Қандай түлен түрткенін қайдам, компания жұмысшыларымен бірге мен де наразылық митингісіне шықтым. Талабымыз біреу: «Еңбекақымызды көтермесе, жаппай жұмыстан кетеміз!»
«Шақ-шұқ!»
426
оқылды

Компания президенті бізге менсінбей қарап шықты да, былай деді: – «Еңбекақыларыңды көтеремін. Ол үшін ұялы телефондарыңдағы вацапқа дауыстап хабарлама жазасыздар! «Шақ-шұқ!» – дейсіздер. Кім қанша «Шақ-шұқ!» дейді, бухгалтер сағаттар бойынша «шақ-шұқтарыңызды» есептеп, айлықтарыңызды өсіреді. Әр шақ сөзі – жүз теңге, шұқ сөзі – екі жүз теңге. Егер асықпай, жәй айтып жазатын болсаңыздар, он-ақ теңгеге есептеледі!» – деді. Еріккен, кеңкелес президенттің мынаусына ұйықтап қалмасақ та, сол жерде хормен: «Шақ-шұқ, шақ, шұқ!» – деп айқайлай бастадық.  Сол жерде бір сағаттай «шақ-шұқтадық», ауызымыз алақандай болып, ауырып, тілдеріміз салаңдап кетті. Шетелдік жұмысшылардың айлықтары пәленбай мың, біздікі сиыр сигендей болған соң, көшеде келе жатып та, «шақ-шұқ!» – деумен болдым! Бала-шағамды асырауым керек қой! Бір кісі тоқтатып: – «Жындыхана қай жерде?» – деп сұрап еді, «Шақ-шұқ!» – дедім.  Бір әйелді байқамай соғып кетіп едім, кешірім сұраудың орнына: «Шақ-шұқ!» – дедім. Автобуста да аузым тынбады. Бәрі маған таңырқай қарайды. Содан, «Каспий» банктен бір қыз ызбандады. «Несиеңізді қашан төлейсіз?» – деп. «Шақ-шұқ!» – дедім мен. Үйге кіргеннен «шақ-шұқтап» аузым жыбырлап, диванға жата кеттім. Бірақ «Шақ-шұқты» қояр емеспін. 

Әйелім: 

– Есің ауысқан ба? Тамақ іш! – деді. «Шақ-шұқ!» – дедім мен. «Вермишель таусыл­ды», – деді ол. «Шақ-шұқ!» «Немене, шақ-шұқ?» «Шақ-шұқ!» Әйелім басыма тәпіш­кесі­мен салып қалды. «Шақ-шұқ!» «Аштан қырыламыз ба?». «Шақ-шұқ!». Ол жедел жәрдем шақыр­ды. Ақ халатты қыз: – «Ағай, қай жеріңіз ауырады?» –деп сұрады. «Шақ-шұғым!» – дедім мен. Бір ай бойы «шақ-шұқтан» тынбадым. Бүгінде жындыханада жатырмын, шақ-шұқ!

Мұхтар ШЕРІМ