Алматы қалалық мәслихатының экс-депутаты Қайрат Құдайберген мен «Дикий Арман» лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевке қатысты сот процесі жалғасып жатыр, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Дикий Арман» сот отырысына онлайн режимде қатысты
824
оқылды

Алдын ала тыңдау ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесінің №72 түзеу мекемесінің тергеу изоляторында өтіп жатыр. Сотта Қайрат Құдайберген мен Арман Жұмагелдиевтен бөлек, тағы 43 адамның ісі қаралады. Олардың бәрі Қаңтар оқиғасы бойынша күдікті. Сот отырысы онлайн және офлайн режимінде өтіп жатыр. Атап айтқанда, бес айыпталушы сот отырысына Zoom платформасы арқылы қатыстырылды, оның ішінде Ұлттық қауіпсіздік қызметінің тергеу изоляторында отырған «Дикий Арман» бар. Арман Жұмагелдиев пен оның қорғаушылары соттың әділ өтуін және айыпталушыға сот отырысына басқа қатысушылармен бірге офлайн режимде қатысу мүмкіндігін беруді талап етті. Өз кезегінде судья Асхат Әшірбеков сот отырысының неліктен аралас форматта өтіп жатқанын түсіндірді.

«12 қыркүйекте Алматы прокуратурасынан сотталушылар Ы., Ж., Ү. мен М.-ға қатысты алдын ала тыңдау және бас сот талқылауын бейнебайланыс режимінде өткізу туралы өтініш келіп түсті. Себебі оларды кезең-кезеңімен өткізіп, №72 мекемесіне әкелу қылмыстық процеске қатысушылар үшін қауіпті. Сондай-ақ қоғамдық тәртіп бұзылуы мүмкін. Дәл осындай хат Алматы қалалық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінен де келіп түсті», - деді Асхат Әшірбеков.

Судья заңға сәйкес негізгі сот талқылауы соттың қалыпты жұмысын және процеске қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жағдайда жүргізілетінін атап өтті.

«Осы өтініштерді, хаттарды зерттеп, сот оларды қанағаттандыру қажет деп санады, өйткені мұндай жағдайларда сот өз құзыреті шегінде процеске барлық қатысушының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заңда көзделген шараларды қолдануға міндетті. Дәл осы мақсатта сот төрт сотталушыға қатысты алдын ала тыңдау сот отырысын онлайн режимде өткізу туралы шешім қабылдады. УҰИ жағдайында бір сотталушы бар. Осы негіз бойынша сот шешім қабылдады», - деп жауап берді судья сотталушылар мен адвокаттардың сұрақтарына.

Айыпталушылардың адвокаттары сот шешімімен келіспейді. Олар шұғыл түрде барлығын мекемеге ауыстырып, оларға тең құқық берілуін талап етіп отыр. Сотталушылар процеске қатысушыларға ешқандай қауіп төндірмейді деп есептейді.

Бұған дейін Алматы қалалық соты қылмыстық ісі бойынша сот процесіне адвокаттардың кіруіне кедергі келтіріліп жатқаны туралы ақпаратты жоққа шығарған болатын.