Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты бағытты саяси реформаларға бұрып, мемлекеттік басқару жүйесін реттеуді қолға алғаны өте құптарлық қадам болды. Өйткені басшылықты реттеп алмай, тіршілікті түзеу қиын.
Әкімдер сайлауы – саяси жаңғырудың жемісі
1,341
оқылды

Елімізде адал әрі әділ мем­ле­кет­­тік қызметшілер мен депу­тат­тар болуы тиіс. Жаңа Қазақстанды сон­­дай азаматтар аяғына тұр­ғыза­ды. Саяси жаңғыру болмай, әлеу­мет­тік, экономикалық тұрғыда да­му да, өсу де мүмкін емес. Сол се­бепті сайлау жүйесіне біршама өз­герістер енгізілді. Атап айтсақ, Мә­жіліс және мәслихат сайлауы тәр­тібі өзгеріп, мажоритарлы жүйе­мен өткізілді. Яғни, Мәжіліс де­путаттарының 70 пайызы про­пор­ционалды, 30 пайызы мажори­тарлы жүйемен сайланды. Төменгі палатадағы 49 депутаттың ішінде 6 саяси партияның өкілдері де бар. Ал облыстық мәслихаттарда 50 пайызы пропорционалды, 50 пайызы можариталы жүйемен сайланғандар болса, аудандық мәслихаттарда – 100 пайыз өзін-өзі ұсынған депутаттар. Президент партиялардың институционалдық және ұйымдастырушылық қабі­летін арттырып, бәсекелестікке бейімделуіне көңіл бөліп отыр. Жал­пы, жаңа үлгі Парламенттің тө­менгі палатасына жаңаша көз­қарасты азаматтардың келуіне мүмкіндік берді. Мен – бірман­датты округ бойынша өзін-өзі ұсы­нып сайланған депутаттың бірі­мін. Императивті мандатқа көшу арқылы депутаттардың өза­ра сайлаушылармен байла­нысын ны­ғайту көзделген. Аманат арқа­ла­ған сайын жауапкершілік кү­шейе­ді екен. Абай хакім айтқан­дай, Құдайдан қорқып, пендеден ұялып жұмыс істейсің.

Сол сияқты ауыл, аудан әкім­дерінің сайлауы да жаңашылдық. Президент бастамаларының бар­лығы да адалдық пен әділдікке не­гізделген, билік пен халыққа игілікті екені даусыз. Саяси тран­с­формация адалдықтың сақталып, әділдіктің орнауын қалыптастыра­тын ойын ережесі. Бұл сан салада бармақ басты, көз қыстылық пен монополияның түп-тамырымен жою­ға жол ашады. Жаңа Қазақ­станды құру үшін бетке алған бағыттан танбай, жаңа белестерді сөз­бен емес нақты іспен бағын­дыру керек.

Ауыл әкімдерін сайлау тәуел­сіздік тарихындағы айтулы белес­тің бірі болды. Енді, міне аудан әкім­дері де сайланбақшы. Әкім сай­лау – қазаққа бейтаныс рәсім емес. Бабаларымыз болыс, би, қа­зыларды да, ханды да сайлаған. Ұлы далада қалыптасқан сайлауы да, заңы да, басқару жүйесі де бол­ған. Сол үдеріс жаңғырып жатса, неге құптамасқа?! Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімдер сайлауын қолға алуы саяси рефор­маларға тың серпін берді. Былтыр­дан бері мыңнан аса елді мекенде сайлау өтіп, 603 ауылдық округ әкімі сайланды. Олардың 215-і өзін-өзі ұсынса, қалғаны – қайта сайланған бұрынғы әкімдер. Биыл пилоттық жоба ретінде алғаш ен­гізіліп отырған сайлау 3 қала мен 42 ауданда өтеді. Олардың бар­лығы көпшілік сеніміне ие бол­ған­дықтан әкім болып сайланды. 

