Ертеден ат үстінде күн кешіп, түн қататын көшпенді бабалардың ұлттық ойындары да атпен байланысты болды. Әсіресе, көкпар, бәйге дегенде ішкен асын жерге қойып, делебесі қозбайтын қазақ жоқ десек болар.
Ат үстінде атой салған Ева
1,340
оқылды

Көкпар – білекті де жүректі, тақымы тастай берік жігіттердің сүйікті ойыны болды. Ал қыз баланың көкпар тартуы қазақ үшін таңсық десек болардай. Тек соңғы жылдары бұл ұлттық ойынымызды ерлермен тең ойнайтын нәзік жандылар бой көрсете бастады. Соның бірі – Ева ару. Жастайынан аттың жалында өскен көкпаршы қыз Ева Жигалина жайлы «Ева. Батыр қыз» атты деректі фильм түсірілді. Бұл – бала кезінен дала төсінде ойқастап, бар мәдениетін бойына сіңіріп өскен табанды қыз туралы фильм. 

Деректі фильмді Black & White Production компаниясы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының демеуімен түсірген болатын. 

Фильм көрерменді эмоциялық сая­хатқа үйіріп әкетіп, сол уақытта кейіпкер­дің алдындағы қиындықтарын, оның сәйгүлікке деген махаббатын паш етеді. Басты кейіпкер Ева Жигалина алғаш рет атқа 10 жасында мініп бастаған. Бастап­қыда әкесіне мал жаюға көмектесіп, жай ғана атпен серуендейтін аруды 13 жасында ауыл тұрғындары асау аттарын үйрету үшін жұмысқа жалдай бастаған.  Ал 15 жасында Ева көкпарға қызығушылығы артып, ал­ғаш рет көшпенді елдің ұлттық ойынына аңсары ауған. 

«Ата-анам көкпарға қатысуға тыйым салған. Бірақ бір жерде көкпар болып жа­тыр десе, делебем қозып, үйден қашып ке­те­тінмін. Көкпарға алғаш рет 15 жасы­мда қатыстым. Шақырусыз барған едім. Өзім де таңғалдым. Атта отырып, ерлердің көкпарда жан алып, жан бергенін көрдім. Оларға қосыла кетіп, серкені тартып алыппын. Ерлер мені қуа жөнелді, бірақ ұстатпай кеттім. Қазір жұрттың көкпарға қызығуы артқанын көріп жүрмін. Маған ұлдар да, қыздар да хат жазып, үйретші деп жатады», – дейді Ева Жигалина.

«Ева. Батыр қыз» деректі драмасы – Темірбек Аманжолдың режиссерлік ал­ғашқы қадамы. Темірбектің өзі де атпен саяхаттауды және атқа міну мәдениетін зерттеп жүр. Еваның хикаясы – салт-дәстүр, жігер мен құрбандық шиеленіскен әлемге шытырман саяхат. Режиссердің ойынша, осындай қым-қуыт әлемде нәзік жан ағысқа қарсы жүзіп, махаббат пен жа­лынның алмайтын қамалы жоғын айшықтайды.

«12 жылдан бері аттарды фильмдерге түсіріп, атқа міну мәдениетін, неонома­дизмді зерттеп жүрмін. «Ева. Батыр қыз» фильмінде қазақылықтың формуласын паш еткім келеді. Елі бөтен, діні бөтен басқа жұрттар неліктен осы ойынға ғашық болып, бар өмірін сарп етуге бар? Көк­пар мен аттар несімен тартады? Еңбекті осы сұрақтарға жауап іздейтін зерттеу десеңіз де болады», – дейді Темірбек Аман­жол.

Фильмнің продюсері Думан Қожах­меттің пікірінше, осы фильмнің халық­аралық деңгейге шығу әлеуеті мол. Ол қазір бірнеше шетелдік стриминг-сер­виспен прокат туралы келіссөздер жүріп жатқанын айтты.

Қиындықтарға мойымастан табан­дылық танытқан ару көкпар тек ерлердің ойыны деген стереотиптерді бұза білді. 

Бүгінде Ева Алматы облысының Жам­был және Қарасай аудандарындағы ең бел­сенді көкпаршылардың қатарына кі­реді. Жылқыларды бағу, өсіру және қолға үйрету – жолдасы Тельман Мұсаев екеуі­нің отбасылық жұмысы. 

Наурызбек САРША