін алуға мүмкіндік береді. Алтыншы, алғаш рет формалды емес және информалды білім беруді тану біліктілікті тану ор­талықтарында сертификаттау арқылы енгізілді. Заң жобасы жұмыс берушілер мен мамандардың құзыретіне қойы­латын күн сайын артып отырған талап­тарына сәйкес еңбек нарығының кәсіптік-біліктілік құрылымын жетіл­діруге мүмкіндік береді.

– Уақыт өте келе және еңбек нарығы талаптарының өзгеруіне сай кәсіби бі­ліктілік жүйесі қалай жаңартылады? Қандай өлшемшарттар және көрсеткіш­тер қолданылады?

– Кәсіби біліктілік жүйесінің негізгі өзегі – сапалы әзірленген кәсіби стан­дарттар. Сіздің сұрағыңызға келсек, кәсіптік стандарттарды әзірлеуді және өзектендіруді салалық мемлекеттік органдар уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырады. Осылайша, қағидалар жобасында кәсіптік стан­дартты өзектендіруді салалық мемле­кеттік орган кемінде үш жылда бір рет қамтамасыз ететіні көзделген. Кәсіптік стандартты міндетті түрде өзектендіру үшін заңнамаға сәйкес келтіру, өндіріс пен еңбекті ұйымдастыруды, өндіріс ерекшеліктері мен құрылымын өзгерту, еңбек функцияларының мазмұнын, қызметкерлердің құзыреттері мен бі­лік­тілігін өзгертуге әкеп соққан жаңа тех­никаны, технологияны және ұйым­дастыру-техникалық іс-шараларды енгізу негіз болады. Ол үшін кәсіби стандарттарды әзірлеуде ашықтық пен жариялылық механизмдері қажет.

 Кәсіптік стандарттарды бекітуді салалық мемлекеттік органдар кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңеспен және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің келісімі негізінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Кә­сіпкерлер палатасының оң қорытын­дысы болған кезде жүргізеді.

Салалық мемлекеттік органдар кә­сіби стандартты әзірлеу кезінде норма­тивтік-құқықтық актінің жобасын қоғамдық кеңестермен келісуді және интернет-порталда ашық нормативтік-құқықтық актілерді орналастыруды көздейтін «Құқықтық актілер туралы» ҚР Заңын басшылыққа алады. Әзірлен­ген кәсіби стандарттардың еңбек на­рығына сәйкестігін, сапасын бақылау мен бағалаудың қандай тетіктері қандай деген сұраққа келсек, жұмыс беруші­лердің, салалық мемлекеттік орган қызметкерлерінің сапасын қамтамасыз ету және олардың пікірін ескеру үшін кәсіптік стандартты кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңеспен (оның құрамына жұмыс берушілердің, кә­сіптік одақтардың республикалық бір­лестіктерінің, жұмыс берушілердің рес­публикалық бірлестіктерінің (қауым­­дастықтарының, одақтарының), ша­ғын кәсіпкерлік жөніндегі республи­калық бірлестіктердің өкілдері, білім беру ұйымдарының өкілдері және тиісті саладағы тәуелсіз сарапшылар кіреді) келіседі. Бұл еңбек нарығын сараптап, зерделеуге, жаңашылдықтар енгізуге мүмкіндік береді.

– «Кәсіптік біліктілік туралы» Заң аясында тәуелсіз сертификаттау жүйесі енгізіле ме? Оның маңызы қандай?

– Тәуелсіз сертификаттау жүйесі жаңа жұмысқа орналасу және іздеу кезінде бірінші кезекте түлектерді ор­наластыру үшін «катализатор» болады, сондай-ақ әрбір маманға өз құзырет­терін нақты бағалауға, дағдыларын құжат түрінде растауға мүмкіндік бе­реді. Сертификат жұмысқа қабылдау кезінде кейбір мамандықтар бойынша негізгі құжатқа айналады. Бұл ретте формалды және баламалы білім беру процесінде алынған құзыреттер баға­ланатын болады.