Үміткерлерге талапты күшейту ке­рек. Қазір «бөліп ал да билей бер­ге» салынып, әкімдікке мансап үшін таласатын кезең емес. Кері­сін­ше, ел үшін еңбегін аямайтын заман. Әкім сайлауы кандидаттар арасында бәсекелестік тудырады. Жергілікті жұртшылықтың ат­қару­шы билікті өзі таңдап, өзі сай­лауы – демократиялық жария­лы­лықтың арқасы. Атқарушы би­лікті сайлау әлемдік тәжірибеде бар. Америкада да штат губерна­тор­лары мен қала мэрлерін сай­лайды. Есесіне, ел де тыныш, жо­­­ғарғы билік те тыныш. Әр ок­руг өзі аттай қалап сайлаған ада­­мы­на сенім артады, сенімін ақ­та­маса, мерзімінен бұрын алып тас­­тай салады. Яғни, жұмыс істе­мей­тін әкім халыққа, халық та өзі таңдап сайлаған әкіміне ренжі­мейді. 

Алдағы аудан әкімдерінің сай­лауы сәтті өтетініне күмән жоқ. Тек халық сөздің емес, істің ада­мын таңдаса игі. Қазір мұндай таң­дау туындап тұрған шақ. Сай­лауға 25 жастан асқан мемлекеттік қыз­метте еңбек өтілі бар азаматтар өзін-өзі де және кез келген пар­тия­ның ұсынысымен де түссе, ха­лық өзінің қалаулысын сайлай ала­ды. Әкім – ортақ тұлға. Сон­дық­тан әкімдер ұлтқа, руға бөлу­ден бойын аулақ ұстап, тек халық деген ұғыммен жұмыс істеп, се­нім­ді ақтау басты міндет. Тек сон­да сайлаушылардың сайлауға жә­не атқарушы билікке деген се­німі артады.

Түкпірде бір әкім сүрінсе, бар­лық билікке сын. Президент әкімдердің – биліктің әрбір елді ме­кендегі тікелей өкілі ретінде жұрт олардың қызметіне қарап бү­кіл мемлекеттік басқару жүйе­сінің тиімділігін бағалайтынын айтты. Сондықтан тиімді мемле­кет және әділетті қоғам талаптары­на сай болу үшін сайлауды әділ өт­кізуді тапсырды.

Әкімдерді сайлау – дер кезінде қолға алынған іс. Аудан әкімдерін сайлаудың өзі – ауыл әкімдері сай­лауының сәтті өткенінің бел­гісі. Сайлау не үшін керек? Әкім бо­латын үміткерлер арасында бәсе­келестік пайда болады әрі жарысып жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Халық та бір сайлауда үде­сінен шықпаған әкімді екінші рет сайламайтын болады. Сол үшін әрбір адам «сайламасақ та сай­лаулы» деген сенімсіздіктен ары­лып, сайлауға азаматтық борыш деп қарауы тиіс. Мемлекет басшы­сы халық пен билік арасында ашық диалог қалыптастырып, бір­лік­те тірлік кешуге шақырады. Жаңадан жасақталып жатқан реформалар – жаңа әрі әділетті Қа­зақстан құрудағы алғышарттар. 

Қытайдың әйгілі ойшылы Конфуций «Өз отбасында тәртіп жоқ адам мемлекетті тәртіпке кел­тіре алмайды» деген. Мемлекет ауыл­дардан, қалалардан, облыс­тардан құралады. Президент айт­қан­дай, әкімдер мемлекеттің жер-жердегі өкілдері болған­дық­тан, халық тарапынан айтылған әрбір сын-ескертпелерді шын қа­былдап, елмен алыспай про­б­леманы шешумен айналысқаны абзал. Сондықтан олар ұлтқа, руға бөлу емес, халық деген ортақ ұғым­ды ұстанып, жұмыс істесе, жаңа реформалардың жеңісі сол бо­лады. 

Қайрат БАЛАБИЕВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты,

«Amanat» партиясы фракциясының мүшесі