«Миға ұқсас» чиптің көмегімен жасанды интеллект (ЖИ) энергияны үнемді пайдаланатын болады.
«Миға ұқсас» чип жасалды
1,612
оқылды

«Миға ұқсас» чиптің көмегімен жасанды интеллект (ЖИ) энергияны үнемді пайдаланатын болады. Бұл туралы оны әзірлеуші технология алпауыты IBM хабарлаған. BBC материалына сүйенген Aikyn.kz адам миымен жарысқан технологияның ерекшеліктерін түсіндіреді.

Фото gettyimages.com сайтынан алынды. Авторы: Yuichiro Chino

IBM-нің хабарлауынша, «ми тәрізді» технология смартфондарға арналған ЖИ чиптерін өте тиімді етіп, қуат көздерін үнемді жұмсауға көмектеседі. Жаңа технология адам миындағы нейрондық байланыстарға ұқсас жұмыс істейтін компоненттерді қайталап жасалған.

Фото broadway.me сайтынан алынды.

IBM компаниясының Цюрихтегі (Швейцария) зертханасының жетекші ғалымы Танос Василопулостың айтуынша, дәстүрлі компьютерлермен салыстырғанда «адам миы аз қуат тұтынған кезде де керемет өнімділікке қол жеткізе алады» екен. Жаратушы берген осындай адам  миының қасиеттерін инженерлер енді жасанды ми жасауға қолдануды көздеген.

Фото telecom.economictimes.indiatimes.com сайтынан алынды.

Олардың гипотезасы бойынша энергия тиімділігі жоғары жүйелер «үлкен және күрделі жұмыс жүктемелерін өте аз энергия қолданып немесе шағын көлемдегі батареялардың көмегімен» орындай алады. Мысалы, автомобильдерде, ұялы телефондар және видео камералар.

«Сонымен қатар бұлттық провайдерлер энергия шығындарын және олардың көміртегі ізін азайту үшін осы чиптерді пайдалана алады», – дейді Танос Василопулос.

Фото gettyimages.com сайтынан алынды. Авторы: Andriy Onufriyenko

Көптеген чип  цифрлық форматта жұмыс істейді, яғни олар ақпаратты 0 және 1 түрінде сақтап, өңдейді. Бірақ жаңа чип аналогті түрде цифрлар диапазонын сақтай алатын мемристорлар (жад резисторлары) деп аталатын компоненттерді пайдаланады. Өйткені  адамның миын аналогті деп қарастырсақ, мемристорлардың жұмыс істеу тәсілі мидағы синапстардың жұмысына ұқсас.

Суррей университетінің профессоры Ферранте Нери табиғаттан шабыттанған инженерлер мемристорлардың үлгісін мидың қызметін имитациялайтын есептеулерден алғанын айтады: «Бір-бірімен байланысқан мемристорлар биологиялық миға ұқсайтын желі құра алады».