Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Арман Қалықов, Кұдайберген Бексұлтанов пен Никита Шаталов «Қазақстан» шахтасындағы жағдаймен және жедел штаб жұмысымен танысты. Мәжілістегі партия фракциясы алғашқы сағаттан-ақ жағдайды ерекше бақылауда ұстап отыр.
«Қазақстан» шахтасындағы қайғылы оқиға Мәжілістегі «AMANAT»  партиясы депутаттарының ерекше бақылауында
697
оқылды

Халық қалаулылары қайғылы оқиға орнында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ өкілдерімен келіссөз жүргізді, сондай-ақ қаза тапқан және жоғалып кеткен шахтерлердің отбасыларымен және кәсіподақ өкілдерімен кездесті.

«Мен осы Шахтинск қаласында 45 жыл өмір сүріп, аталған  компанияда 27 жыл жұмыс істедім. Осы және осыған дейінгі апаттар көз алдымда болды. Бұл – үлкен қасірет. Мұндай апаттар үнемі қайталанады. Мемлекет пен уәкілетті органдар тарапынан бақылауды күшейтетін кез келді. Себебі көмір өнеркәсібі Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде ең қауіпті сала саналады. «AMANAT» партиясы тергеу амалдарын жіті қадағалап, қаза тапқандар мен олардың отбасылары үшін әділдік орнатады», – деді Мәжіліс депутаты Арман Қалықов.

«AMANAT» партиясы көздеген басты мақсаттың бірі – болашақта осындай оқиғаларға жол бермес үшін барлық жұмысшыға сенімді жағдай жасау.

«Бұл – 90-жылдары Митталға су тегінге берілген инфрақұрылымға немқұрайлы қараудың салдары. Ай мен күннің аманында отандастарымыздан айырылып қалып жатырмыз. Бұдан былай бұған жол беруге болмайды. Бұл жағдай әрқайсысымыз, тіпті тұтас халқымыз үшін үлкен қасірет. Өкінішке қарай, мұндай апаттар келе-келе қалыпты жағдайға айналып, оған етіміз үйреніп бара жатқанын байқап отырмыз. Мәйіт табылады, салдары жойылады. Осындай оқиғалардың үнемі қайталанып отырғанына үйренісіп кеттік. Келесі күні түк болмағандай, шахтерлер тағы өз өмірін қауіп-қатерге тігіп, әдеткі жұмысына кіріседі. Бұған тоқтау салатын кез келді. Жұмысшылар лайықты жалақы алып қана қоймай, отбасына аман-есен оралатынына сенімді болуы керек», – деді депутат Никита Шаталов.