Түркістан қалалық сотында 6 полиция қызметкеріне қатысты азаптау және заңсыз ұстау фактілері бойынша қылмыстық іс қаралды.
Түркістан облысында күдіктілерді азаптаған 6 полицейге үкім шықты
810
оқылды

Оқиға өткен жылы Сауран ауданында болған. Аудандық полиция бөлімінің 6 қызметкері екі күдіктіні полиция бөлімінде заңсыз ұстаған. Мал ұрлығына байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағандығын мойындату, айғақтарды алу, қылмысты ашу бойынша көрсеткішті жасанды түрде көтеру мақсатында күдіктілерді қорқытып, тіпті физикалық күш қолданған.

Сот отырыстарында күдіктілер жәбірленушілер ретінде жауап берді.

Прокурор полицейлерді кінәлі деп танып, әрқайсысына 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде түпкілікті жаза тағайындауды сұрады.

Ал жәбірленушілер сотталушының біреуіне кешірім беретіндігін айтты. Қалған сотталушыларға прокурор сұраған жазаны тағайындауды өтінді.

Сот үкімімен 6 сотталушы Қылмыстық кодексінің 146-бабы 2-бөлігінің 1), 2) тармақтарында және 414-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

Төрт сотталушыға 4 жыл мерзімге, екі сотталушыға 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ барлығы арнаулы атақтарынан және 3 жылға дейін құқық қорғау органдарында қызметпен айналысу құқығынан айрылды.

«Сот жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жайларды – жәбірленушілердің сотталушыға кешірім бергенін, екі сотталушының қылмыс жасау кезінде белсенді рөл атқармағанын және барлық айыпталушылардың бұған дейін істі болмағынын негізге алды. Ал ауырлататын мән-жайға – берген антты бұзғаны жатқызылды.

Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», - делінген Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі ұсынған хабарламада.

Еске салайық, 2022 жылдың тамыз айында әлеуметтік желіде полиция басқармасында азапталған ер адамның дауысы жазылған видео жарияланған еді. Тексеру кезінде бұл видеоның Сауран аудандық полиция бөлімінде түсірілгені анықталды. Яғни қой ұрлағаны үшін күдікті ретінде ұсталған тұрған полицейлер өзіне күш көрсеткенін айтқан. Тіпті, басына қап кигізіп, ұрып-соққанын жеткізген болатын. Кейіннен күдіктінің қылмысын күшпен мойындатпақ болған полицейлер қамауға алынды.