Бүгінде Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясына 16 мемлекет мүше. Олар: Қазақстан, Қырғыз Респуб­ликасы, Түркия, Әзербайжан, Моңғолия, Венгрия, Грузия, Ресей, Аргентина, Жапония, Мексика, Польша, Қатар, Румыния, Тунис, Литва.
Халықаралық этноспорт саммиті өтті
600
оқылды

Сол мемлекеттердің қатарында Өзбекстан да бар.  8-9 қыркүйек күндері аталған мем­лекеттің Хиуа қаласында Халықаралық этноспорт саммиті өтті. 

Жиынға 60-тан астам елдің үкіметтік шенеуніктері, федерация өкілдері мен ғалымдары, сондай-ақ қазір Дүниежүзілік этноспорт конфе­дерациясына кірген елдердегі арнайы мекеме­лерден  24 өкіл келді. Сондай-ақ саммитке Дүниежүзілік этноспорт конфе­дерациясының президенті Наж­мед­дин Біләл Ердоған мен  Өзбекстан Республикасы Жастар саясаты және спорт министрі Адхам Икрамовтың арнайы шақыртуымен Қазақстанның Туризм және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек пен Қазақстан Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов та қа­тысты.

Саммит аясында Жоғары деңгейдегі министрлер алқасы, этноспорт фестивалі және Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы мүшелерінің VI кез­десуі сияқты маңызды іс-шаралар ұйымдас­тырылды.

Талқылаулар өткен келелі жиындарда ұлттық спорт түрлерін дамыту және оның ауқымын кеңейту мәселелері қозғалып, нақты ұсыныстар айтылды. Жиында арнайы сөз алған Қазақстан  Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов саммитке қатысушыларды келесі жылы Қазақстанда өтетін V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына шақырып, бірқатар мәселені көтерді.

«Әлемдік тәжірибеге сүйенетін болсақ, қандай да бір спорт түрін жоғары деңгейге көтеру үшін ең алдымен оны регламенттеп, ере­жесін жасап, жетілдіру қажет. Онсыз ешқандай спорт тиісті дең­гейде дамымайды.

Сол секілді түркітілдес мемлекеттер жиналып, ұлттық спорт түрлеріне ортақ ереже бекітіп, нор­мативтік базасын қалыптастыру арқылы болашақта ұлттық спорттың бір түрін Олимпиада ойын­дарының бағдарламасына кіргізсек, баршамыздың ортақ жеңісіміз болар еді.

Сондықтан Бүкіләлемдік этноспорт конфе­дерациясына мүше барлық мемлекет жұдырықтай жұмыла алға қойған ортақ мақсат­тарымызға жетеміз деген үміттемін», – деді Қазақстан  Ұлт­тық спорт қауымдастығының президенті И. Салжанов.

Наурызбек САРША