– Кәсіптік біліктілікті қандай мем­лекеттік органдар жүзеге асырады? 

– Салалық мемлекеттік орган кәсіби стандартты әзірлейді және бекітеді (4-баптың 5-тармағы). Жұмыс беру­шілердің бірлестіктері (қауым­дастық­тары, одақтары) кәсіптік стандарттарды әзірлеуге және өзектендіруге қатысады (13-баптың 1-тармақшасы). Кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестер кәсіптік стандартты келіседі (4-баптың 5-тармағы). Еңбек министрлігі Әдіс­теменің сәйкестігі тұрғысынан кәсіби стандартты келіседі (4-баптың 5-тар­мағы).

Заң жұмыссыздарды ынталандырады

– Бұл жоба қаншалықты жұмыссыз жастар санын азайтып, еңбек нарығын реттеуі мүмкін? 

– «Кәсіптік біліктілік туралы» Заң ынталандыру шараларын қарастырады. Мысалы, жұмыссыз адамдарға ваучер­лер, кәсіби біліктілігін тануға жіберген кезде кандидаттарға өтемақылар, кепіл­діктер мен жеңілдіктер беру Заңның 5-тарауында қарастырылған. Жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту үшін бірнеше факторды кешенді қа­растырған жөн. Аталған Заң жастардың кәсіби дағдыларын тануға, сол арқылы еңбек нарығындағы бәсекеге қабілет­тілігін арттыруға бірегей мүмкіндік береді деп ойлаймын. Енді табысты жұмысқа орналасу үшін тек формалды білім ғана емес, формалды емес және информалды білім, сонымен қатар дәлелденген кәсіби икемділіктері мен дағдылары қажет болады. Жастар арасындағы жұмыссыздықты шешуге заң жобасы қалай көмектеседі?

Бірінші, білімнің өзектілігін арт­тырады. «Кәсіби біліктілік туралы» Заң білім беру бағдарламаларын, кәсіби стандарттарды еңбек нарығының қа­жеттіліктерімен сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Жастар қазіргі еңбек нарығында шынымен сұранысқа ие дағдылар мен құзыреттерді меңгеруі өзекті. Бұл үшін жалпы білім беретін мектептердегі баланың сапалы білім траекториясын қалыптастырып, дамыту маңызды. 

Екінші, кәсіби стандарттар: Заң кәсіби стандарттарды әзірлеуді және бекітуді қарастырады, бұл жас маман­дардың білімі мен дағдыларын баға­лаудың нақты критерийлерін белгілеуге мүмкіндік береді. Жұмыс берушілерге үміткерлердің әлеуетін неғұрлым объективті бағалауға көмектеседі.

Үшінші, біліктілікті тану жүйесі: Заң жастардың формалды білім беруден тыс алған біліктіліктерін тану тәртібін қарастырады. Бұл ешбір құнды білімнің ескерусіз қалмауын қамтамасыз етеді және өзін дамытуға ұмтылатындар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Осы үш фактор еңбек нарығының сапасын арттыруға мүмкіндік береді. «Кәсіби біліктілік туралы» Заң жалпы қоғам үшін жаңа мүмкіндіктер мен міндеттер ұсынады. Жастарымыздың кәсіби және тұлғалық өсуі үшін Заңда қарастырылған механизмдердің сапалы орындалуына бақылау енгізуіміз абзал.

Халықаралық тәжірибелер қарастырылды

– Кәсіби біліктілік жүйесінің тиім­ділігі мен сапасын арттыру үшін Заң жобасына қандай озық тәжірибе мен халықаралық тәжірибе қағидаттарын енгіздіңіздер?

– Кәсіптік біліктілік жүйесін да­мытудың табысты тәжірибесі көптеген елде бар. Айталық, АҚШ-та жекелеген штат­тардағы реттелетін кәсіптер ті­зіміне стоматологтардан, заңгерлерден, физиотерапевтерден басқа, флористер, аукционшылар және шаштараздар да кіреді. Әр түрлі бағалау бойынша АҚШ-та 1100-ге жуық кәсіп реттелетін тізімге кіреді, оның ішінде тіркеу (хабарлама), сертификаттау және лицензиялау арқылы реттелетіндер жатады. Ал Бірік­кен Араб Әмірліктері кәсіптер тізілімі міндетті сертификаттауды қажет етпей­тін 187 кәсіп кіретін 726 кәсіпті қамти­ды. 1, 2 немесе 3 деңгейдегі дағдыларды қажет ететін лауазымдағы қызметкерлер жұмысқа рұқсат алу үшін тиісті түрде куәландырылған академиялық серти­фикаттарын беруі керек. Финляндия, Ұлыбритания және Испания елдері жұмыссыз адамдарға біліктілікті тану үшін ваучерлер береді. Францияда 2002 жылдан бастап формалды емес және информалды оқытуды аккредиттеу және растау жүйесі бар. 

Ал Нидерландыда екі элементтен тұратын қос жүйе бар, олардың бірі білім беру жүйесімен (реттелетін біліктілік), екіншісі еңбек нарығымен бай­ланысты, жұмысқа орналасу қажеттілігінен басқа біліктілік қажет­ті­лігіне байланысты (реттелмейтін білік­тілік). Нидерландыда біліктілікті вали­дациалау (VPL) қолданылады, бұл – оқу бағдарламасының түріне қарамастан, адам бұрын оқу ортасының кез келген түрінде (формалды, формалды емес немесе информалды) меңгерген құзы­рет­терді тануға, бағалауға, тексеруге және дамытуға бағытталған жүйе. Эстонияда біліктілік жүйесі мемлекет мойындаған Біліктіліктің екі түрін қамтиды. Бірінші, формалды білім беру біліктілігі барлық деңгейдегі БББ (жалпы, кәсіптік және ЖБ) аяқталған­нан кейін беріледі. Екінші, кәсіптік біліктілік, мұнда жеке тұлғаларға белгілі бір кәсіп бойынша жұмыс істеу үшін қажетті білімнің, дағдылар мен құзы­реттердің болуын растайтын кәсіптік сертификат беріледі.

Эстонияның кәсіптік біліктілік жүйесі үздіксіз оқыту жүйесі мен еңбек нарығын байланыстыратын Эстония­ның біліктілік жүйесінің бөлігі болып табылады. Кәсіптік біліктілікті растау үшін құзыреттілікті тәжірибені бағалау кәсіптер туралы Заңмен реттеледі. Бұл заңда біліктілік сертификаттаудың рес­ми нәтижесі ретінде танылған құзырет­тілік ретінде анықталады. Кәсіптік стан­дарттар бағалау әдістерін, процеду­раларын және критерийлерін анықтай­тын бағалау стандарттарымен бірге жүреді. Құзыреттілікті бағалау әдістері мен нысандары кәсіптерді тағайындау тәртібімен анықталады. Бұл әр кәсіптің біліктілік құжаттарын берудің өзіндік рәсімі бар екенін білдіреді. Эстония, Франция, Шотландия, Сингапур, Аустралия Кәсіптік біліктілік жөніндегі Ұлттық органды құрған. Финляндия, Ұлыбритания және Испания жұмыссыз адамдарға біліктілікті тану үшін вау­черлер береді. Францияда маманның құзыреттілігін, кәсіби біліктілік дең­гейін және орындалатын жұмыс сапа­сын есепке алу арқылы іске асырылатын жалақыны жеке есептеу қағидаты бар. АҚШ-та жалақының өсуі өндіріске емес, біліктіліктің өсуіне және игерілген біліктілік санына байланысты. Арме­нияда формалды емес (информалды) білім беру нәтижелері бағаланады. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Көктем ҚАРҚЫН